№ 3 (106) 2015
115
Балалар мен жасөспірімдерге арналған жылма-жылдық жабық бәйгенің ықпалы зор болды. Ал,
«Балдырған», «Ұлан» – ежелден балалар әдебиетінің көрігі, гүрілдеп тұрар ұстаханасы болды.
Мұзаффар Әлімбайұлының – Мемлекеттік, Марат Қабанбайдың – Андерсен атындағы халықаралық
сыйлық алуы, саланың ақын-жазушылары шығармаларының халықаралық кітап жәрмеңкелеріне
қатысып, бірсыпыра шетел тілдеріне аударылуы да – қазақ балалар әдебиеті өсуінің көрсеткіші еді.
Аталмыш проза саласының қарыштап дамыған кезеңінде балалар әдебиеті әлемінде өзіндік
қолтаңбасымен қалған Марат Қабанбайдың орны бір төбе еді. «Балалар жазушысының жаман жазуға
қақысы жоқ» [1, 177], – деген принципті ұстанған жазушының шығармалары оқырман қауымның
көңілінен мықтап орын алды. Оның өмірді көркем дүниеге көшірудегі өзіндік ізденіс машығы,
тапқан тәсілі, өзіне ғана тән шеберлік құпиясы аз емес. Марат Қабанбай шығармашылығы қазақ
балалар әдебиетіндегі повесть жанрының қалыптасу, даму кезеңімен астасып жатыр. Жазушының
шығармалары көптеген жабық, ашық бәйгелердің жүлдегері болғаны өз алдына, ең алдымен, оның
туындыларынан балалар өзін танып, құмарта оқиды. Жазушының алғашқы көркем шығармасы
«Сөну» атты әңгімесі 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған. Содан бастап тоқтаусыз
шығармашылық ізденіс пен еңбектің арқасында жас қаламгерден өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан
жазушыға айналды.
М. Қабанбай өзінің жас кейіпкерінің балалық іс-әрекеттерін, мінез-құлықын жалаң суреттеумен
ғана қанағаттанып қалмайды. Ол әлі дүниетанымы мен көзқарасы қалыптаса қоймаған, адам ретінде
буыны қатып, бұғанасы бекімеген жас кейіпкердің өзін мейлінше күрделі етіп суреттеуге тырысады.
Сөйтіп балаларға арналған шығарманың өзінде-ақ психологиялық реализм арқылы адамның жан
дүниесін ашып көрсетуді мақсат етіп қояды.
Жазушы өзінің шығармашылық тарихында «Арыстан, мен, виолончель және касапхана»,
«Бақбақ басы толған күн», «Туған жердің төрт мезгілі», «Жиһанкез Тити», «Қала және қыз
бала», «Еркін сабақ», «Сурет салғым келмейді», «Атлантиканың арғы жағы, бергі жағы» повесть,
әңгімелерімен қатар «Кермек дәм», «Айшылық алыс жол» романдарын жазды [2, 489-493].
Марат Қабанбайдың «Бақбақ басы толған күн» атты повесі балалар жазушысы ретінде алғаш
рет танытты. Жабық конкурста жүлде алған бұл туындыдағы бейнелі суреттермен бірге өмірге
еркелеп өсіп келе жатқан ауыл баласы Заманбектің жан дүниесіндегі қарапайым құбылыстарды
көркемдеп жеткізу Марат Қабанбай қаламына тән таланттан хабар бергендей еді. Кіші жастағы
балаларға арналған шағын повесте қазақ ауылында жиі кездесетін өмір шындығы, езу тартқызар
көріністер жетерлік дәрежеде берілген. Осындағы соғыс ардагері Қоқай бейнесіндегі өмір
шындығын жазушының әзілмен беру тәсілі сәтті шыққан [2, 3-58].
Марат Қабанбай шығармашылығының кейіпкерлері сәл тентектеу, ұрыншақтау, білетіні бар,
дүниетаным құштарлығы шексіз, біреуге көмек қолы әзір адал дос, әділ, жақсы бала тұратындығы
жазушының өзіндік бір ерекшелігі деуге болады. Кейіпкерлердің көбіне әр түрлі әрекет арқылы
ситуацияда көрінгенімен, олардың түп негізі тазалықты аңсау, ізгілікті көксеу мұраттары бала
қиялынан туындап жататындығы жазушының дара кейіпкер жасаудағы тапқыр шешімі болып
табылады [3, 96].
Марат Қабанбаевтың жазушылық тағы бір ерекше қыры – юморында. «Пысық болдым, мінеки»
повесіндегі оқушы бала Досан Асылтаев «мазасыз, қырсық» жан болып көрінеді. Әйтсе де оның
жұртқа тосын, оқыс көрінер қимыл-қарекеті, сөздерінің түп-төркіні намысқойлықта, адалдыққа,
әділдікке деген құштарлықта жатыр [4].
Жалпы қазақ балалар әдебиетіндегі мейлінше шынайы жаңа баланың алғашқысы болып
Бердібек Соқпақбаевтың Қожа кейіпкері тұр. Марат Қабанбайдың кейіпкерлері, ең алдымен,
Қожаға ұқсайды. Сонан кейін барып әлем әдебиетіндегі әйгілі кейіпкер балаларға ұқсайды. Бұл
уақыт, кезең, орта, қоғам қалыптастырған ерекшеліктер деуге болады.
Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы өзінен кейін балалар әдебиетінде өзіне ұқсай туған көп
баланың келуіне шығармашылық тірек болды. Балалар әдебиетінде жетпісінші жылдардағы
кезеңде, яғни Марат Қабанбай шығармашылық ортаға бет бұрған тұста кішкентай Қожа бейнелері
жаңа бір сапада, ендігі уақыт шындығы аясындағы сапада көрініс бере бастады. Бірақ олардың
бойындағы көп сипаттары Қожаның сезімталдығы, досқа адалдығы, еркелік пен естілігі, еліктегіш,
намысшылдығы, әділетсіздікке төзбейтін бірбеткейлігі сияқты мінездерінен бастау алатын еді.
Марат Қабанбайдың бала кейіпкерлері Қожадан гөрі ғылыми-техникалық өрістің, ғаламдану
құбылысының тіршілік айналымына түсе бастауы белгілі бір кезеңнің шынайы өкілдері ретінде
қарастыруға болады. «Атлантиканың арғы беті, бергі беті» атты шағын әңгімедегі Ақан соның
|