1906 жылғы маусымда Семей қаласының жұмысшылары іс жүзінде түгелдей дерлік көтерілді. Оған орыс пен қазақ, татарлар да қатысты. Ереуілшілердің талабы жартылай да болса қанағаттандырылды. Ереуіл нәтижесінде қала халқы жиналыс өткізу бостандығын жеңіп алды. 1907 жылдың жазында Семей, Ақтөбе, Верный, Қостанай сияқты қалалар кәсіпорындарының жұмысшылары шеруге шықты. Қазақстандағы жұмысшылардың мұндай баскөтерулері мен ереуілдері, әсіресе теміржолшылардың арасында кеңінен қанат жайды. Революция жылдарында өлкедегі темір жолдарда пойыздардың жүріп-тұруы талай рет тоқтап қалды. Темір жол жұмысшылары 8 сағаттық жұмыс күнін ешкімнің, ешқандай әкімшіліктің келісімінсіз-ақ өз беттерімен орнатып алды. Олар алғашқылардың бірі болып жұмысшы кәсіподақтарын құрды. Жұмысшылардың бекеттерге, жол бөлімшелеріне, кейде тіпті бүкіл темір жолға басшылық жасауды өз қолдарына алған кездері де болды. Олар патша үкіметінің жазалаушы отрядтарына қарсы тұру үшін жауынгерлік жұмысшы жасақтарын құрды.
Қазақ халқының азаттық күресіне ХІХ-ХХ ғасырларда қалыптасқан қазақ зиялылары үлкен үлес қосты. Олар, атап айтқанда, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов және басқалар еді. Қазақ зиялыларының көшбасшылары халықтың саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында білімге деген құлшынысты ояту, сауатсыздықты жою қажет екенін түсінді. Қазақ зиялыларының бүкіл қызметі осы мақсатқа арналды деуге болады.
1905 жылы желтоқсанда Орал қаласында бес облыстан келген қазақ халқы делегаттарының съезі өтті. Ондағы мақсат кадеттер үлгісімен қазақтың саяси партиясын құру еді. Ол партия қазақ халқының ұлттық мүдделерін қорғауға тиісті болатын. 1906 жылы Семей қаласында қазақтардың съезі шақырылды. Онда қабылданған негізгі бағдарламада дін бостандығы, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселелері қамтылды. Съезге қатысушылар сонымен қатар қазақ балалары үшін мектеп, медреселер мен университет ашу, Қазақстанға Ресейдің ішкі жағынан шаруаларды қоныс аудару үрдісін шектеу талаптарын да көтерді.