Қазақтардың саяси сана-сезімінің елеулі түрде өскенін қазақ зиялы қауым көшбасшыларының Ресей Мемлекеттік Думасының жұмысына қатысуынан көруге болады.
1905 жылғы тамызда II Николай патша Ресейдегі революциялық күштердің қысымымен империяның заң шығарушы және өкілетті органы ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифеске қол қойды.
Бірақ ол манифест бойынша Ресей империясының бірқатар халықтарының, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының да сайлауға және сайлануға құқығы жоқ болып шықты. Жергілікті билік органдарына сайлау науқанының алғашқы күнінен бастап-ақ қазақтарды «көшпелі және қаңғыбас бұратана халық» ретінде сайлауға үзілді-кесілді қатыстырмауға айрықша нұсқау берілді. Мұның өзі қазақтардың арасында бұрқ ете қалған наразылық пен ашу-ыза тудырды. Жергілікті халық өздерінің өкілдерін Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатыстыруды батыл талап етті. Өлкенің бүкіл аймағын түгел қамтып өткен қуатты наразылық толқыны патша үкіметін халықтың талабына құлақ асуға мәжбүр етті. Сонымен қазақтар сайлауға қатысатын болып шықты.
1906 жылғы I Мемлекеттік Думаға қазақтардан Торғай облысынан — Ахмет Бірімжанов, Уфа губерниясынан — Сәлімгерей Жантөре, Орал облысынан — Алпысбай Қалменұлы, Астрахан губерниясынан - Бақтыгерей Құлманов, Ақмола облысынан - Шәймерден Қосшығұлұлы, Семей облысынан — Әлихан Бөкейхановтар сайланды. Бұлардың барлығы да сауатты, халықтың сый-құрметі мен сеніміне бөленген зиялы азаматтар еді. Бірақ Ресейдің I Мемлекеттік Думасы небары 73-ақ күн жұмыс істеді. Депутаттардың көтерген бастамалары көңілінен шықпай, риза болмаған II Николай Думаны таратып жіберіп, қайтадан сайлау туралы жарлыққа қол қойды. [1]
Ресейдің 1907 жылғы II Мемлекеттік Думасының құрамына бұл жолы Қазақстаннан мына азаматтар сайланды: Ақмола облысынан — Шәймерден Қосшығұлұлы, Торғай облысынан - Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан - Темірғали Нүрекенов, Сырдария облысынан - Тілеулі Алдабергенұлы, Жетісу облысынан — Мұхамеджан Тынышбаев, Орал облысынан — Бақытжан Қаратаев, Астрахан губерниясынан — Бақтыгерей Құлманов. Алайда бұл Думаның да қызметі ұзаққа созылмады, небары 104 күн ғана жұмыс істеді.