№ 3 (106) 2015
557
Қолданыстағы технологияның үнемі жаңарып өзгеріске түсуі және сұранысқа ие болуы,
одан шығарылған өнім сапасының артуы мен көп түрлілігі – осы технология шығарушы елдердің
жағымды имиджін қалыптастырады.
Осы тұрғыда Еуразиялық экономикалық одақ елдері, оның ішінде Қазақстанда әлемдік даму
үрдісінен қалып қоймас үшін технологиялық парктерін үнемі жаңарту, жетілдіру жолын іздейді.
Бұл олардың келешекте бәсекеге түсу, сыртқы технологиялық және тауар интервенциясына қарсы
тұра алатын мүмкіндігін арттырады.
Қазақстан қазіргі уақытта индустрияландыру үдерісін шапшаңдатуға, жаңа технологияны
өндіріске енгізуге мүдделілік танытып отыр. Бұл Қазақстанның әлемде дамыған отыз елдің қатарына
қосылуын ғана емес, келешек даму жолын айқындауына мүмкіндік береді.
Еуразиялық экономикалық одақ қазіргі кезеңде әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа
қарамастан, посткеңестік кеңестіктегі қолайлы даму жолы болып отыр. ЕАЭО елдерінде, әсіресе,
Ресейдегі экономикалық жағдайдың қиындауы, уақтыт өте келе шешілетін мәселе. ЕАЭО қатысты
қайшылықты пікірлер болғандығына қарамастан, Қазақстан Президенті бұл мәселеге нақты және
айқын жауап берді. Әсіресе, көпшілікті алаңдатқан мәселе, экономикалық одақ саяси сипат алып
кетпейді ме. Егер саясиланып кетсе, Қазақстан өз тәуелсіздігінен айрылып қалмайды ма деген
сұрақтар жиі көтерілген болатын.
Н.Назарбаев «Бұрын да айтқанмын, тағы да қайталаймын, ұйымның саясилануына жол
берілмейді. Шекара қорғау, миграциялық саясат, қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі секілді бағыттар,
сонымен қатар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық
құқық салаларының ешбірінің бұл экономикалық интеграцияға қатысы болмайды. Тәуелсіз
мемлекет ретінде біз барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен белсенді қарым-
қатынасымызды жалғастыра береміз және одақ бұл тұрғыда бізге кедергі келтірмеуі тиіс»
[10]
.
Бұл өткір мәселеге қазақстандық саясаткерлер, саяси партия басшылары да арнайы акцент
жасап өтті. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б. Байбек «Еуразиялық
кеңістіктегі ықпалдастықтың бастамалары Қазақстан Президентінен өрбігенін қазір бәрі біледі.
Содан бері бұл жобаның өміршеңдігі мен өзектілігін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Көптеген
әлемдік зерделі зерттеушілердің өзі посткеңестік кеңістікте ықпалдастық тудырған негізгі күш –
Қазақстан Президенті екенін бүгінде сөзсіз мойындап отыр, – дей келіп Еуразиялық экономикалық
одақ құру туралы шарттың ерекшеліктеріне тоқталды.
Бірінші, Еуразиялық экономикалық одақ саяси бірлестік болып табылмайды. Шарт тек
экономикалық ықпалдастық мәселелерін ғана қамтиды.
Екінші, Еуразиялық экономикалық одақты құру КСРО-ға қайта оралу емес. Тараптардың
теңдік, тең құқылық және ұлттық мүдделерін ескеру қағидаттары барынша қамтамасыз етілген.
Үшінші, Шартқа сәйкес, біздің үшінші бір мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен
келісімшарт жасасуымызға ештеңенің де тиым салмайтыны қарастырылған.
Төртінші, Қазақстан Одақ органдарына тиісті деңгейде көрініс таппақ. Одақта екі тұрақты жұмыс
істейтін орган – Еуразиялық экономикалық комиссия және Сот болады, оларда тараптар теңдігі
қамтамасыз етіледі [12].
ЕАЭО құрамындағы мүше елдерінің дамуы мен интеграцияның тереңдеуіне ықпал ететін
бірлестік. Ол келешекте Қазақстанның әлемдік кеңістікте ықпалды, қуатты мемлекетке айналуына
мүмкіндік тудырады.
Достарыңызбен бөлісу: |