Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
108
Бұл расымен қаны қазақ жазушылардың талайына тән басты дүниетанымның алтын қазығы.
Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза, Дүкенбай Досжанов, Оралхан
Бөкей проза жанрында аңыздық, фольклорлық сарындарды қолдануды ерекше биікке көтере білді.
Кейінгі буындар аға буыннан үйренді. Қазақ әдебиетіне 1960 жылы жарқырап келген осы топ
шынтуайтында қазақ прозасының алғашқы қарлығаштары, жол бастаушылары Мұхтар Әуезов,
Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов сынды алыптардан үлгі алды. Мағжан Жұмабаев пен Ілияс
Жансүгіровтың жырларында аңыздық-фольклорлық сарын ерекше қуатты күшпен жырланды.
Жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы «Көкбөрілердің көз жасы» атты тарихи романның авторы. Роман
атауының өзінен фольклорлық-тотемдік сарын көрініп тұр.
Романдағы Сәуке бақсы аю мініп жүреді. Фольклорлық үлгіде құлан мінетін ер кездескенмен,
аю мінген адам жоқ. Бұл енді автордың қиялы немесе, көнеден жеткен аңыз. Сәуке бақсының аюға
неге үйір болатыны туралы ой мына тұста айтылады: «...бұл кісіні кішкене кезінде аю алып қашып
кетіп, алдыңғы жағын жалап, белін бүкір қылған екен. Кейін елдер сол аюдың ішін жарып, аюдың
ақ дәрісі дегенмен емдегенде белі жазылыпты. Содан бері бұл кісіге аю да тиіспейді екен» [4, 173].
Сәуке бақсы өзін қызыл көз Сәуке деген шайқымын деп атайды. Ел болса оны аю жын, қызыл
көз Сәуке бақсы деп атайды. Романның 39 бетінде Сәуке бақсының жыры берілген.
...Сыйынған пірім, сен – Тәңір.
Аю пірім, ау, пірім.
Сексен сегіз құмарлым,
Тоқсан тоғыз тұмарлым.
Бұл кәдімгі ислам дәуіріне дейінгі түркілік өмір салт-дәстүріне лайық бақсы сарыны, немесе
бақсының сарнауы, кітапта ұзақ толғау арқылы берілген. Жын шақыру, жындарды сөз сиқырымен
бағындыру, Тәңіріден медет тілеу бақсы ойынының мазмұны болып табылады.
Осы мезетте Мағжан ақын жырға қосқан «Қойлыбайдың қобызы» ойымызға оралады. Жазушы
Сәуке бейнесіне тек бақсылық қана емес, абыздық, «Көзі отты, тілі уытты, қысты күні үй маңына
түлкі ойнатып, бөрі ұлытып қоятын, иығындағы екі аршын құсы дүниенің екі шетінен хабар беріп
тұратын, қырық бір қырсықты алдын-ала білетін» [4, 41] көріпкелдік қасиетті қоса дарытқан. Оның
аю мініп, қызылкөзденіп жүруі дәруіш-дуаналық мінезді де еске түсіреді. Дуана елден ерек көрінетін
жан. Жұрт күйттеген нәрсені ол қабылдамайды. Сәуке аюын арқандап қояды. Оның үріккен елдің
жұртынан тауып алған қызы Ұлтуғаш әкесі мінетін аюды «қара жын» деп атайды.
Тұрсынхан Зәкен фольклорлық сипатты романның философиялық мазмұны қоюланарда, адам
тағдыры шешілер тұста кең пайдаланады. Мысалы, Сәуке бақсының қызы Ұлтуғаш әрі сұлу, әрі
ақылы көркіне сай ару болып өседі. Қыздың көңілі Сарал атты жігітте. Сұңғыла қыз өзіне хан ұлы
Күшліктің көзі түскенін іші сезді. Не істеу керек? Қызының қобалжулы ойын ұққан Сәуке бақсы
былай ақыл береді: «Қарағым, қызға қырық кісі сөйлеседі деген. Шын көңіл қалаған кісің Сарал
болса соның етегінен ұста». Мұның жолын да әке қызына үйретеді: «Өз қалауымды бер десең саған
құда түсіп жүрген қырық жігітті қыр басына шақырып, жамбы аттырып мергендігін сына. Бойында
қаны, кеудесінде жаны болса Сарал да қарап тұрмас. Оның түспесі бар. Ал бұл өңірде оның алдына
түсіп садақ тартатын ешкім жоқ!».
Ерте замандардан бері қыз үшін ер жігіттер осылай бақ сынайды, батырлықтан озып шыққаны
еленеді. «Алпамыс батыр» жыры мен Одиссейдің садағы туралы аңыздан бұл сарын кейінгі
әдебиетке жетті. Роман соңында Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының өлімі туралы аңызды
жазушы шебер пайдаланады. Ол қазаққа аян, Ақсақ құлан аңызы, фольклорлық діл, кейіпкерлері
көшпелі өркениеттің аты әлемге кеткен тарихи тұлғалары болғанмен, халықтың көркем жады күйші
мен домбыра, құлан арқылы мәңгілікке мұра етті.
«Ақсақ құлан» күйінің авторы найман Кетбұға делінеді. Автор қазақтың фольклорынан етене
таныс өлең жолдарын романға тұтас енгізуді де ұмытпайды. «Балаң өлді – Жошы хан, / Балаң өлді
– Жошы хан», бұл домбырадан шыққан үн, аңызда соның үшін домбыраның көмейіне балқытылған
қорғасын құйылған делінеді. Кетбұғаның абыздық мінезбен психологиялық параллелизм арқылы
қаһарлы Шыңғыс ханнан именбей айтқан өсиет-басу жыры көнеден халық жырында бар:
«Теңіз бастан былғанды,
Кім тұндырар, а ханым?!
Терек түптен жығылды,
Кім тұрғызар, а ханым?!».
|