№ 3 (106) 2015
49
Әлемдегі екінші ұстаз әл-Фараби «өткенді білмей, болашақты болжау қиын» деп айтып
кеткен. Демек баянды болашаққа ұмтылмастан бұрын өткен заманға назар аударуға тура келеді.
«90-жылдары қазақ елі ежелгі арманына қол артқанда, тарихи роман тың серпін танытып, мұның
алдындағы туындыларда жеріне жеткізе қазылмаған, аршылмаған көп-көп жаңалық, ақиқаттарды
бүкпелемей, сыздықтатпай, бар дауыспен ашық айтып берді. Бұл ретте алдымен ауызға алынатын
шығарма – жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» роман-дилогиясы» [1, 50]. Бұл аса көрнекті
сыншы-ғалым Шериаздан Елеукеновтың қарымды қаламгердің төл туындысына берген бағасы.
Романда жоғарыда айтқан «батырлар ғасыры» суреттеледі. XVIII ғасыр батырлар ғасыры екені
даусыз. Автор өзінің төл туындысында: «...Бұл күнде азаматтың абыройы ата даңқымен емес, ақ
білектің күші, ақ найзаның ұшымен өлшенеді...» [2, 10] дейді. Жазушы Қабанбай батырды бас
қаһарман ретінде көрсетіп, басқа да тарихи тұлғалардың реалистік бейнесімен қатар сол дәуірдің
тұрмыс-тіршілігін сипаттайды. Жазушы үшін тарихи шындықтың қаншалықты маңызды екенін
мына бір сұхбатынан аңғаруға болады: «...Шығыс Қазақстан облысы, Семей облысының шығыс
жағы, Талдықорған облысы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан түгел 40-50
жыл бойы жоңғарлардың табанында жатты. Кәдімгідей салық төлеп, бодан болып тұрды. Соны біз
намыстанбай, ашып көрсетуіміз керек...» [3, 13].
Аты аталған аймақтарды азат ету үшін бар күш-жігерін жұмсаған Абылай ханның еңбегі
зор. Қытайдың тарихшы-ғалымы профессор Су Бихай өзінің «Қазақ мәдениетінің тарихы» деген
кітабында: «Жоңғар қалмақтарымен болған ұрыста ұзақ жылдық қидаласқан қан кешуде Абылай
алысты болжайтын көреген саясатшы ретінде жетіліп шықты, сондай-ақ, ірі шайқастарға төтеп
беретін қуатты қазақ қолын жасақтады. 1740 жылы оның қол астында 30 мың әскер болды. Осы
әскерге басшылық ететін қолбасшылардың бәрі де исі қалмақ пен қазаққа белгілі батырлар еді.
Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамсасында»: «Абылай дәуіріндегі батырлар мен әскери сардарлар
Қаракерей Қабанбай, Алтыбай, Ақтанберді, Еспенбет, Матай Шөнекей, Керей Жәнібек, Борақ
Бантай, Қанжығалы Бөгенбай, Бәсентейін Малайсары, т.б батырлар. Олардың бәрі жау-жаламда
батырлығымен көзге түсіп, ел құрметіне бөленген жандар. Солардың ең атақтысы Қаракерей
Қабанбай батыр» ... [4; 293].
Тарихшылардың бұл пікірі Қабанбай және өзге де батырлардың халықтың қиялынан туған
қаһарман емес, өмірде болған шынайы батырлар екенін дәлелдей түседі. Демек, туындының
кейіпкерлеріне роман желісі бойынша реалистік көзқараспен талдау жасап, мінезедеме бере аламыз.
Жаугершілік заманда барлық салмақ ақ білек пен ақ найзаға түсті. Ал ақ білек пен ақ найзаның
иесі батырлар екені анық. Даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбай бар өмірін аттың жалында
жүріп, туған жерін қорғаумен өткізді. Сондай-ақ батыр боп жауға шауып қана қоймай, маңызды
бас қосуларда небір аузы дуалы билермен қатар дауға да түсіп отырған. 1748 жылы мамыр айында
әдеттегідей ежелгі ата салты бойынша көктемде Әбілмәмбет ханның ордасында хан кеңесі өтеді.
Бірақ бұрынғыдай емес Ұлы Орданың құзырында тек Орта жүз ғана қалған. Ұлы жүз Жоңғарға,
Кіші жүз руларының дені Әбілқайыр ханға еріп Ресейге бағынышты болған. Әз-Тәуке аруағын
сыйлаған жұрт әлі де Әбілқайыр басқарып отырған орданы ортақ шаңырақ деп білетін.
Хан кеңесіне Алаш жұрты тұтастай жиналмаса да ежелгі ата салтын бұзбай ұлы жүзден жасы
сексеннен асқан Төле би, Кіші жүздің Тама, Табын, Алшын, Жаппас руларының батыр билері
жиналады. Әрдайым Абылай туының астынан табылатын батыр, жырау, билер де осында. Алқалы
жиында Қазақ ордасының ішкі-сыртқы жағдайы, Жоңғар хандығымен ара-қатынас, көші-қон
мәселесі талқыланып, бәтуа жасалады. Орақ тілді шешендер сан алуан пікірлер айтады. Қабанбай
да Әбілмәмбеттен рұқсат сұрап, өз ойын ортаға салады. Даңқты қолбасшы Әз-Тәукенің көзін
көрген Төле биден сөз артылмағанын айтып, ел үшін, жер үшін қолда барын құрбан қылып, өз
бақытынан бас тартуға әзір екенін жеткізеді: «...Дұшпан астыңдағы атыңды сұраса, аяма. Қамбар
ата аман болса, тұлпар тумай қоймайды. Дұшпан қойныңдағы қатыныңды сұраса да, таршылық
етпе. Өйткені, елің аман болса, сен үшін тағы бір сұлу бойжетеді. Тек дұшпанға бір сүйем жер
беруші болма! Өйткені халық көбейгенмен, асыраушы жер ана үлкеймейді!...» [2, 18] деп бабалар
сөзінен мысал келтіріп, ел қорғаған батырлардың жер дауы мен жесір дауын қуған барымташыға
айналып кеткенін қатаң сынға алады.
Қазақ-қытай қатынасында тарихта «Мамырсу келісімі» деп аталатын жаңа кезеңде Абылай хан
бастаған сұлтандар, батырлар қытай елшілерімен кездеседі. Кездесу барысында екі ел арасында
өткен жылы болған түсініспеушілік талқыланып, қақтығыстың шығуына не себеп болғаны
түсіндіріледі. Генерал Жау Хой Қазақ ордасының тәуелсіздігіне қол сұғылмайтынын айтып, тек