Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
358
алмады. Осы кезде Шығыс Түріктің Ел қағаны табғаштарға әскери қысым жасап Чан-аньның
іргесіне дейін келіп қайтты. Осылайша, Шығыс пен батыстағы іргелі елдерге өзінің күш-қуатын
таныта отырып, Түркі қағанаты «Ұлы жібек жолын» өз бақылауында ұстады.
«Жібек жолы» тек сауда жолы болып қана қалмастан, көптеген мәдениеттердің, жаңашыл
идеялар мен ой-пікірлердің, ғылымның, әскери өнердің, діннің шығыс пен батысқа таралу жолы
болды.
Мұның бәрі Түркі қағанатының жай ғана көшпенді қағанат болып қалмастан, өз кезіндегі әлемдік
даму үдерісінің алдыңғы легіндегі ел екенін көрсетеді. Құдды Л.Н. Гумилев атап көрсеткендей:
«Түріктердің қоғамдық өмірі мен әлеуметтік институттарының күрделі түрлері қайран қалдырады:
ел, меншіктің сатылық жүйесі, шендер иерархиясы, әскери тәртіп, елшілік дәстүрі, сондай-ақ көрші
отырған елдердің идеологиялық жүйелеріне қарсы қоятын, мұқият әзірленген дүниетанымының
болғандығы таң қалдырады»[11, 4-5].
Өзінің әскери әлеуетін арттыруға ұмтыла отырып, Түркі қағанаты «Мәңгілік ел» құрудың
жолын іздеген. Түріктің қағандары оңтүстіктегі Табғаш елімен сан түрлі байланысты жолға
қойып, олардан келетін қауіп-қатерді де жақсы сезген. Әйгілі Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк
ескерткіштерінде VII ғасырдың 30-жылдарының басынан 80- жылдарының басына дейінгі 50 жылда
Тан империясының бодандығында болу себептерін қорытындылай келе, түркі халқына қуатты ел
болудың жолын нұсқайды. «Бұл жазуларды оқи отырып, байырғы түркі өркениетінің экономикалық,
геосаяси, әлеуметтік, дүниетанымдық құндылықтарын, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатында
қастерленген ұстанымдарын қаз қалпында тануға болады»[12,135] . Түркі елін, мемлекеттілігін
Аспан мен Жердің ортасында адам баласы жаралғаннан бастайды. Ту ертеден келе жатқан елміз,
сол үшін мәңгілік ел болып тұруға қақылымыз дегенді айтады. Бұл ретте киелі Тәңірге, оның
еркіне сиынады. Түркі халқын, мемлекетін жойылудан сақтап қалған құдіретті Тәңірді еске алады.
«Жоғарыда Түркі Тәңірісі, Түркінің киелі Жері, Суы былай депті: Түркі халқы жойылмасын деп, Ел
болсын деп әкем Елтеріс қағанды, анам Ел-білге қатұнды Тәңірі төбесіне ұстап, жоғары көтерген
екен...Тәңірі күш-қуат бергені үшін әкем қағанның әскері бөрі спетті болды, жаулары қой спетті
болды» [13,173-174]-дейді.
745 жылы Екінші түркі қағанаты жойылып, оның орнына Біріккен Түркі (Ұйғыр) қағанаты
келді. Осы кезде Қытайдың Тан әулеті құлдырауға бет алды. Бұған себеп сыртқы жақта Араб
империясының соққысы болса (Атлақ шайқасы), ел ішінде 755 жылы Ань Лушань, Сы Шиминь
бастаған әскери ақсүйектердің императорға қарсы көтерілісі еді. Міне, осы көтеріліс кезінде Бөгу
қаған бастаған түркі қосындары Чан-аньға басып кіріп, Тан империясының шығыс және батыс екі
астанасын көтерілісші армидан тазалап, Тан әулетінің билігінің сақталып қалуына көмектесті. Бұл
жағдай көне түріктердің осы кезде өзге елдердің саяси жағдайына өзінің әскери әлеуеті арқылы
әсер ете алатындай дәрежеге жеткенін көрсетеді.
Бірақ кейін келе бас-аяғы мың жылға созылған көне түркілердің дәурені аяқталды. Орхон Ұйғыр
мемлекеті жойылғаннан кейін, мемлекеттің билеуші табы Орта Азияға қоныс аударды. ІХ ғасырдың
орта шенінде Шу бойында жаңа мемлекет Қараханиттер мемлекеті құрылды. Қараханиттер дәуірі
түркілік мәдениет пен исламдық мәдениеттің бір бірімен тоғысу кезеңі болды. Нәтижесінде көне
түркілік құндылықтар мен дәстүрлердің орнына исламдық құндылықтар сіңіп кіре бастады. Өзінің
географиялық орналасуы бойынша да Оңтүстік Қазақстан мен Мауреннахр өлкесі ислам мәдениеті
мен көне түркілік мәдениеттің шекарасы әрі тоғысу аймағы болды. Ертеден Көк Тәңірге сенген
түркілер ислам дініндегі Құдайды (Алланы) тез қабылдады. Өйткені Алланың да сипаты жоқ еді.
Ол да түркілердің Тәңірі секілді Көкте немесе адамдардың арасында, жүрегінде еді. Түркі баласын
Тәңір төбесіне көтеріп «Ел» етсе, мұсылмандарды да Құдай, Алла тағала қолдаған еді. Сөйтіп,
Еуразияға, Африкаға қанат жайған ірі империя қалыптасқан еді. Ерлікті ту еткен түркілер бұл
құдіретке шынымен тәнті болды және Аллаға мінәжәт келтірді. Өйткені Алланың образы олар
үшін Көкте тұрды. Бұл жағынан олардың сенімі мен исламдық итыхат сәйкес келді. Сол себептен,
Алланы өздерінің бұрынғы Тәңірінің орнына қойды. Қысқасы ортаазиялық түркілер исламды
тез қабылдап, исламдық құндылықтарды түркі құндылықтары ретінде қадір тұтты. Соңынан осы
құндылық үшін «ісін, күшін берді». Осы аралықта түріктердің ел басқару дәстүрі мен әскери өнері
араб мәдениетімен ықпалдаса дамыды.
VIII ғасырдың аяғы мен IX ғасырдың басында, ислам дінін қабылдаған түркі және парсы
халықтарының әскери-саяси белсенділігі бірінші орынға шығып, ислам тарихында үлкен рөл
ойнады. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы түркілер Қара хан мемлекетінің кезінде ислам дінін
|