Түйін сөздер: Араб халифаты, араб географы, түрік тайпалары, тарихи-географиялық деректер,
мұсылман мәдениеті.
Араб халифаты дәуірінде арабтардың Шығысты жаулап алуы, синкретикалық мұсылман
мәдениеті мен ислам дінінің ықпал өрісін кеңейтудегі белсенділігі, мұсылман дүниесінің саяси ше-
карасынан тыс жатқан алыс аймақтарымен сауданың дамуы Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның
көршілес елдері және алыстағы халықтар мен тайпалар туралы ақпарат жинауға құлшындырды.
Арабтардың орта ғасырлардағы тарихнамасының Қазақстан аймағына ерекше ден қоюы олардың
Орта Азиядағы жаулап алған жерлерін нығайту және қазақ жеріндегі жауынгер көшпелі тайпаларынан
сыртқы қауіпсіздікті қамтамсыз ету қажеттігімен де байланысты болды [1, 82–85 бб.].
Қазақстан тарихындағы түркі дәуірі деп есептелінетін VII ғ. екінші жартысынан бастап түркі
әлемінің шекарасы оңтүстік-батыстан арабтар жетекші рөл атқарған мұсылман әлемінің шекарасы
түйісті. VII-VIII ғғ. – мұсылман әлемінің кең қанат жайып, ислам дінің әлемдік діндер қатарына
қосылуымен ерекшелінеді. Ислам дінінің таралуы жаулап алулармен, соғыстармен қатар жүргізілді.
Сөйтіп, VIIІ ғ. Екінші жартысынан бастап Мауереннахр жерінде алғаш рет екі әлем – түркі және
мұсылман әлемдері бетпе-беи келді.
IX-X ғғ. Араб халифатындағы мәдениет пен өнердің дамуы мен гүлденуіне өз кезегінде та-
рихшылар мен географтар да үлес қосты. Олар Орта Азия, Түркістан (кең мағынада) Қытай және
басқа да елдер туралы, олардағы мекендеген тайпалар мен халықтар туралы арнайы тарихи немесе
географиялық сипаттағы көлемді еңбектер жазғанадықтан да Х ғасыр – мұсылман әдебиетінің «ал-
тын ғасыры» деп аталады [2,103 б.].
Түркі тайпалары жөнінде құнды мәліметтер қалдырған араб географы Ибн әл-Факихтің (ІХ
ғасырдың аяғы – Х ғасырдың басы) «Елдер туралы әңгімелер кітабы» (Китаб ахбар әл-булдан) атты
еңбегінің орны ерекше. Ибн әл-Факихтың шығармасы бір жағынан географиялық, екінші жағынан
көркем-әдеби сипатта жазылған. Ибн әл-Факихтің географиялық еңбегі шамамен 903 жылы
құрастырылған және 5 томнан тұрған. Бізге оның қысқартылған нұсқасы 1022 ж. аш-Шайзари мен
1885 ж. де Гуенің атақты «Араб географтарының шығармалары» атты еңбектері арқылы жеткен
[1,3,4,5].
Ибн әл-Факих кітабын көбінесе өзінен бұрынғы авторлардың (әл-Жахиз, Ибн Хордадбех, әл-
Жейхани) шығармаларын негізге ала отырып құрастырған. Онда Азия мен Шығыс Еуропаның
көптеген елдері туралы тарихи-географиялық материалдар жинақталған. Ибн әл-Факих еңбегінің
түріктер тарауында түрік тайпалары (қарлұқтар, кимектер, қыпшақтар, оғыздар, тоғыз-ғұздар және
басқалар) туралы, олардың елдері, қалалары, сауда жолдары, орналасуы, шарушылық және мәдени
қызметі туралы құнды мәліметтер келтіріледі.
Ибн әл-Факихтің аталмыш еңбегін көптеген авторлар пайдаланды. Соның бірі араб жағрафиялық
әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі «Муʻджам әл-булдан» («Елдер сөздігі») еңбегінің авторы
Йақұт әл-Хамауи (XIII ғ.). Ибн әл-Факих еңбегінің екінші бөлімінің толық редакциясын қамтитын
Мешхед қолжазбасының табылуы және оған жүргізілген талдаулар Йақұттың Ибн әл-Факих
еңбегінің толық нұсқасымен, барынша ертеректегі қолжазбасымен таныс болғандығын айғақтайды.
|