№ 3 (106) 2015
109
Бұл әрі естірту, әрі жоқтау, демек, нағыз фольклорлық сарынның қаймағы. Өйткені фольклор
өмір мен өлімді біртұтас көреді, даналық ишара арқылы адам санасына оң әсер етуді көздейді.
Бұл романда «аруақ», «аруақ жебейді», «Тәңір иемнің бізге қылған көмегі» [4, 154] сияқты иісі
қазаққа тән ұғымдар жиі ұшырасады.
Фольклорлық есімдерді қолдану қазақ жазушылары үшін кеніш көзіндей. Көсемәлі
Сәттібайұлының «Жаралы жапырақтар» атты повесінде бұл тәсіл теңеу түрінде көрініс тапқан: «...
дәріс оқитын қаңбақ шал сияқты қағылез мұғаліміміз» [5, 7]
Жазушы осы повесте хисса қылып Әбу Ханифа-Имам Ағзамның арықтың суымен ағып жеткен
бір қызыл алманы рұқсатсыз жеп қойғаны үшін өкініп, бағбанды іздеп баратын ғибратты аңызын
қоса келтіреді. Мақсат ислам аңызы арқылы имандылықты уағыздау, адамдардың жүрегіндегі
тазалық пен адалдықты ұлықтау болып табылады. Фольклорлық сарын бұл орайда адамшылық
қағидаларды дін бәрінен биік қоятыны үшін алынған.
Зерттеуші ғалым Рахманқұл Бердібай: «Көркем шығармаларының даму, жетілу, жаңа сапаға
көшу тарихы фольклор мен жазба әдебиеттің өзара байланысы мен бір-біріне ықпалының замандар
бойында үзілмей желі тартып келгенін дәлелдейді. Түрлі халықтарда тарихи-әлеуметтік жағдайларға
қарай кейде осы арна қатарласа дамыған, қайсы бір кезде осылардың біреуі алдыңғы шепке шығып
отырған. Сонымен қатар, осы екі көркемдік ағынның жалпы даму бағытында ортақ заңдылықтар
бар. Ол ауызша әдебиет дәстүрлерінің бірте-бірте жазба дәстүрге ауысу, ұласу тенденциясы», – деп
жазады. Осы жағынан алғанда ұлттық бейнелеу өнерінде Ұмай, Көкбөрі, Пырақ, Қорқыт, Желмая,
Шалқұйрық, Самұрық, айдаһар, Қыдыр ата, төрт түліктің пірлері, бақсы, ажал, Жер-Су сияқты
фольклорлық образдар сарыны мол ұшырасады.
Фольклордың әдебиет пен өнер үшін темірқазық, шегі жоқ тұңғиық архетип екені бесенеден
белгілі. Мәдениетте фольклорлық астар ешқашан таусылмақ емес. Мысалы, бұрынырақта ресейлік
кинорежиссер Тимур Бекмамбетовтың «Түнгі аңдуыл» атты фильмі ерекше кассалық фильм
болуымен атағы шықты. Осы фильмнің сценарий авторы Александар Лукьяненко қазақстандық
жазушы. Фильмде ол қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымына қатысты образдарды көркем
пайдаланған. Мысалы, аруақ бейнесі. Қазақтың «Аруақ атады» деген халықтық ұғымы бар.
Аруақты сыйлау, аруақтан қорқу ежелден ата-бабаларымыздың дүниетанымы болып келді. Міне,
еуропалықтар үшін осы тектес фольклорлық сарын фильмнің әсерін күшейтуге септігі тигені рас.
Түйіндей айтқанда, қазіргі мәдениеттегі фольклорлық кейіпкерлердің қолданылуы жаңа
көркемдік жүйеде барынша жаңғырып, поэтикалық ізденістердің ажырағысыз бөлігіне айна-
лып отыр. Ол сөз өнерінің жанрлық түрленуімен қатар фольклордың сан қатпарлы мифтік және
архетиптік қабаттарын қазіргі қаламгерлер тарапынан көркемдік концепцияларын айшықтауда
кеңінен қолданудың тиімділігін дәлелдеуде.
Достарыңызбен бөлісу: |