3. Мұғалімнің өзін-өзі басқара білу шеберлігі, өзін-өзі қалыпқа келтіру техникасының негізі Педагогтың балалармен шынай достық қарым – қатынасын ешбір оқулықпен алмастыруға болмайды. «Адамның адамшылығы... жақсы ұстаздан болады» - дейді ұлы Абай атамыз. Мұғалімге үйретуге ең көнгіш кезіндегі адам сеніп тапсырылады. Мұғалім баланың білімін, икемділігін, мұратын және өмірлік мақсатын қалыптастырады, яғни оның қолында адамның өмірлік тағдыры тұр.
А.В.Луначарскийдің сөзі: «Егер алтын ісінің шебері алтынды бүлдірсе, онда алтында қайта құюға болады. Егер бағалы тас бүлінсе, онда ол құнын жояды, алайда ең бағалы деген гауhар тастың өзі жаңа туған адамнан қымбат емес. Адамның бұзылуы не үлкен қылмыс, немесе орны толмас өкініш. Бұл материалмен мүлтіксіз, одан не жасай алатыныңды күні бұрын біле отырып жұмыс істеу қажет».
Мұғалімдер үшін арнайы әзірлікпен жалпы білімдарлықпен қоса ойлаудағы икемділіктің, танымдық міндеттерді шығармашылықпен шеше білудің де маңызы зор. Мұғалім ойын қадағалау мүмкіндігі оқушылардың ойлау мәдениетін қалыптастырады. Жақсы мұғалім – ең әуелі қайғы қуанышқа ортақтасатын, парасатты әрі адал, балаларды құрметтей білетін және оларға ұқыпты қарайтын жақсы адам. Сонымен қоса мұғалім бейнесін көпшілік мақұлдаған ізгілікті жандардан тұратын, өзгермейтін модель ретінде елестетуге болмайды.
Адамға тән нәрсенің барлығы мұғалімге жат емес. Алайда мұғалімдер үшін өзін - өзі тәрбиелеудің кәсіптік педагогикалық өзіндік пайдалы төмендегідей сипаттарын білгені жөн.
Үйірсектік. Тұйық мұғалімге өзі мен шәкірт арасындағы өзара түсінушілік пердесін ысыруы оңайға түспейді. Оларға, үйірсек мұғалімдерге қарағанда шәкіртінің ішкі әлеміне енуі едәуір қиынға түседі.
Өзін - өзі ұстай білу. Өз көңіл – күйі мен сезімін меңгере білген мұғалім жоқтан өзгеге күйгелектенбейді, асығыс қорытынды мен ескертуді жасамайды, яғни орынсыз жазаламайды. Сондықтан “ауыр” амалдар әлсіз педагогтарға тән деп тектен тек айтпайды. Іскер мұғалімдер өзі қойған талабынан қайтпайды. Ол: тамшы тасты өз күшімен емес, өзінің жиі таматындығымен теседі, - деген мақалдың мәнін жақсы түсінеді.
Оптимизм және әзіл. Мұғалімнің өз пәнін терең меңгеру және оқушыларды құрметтей білуімен қатар орынды әзіл айта беруінде. Өте сыпайы, әрі орынды әзіл – тәрбие процесінің белсенділік катализаторы А.С.Макаренко педагогтарға балалар ұжымында сергек, қуанышты көңіл-күй туғызу, тәрбиеленушіге «оптимистік болжамда» қарау,яғни оқушының жақсы жақтарына сену және тәрбиеде соған арқа сүйеу қажет деп үйретті.
Сонымен, мұғалімнің жеке сапасымен және педагогикалық терең білімділігімен тұтасқан идеялық сенімділігі, оның кәсіби шеберлігінің берік іргетасын қалайды. Оқытқан мұғалім емес, қайтсе де оқытқысы келетін мұғалім, - деп тектен – тек айтылмаған. Нағыз педагогта жұмыс уақыты және бос уақыт деген болмайды. Ол әрқашанда балалар туралы ойлайды.
Мұғалімнің мақсаткерлігі – оның жеке басына тән қасиет. Педагогтарға мынандай критерий қолдануға болады: Сен неге талаптанғаныңды айтсаң, онда мен сенің кім екеніңді және қандай екеніңді айтамын.
Әрбір шәкірт өзіне үлгі – өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды. Осы тұста Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға», - деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?!
Мұғалімнің жеке басындағы үйлесімділігін көбінесе талапкершілігімен, көңіл-күйімен, парасаттылығымен, сенімділігімен, сақтығымен, қаталдығымен және жұмсақтылығымен айқындалады. Мұның барлығын мұғалім ешбір жерден таба алмайды, оны іс үстінде өзі мінез – құлқын тексеру арқылы ғана және үнемі өзін – өзі тәрбиелеу нәтижесінде ғана тани алады.
Өмірден алған тәжірибесі және білімі біркелі мол мұғалім өзінің қабілеттілігін оқушыларға үйрету, түсіндіру арқылы жеткізуге тырысады. Ол үшін мынадай үш маңызды қасиеттің болуы қажет. Біріншіден, балаларға білім беруге ынтызарлық, екіншіден, баланың психикасын жақсы түсіну, үшіншіден, керек жағдайда, баланың өзіне айналуға қабілетті, яғни баланың орнына өзін – өзі қоя білуі қажет. Педагог қажетті жағдайда өзін - өзі оқушының орнына қоя алуға қабілетті ме деген мәселе тәрбие үдерісі мен педагогтың кәсіптік шеберлігіне тікелей байланысты. Мұғалім қажетті жағдайда әртіс сияқты баланың бейнесіне көше білуі керек. Сонымен бірге, ол баланың толық сеніміне ие болып, оның қатарласы ретінде қалтықсыз сөйлеуге, сырласуға қабілетті болуы қажет. Педагог жұмысы мен актер жұмысының арасында ұқсастық та айырмашылық та бар. Баланың жан дүниесін егжей – тегжейлі игеру нәтижесінде онымен қатарлас ретінде қатынас жасау әрбір мұғалімнің қолынан келмейді.
Шын педагог өзінің эстетикалық сезімі жағынан әр кезде де өте сүйкімді болмақ. Керек жағдайда ол өзінің көңілсіз күйін жасырып, қуанышты, жайдары мінез – құлықты көрсетуге қабілетті болуы керек. Демек, тәрбиелік ситуация қажет ететін жағдайда мұғалімнің әртістік әрекетіне ұқсас қимыл жасауы педагог этикасы тұрғысынан қарағанда пайдалы да орынды.
Осы сынып оқушыларға алдында өз дене бітімін, қимыл – қозғалысын дұрыс, бағыттай білуі педагогикалық шеберлігіне тікелей байланысты.Қолайлы көңілді кездерді қолын кеудесіне келтіріп қошемет көрсету, сыныпқа кіруде,шығуда қолданылуы көңілге жылулық әкеледі. Дене қимыл – қозғалысын ұстай білуге жаттығу үшін дене шынықтыру мен айналысқан жөн. Сол сияқты өзін - өзі қабырғада тұрып жаттықтыру және өзін - өзі оқушы көзімен қарау керек. Мәселен, сөйлер алдында бір қадам ілгері жүру оқушылардың зейінін өзіне тартатын болса, бір қадам кейін шегіну азғана тыныс алып демалыс қалпын білдіреді.
Сонымен бірге мұғалім қарапайым әрі мәдениетті киіне білуге тиіс. Кейбір мұғалімдер алабажақ көйлек киіп, түрлі әшекей заттарды орынсыз көп қолданады. Өмірдің қыры мен сырын әлі жете түсінбейтін жеткеншек үшін бұлар өте зиянды. Оған еліктеген оқушының сабаққа ынтасы азайып, елден ерекше көрініп жүруді қалайды.
Олардың сұлулық, мәдениеттік жөніндегі түсініктері тар болғандықтан әр ұстаз эстетикалық талапты алдымен өзіне, сонан кейін оқушыларына қоя білген жөн. Тағы да бір айта кететін нәрсе мұғалімнің келбеті – көзқарасы, қас – қабақ қағысы т.б. Келбет дегеніміз: өзінің ойыңды, сезіміңді, көңіл – күйіңді білдіретін өнер. Оқушы мұғалімнің бет – пішінін, көзқарасынан айтайын деген ойды, мақұлдау немесе мақұлдамауды, қолдауды немесе қолдамаудан танып білуі.
«Көз көңілдің ажары» деген мақалдың айтылуынан аңғаруға болады. Қошеметтеуді білдірсе, күлімдеп сөйлеу, көздің кішіреюі дене қимылымен жымдасып, қуанышты жағдайды, көзді бадырайтып қарау, қабақты керу, қоштамауды, мақұлдамауды көрсетеді. Педагог жұмысының мұндай ерекшелігіне қарап мұғалімнің басқа адамдарға қарағанда мүлдем өзгеше болуға тиісті деп айтуға болмайды.
Дегенмен педагогтың кәсіби шеберлігі мұғалімнің сыртқы көрінісімен шектелмейді. Оның ішкі қасиетіне де көбірек мән береді. Оқу мұғалімнің рухани қасиеттерінің ішінде ең негізі орын алатыны оның педагогикалық білімінің көлемділігі мен тереңдігі болып табылады.