І тарау. Қазақ хандығы дәуіріндегі ұлттық бірегейленудің философиялық негіздері сан-салалы тақырыптарды жинақтай келе зерттеуші И.Ч. Хаккулов
оның рубаиларын шартты түрде екіге бөледі. Біріншісі, дәстүрлі
тақырыпта жазылатын төрттағандар, ал екінші, белгілі бір жайттарға
байланысты жазылған рубаилар. Ғалым Бабыр шығармашылығында
осы екінші арнаның басым түсетінін ерекше атап көрсетеді [6, 175 б.].
«Бабырнамада» автор сырқаттанып қатты ауырып қалғанын
баяндай келе, мына рубаиды осы оқиғаға арнағанын жазады:
Күндіз күйіп, дене ыстығым артады, Түнде көзден ұйқым алыс қашады. Азап, төзім бойды аңдыса қалады, Төзім бітіп, азап асып барады [4, 256 б.].
Ойшыл ерлікті, батылдықты мадақтап, қоян жүрек қорқақтықты,
опасыздықты әшкерелеп көрсетеді. Патша тағына таласып, өзара
қырық пышақ болып қырқысып жатқан феодалдық соғыстардың
адам табиғатына жат, жиіркенішті жақтарын зор білгірлікпен
суреттеп көрсетеді.
Жиһанкез Бабыр өзі жүрген жерлердің табиғатын – тауларын,
өзендері мен көлдерін, орман-тоғайларын, аңдары мен құстарын
нағыз суретшіге тән шеберлікпен бейнелейді. Автор қара сөзбен
айтып жеткізе алмаған кейбір ғажайып көріністерді лирикалық өлең
жолдарымен суреттеп өтеді. Әлемге есімі мәшһүр шығыстанушы
ғалым, академик В.В. Бартольд «Бабыр-наменің» көркемдік
дәрежесін жоғары бағалай келіп, оны «түркі тіліндегі прозалық
шығармалардың ең жақсы үлгілерінің бірі» деген еді.
Бабыр өзінің туған бөлесі, қазақтың белгілі тарихшы-ғалымы
Мұхаммед Хайдар Дулати туралы да өз пікірін айтқан: «Хайдардың
әкесін өзбектер өлтірген соң, ол менің қарамағыма келіп, үш-төрт
жыл тұрды. Кейін рұқсат сұрап қашқарға, ханға кетті. Жұрттың
айтуы бойынша, ол енді бұрынғыдай емес, байсалды болып, дұрыс
жолға түсіпті. Қолы әрбір іске епшіл-ақ: жазуға да, сурет салуға да,
жебе ұстауға да ұста. Өлең сөзге де дарыны бар. Маған жазған өтініші
келген еді: сөз саптауы жаман емес» [4].
«Бабырнамада» тарихта болған көптеген көрнекті адамдардың
– қол бастаған батырлардың, ғалымдардың, сәулетші-шеберлердің,
ақындардың, тағы басқа өнер адамдарының бейнесі сипатталып,
тарихи адамдардың бәрі бір-бірімен шығарманың ең басты тұлғасы
– Бабырдың өзі арқылы байланысады.
Ұлы Абай, Шоқан Уәлиханов және Мұхтар Әуезовтер кезінде
«Бабырнаманы» ерекше зейін қойып оқыған, бұл еңбекті қазақ