6.2. Мектептің тәрбиелік жүйесінің негізгі компоненттері
Тәрбие жүйесі тұлғаның бойындағы мәдени құндылықтарды қалыптастыратын жүйелі үдеріс, ал тәрбиелік жүйе тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ететін жағдаяттар, оқыту үрдісі, тәрбие үрдісі, тұлға аралық қатынас, әлеуметтік орта, басқару жүйесі, тәрбиенің мақсат, міндеттері, мазмұны, т.б. қамтиды. Қазіргі таңда педагогикада тәрбиелік жүйенің бірнеше қалыптасқан жүйесі бар. Олар А.С.Макаренконың, В.А. Сухомлинскийдің, И.Г.Николаев, Л.И.Новикованың, В.А. Караковскийдың т.б.жүйесі теориялық тұрғыда негізделіп, практикалық тұрғыда іс-тәжірибеге енгізілген.
ТМД кеңiстiгiнде бiлiм мен тәрбиенiң негiзiн салушы А.С.Макаренко “Адамдарды қоршаған орта тәрбиелейдi. … ең әсерлiсi адамдардың қарым-қатынасы, әсiресе ата-аналар мен ұстаздардың ықпалы ерекше… Анағұрлым қиын тиетiн қайта тәрбиелеу жұмысына оралмау үшiн әуелде дұрыс тәрбие беруге тырысу керек”,-деп тәрбиенi отбасынан бастап дұрыс жолға қою қажеттiгiн, бала тәрбиесiнде негiзгi рольдi ата-ана мен ұстаздар атқаратынына тоқталады. А.С.Макаренконың ұсынған педагогикалық жүйесі негізінен тұлғаның бойындағы ерік, жігер, сенім, патриоттық құндылық, т.б. қалыптастыруда ұжым арқылы ықпал ету, тұлғаның жас және дара ерекшеліктерін ескере отырып, еңбекке баулуды алға қояды.
Мектептегі тәрбие жүйесін құруда осыдан жарты ғасыр бұрын А.С.Макаренко негізін қалаған тәрбие ортасы бүгінгі жаһандандыру үрдісінде де негізін жойған жоқ. А.С.Макаренконың негізгі принципі – тұлғаға сену, сеніп тапсырмалар беру арқылы оның ішкі жан дүниесіне ықпал ету.
Мектептегі тәрбие жүйесі – тұлғаның әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыратын, оқушыны тәрбиелеуге байланысты педагогикалық мақсат пен міндеттерді реттейтін әлеуметтік педагогикалық нысан болып табылады.
Л.И.Новикованың тұжырымы бойынша кез-келген тәрбие жүйесі төмендегі мүмкіндіктерді қамтиды:
– тәрбие үрдісін ұйымдастырудың мазмұнын айқындайтын тәрбие кешені;
қойылған міндеттерді орындауға жағдай жасайтын материалдық база;
тұлғаның жан–жақты дамуына, өмірлік іс-әрекеттерін ұйымдастыруға бағытталған тәрбие үрдісі;
тәрбие субъектісі ( тәрбие үрдісіне қатысатын мұғалім, оқушы және ата-ана).
Қазақтың көрнектi ағартушы-ғалымы М.Жұмабаев тәрбиенi екi бағытта дене тәрбиесi және жан тәрбиесi, - деп ұсынады. Тән құрылысы биологиялық заңдылықтар, жан тәрбиесi – тәрбиелiк тәлiмнен нәр алады. Адам тәнiнiң физиологиялық өсу кезеңдерi оның тәрбие жүйесiнiң негiздерiн жасайды. Адамның өсу жолындағы әрбiр кезеңнiң өзiне тән тәрбие әдiстерi бар.
Сонымен қатар, тұлға ретiнде қалыптастыру үшiн төмендегi тәрбие түрлерi толығымен қамтылуы керек екенiне тоқталады.
«Тәрбие төрт түрлi: дене тәрбиесi, ақыл тәрбиесi, сұлулық тәрбиесi һәм құлық тәрбиесi. Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегiс берiлсе, оның тәрбиесi түгел болғаны. …Балам адам болсын дейтiн ата-ана осы төрт тәрбиенi дұрыс орындасын», - деп баланың дұрыс жолда болуына жоғарыдағы тәрбиелер дұрыс болғанда ғана жақсы нәтижеге жететiнiне тоқталады.
Ж.Аймауытов бала тәрбиесiне ықпал ететiн «замандастары (құрбы-құрдастары), туған ауылы, өскен ортасы, оның дiнi, тiлi һәм басқа да нәрселер» дей келе, негiзгi тәрбие құралы ол өнеге дейдi.
«Баланы бұзуға, яки түзеуге себеп болатын бiр шарт жас күнде көрген өнеге. Ол өнеге әке-шешенiң тәрбиесi арқылы қалыптасады. Ата-ананың берген тәрбиесi баланың мiнезiне салған iзге байланысты. ….Сүтпен сiңген мiнез сүйекпен кетедi деген сөз ата-ана тәрбиесiнiң күштiлiгiн көрсетедi…» – деп баланың жан-дүниесiн қалыптастыруда отбасы, әулеттiң ықпалының мол екенiн көрсетедi.
В.Харламов тәрбие жүйесін қатынас тұрғысынан қарап, адамгершiлiк қатынас, ақыл-ой қатынасы, эстетикалық қатынас, дене қатынасы тұрғысынан бередi.
Ал, И.П.Подласый тәрбиенi мәдениет тұрғысынан қамтиды яғни, адамгершiлiк мәдениет, ақыл-ой мәдениетi, эстетикалық мәдениет, дене мәдениетi тұрғысынан қарастырады.
Ал республикадағы бiрден-бiр тәрбиенiң негiзгi орталығы болып табылатын Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ бiлiм академиясының Тұлғаны әлеуметтендіру орталығының ғылыми қызметкерлері «Қазақстан мектептеріндегі тәрбие жүйесі» және “Тәрбие үрдісі мен оқушылардың тәрбиелік деңгейін бағалаудың өлшемдері” атты ғылыми-зерттеу жұмысы егемен еліміздің білім беру жүйесінде тәрбие мәселесін жетілдіруге арналған іргелі жұмыс болып табылады.
«Тәрбие жүйесі – адамның сағат сайынғы дамуына жағдай жасайтын қарым-қатынастар мен әрекеттердің жиынтығы, мектеп ұжымының жалпы адамзаттық мәдени құндылықтарды меңгертіп дамытады. Қазақстандық патриотизмді қалыптастырады. Тәрбие жұмысының құрылымы күрделі, оған өзара бір-бірімен байланысты тәрбие жүйесі (қызықты іс-шаралар, акциялар) барабар қойылған мақсат, сол арқылы білім саласындағы дидактикалық жүйені, білім мазмұнын, оқу үрдісін, оны ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері кіреді», - деп атап көрсетеді. Тәрбие жүйесі авторлар ұсынғандай тек Қазақстандық патриотизмді ғана қалыптастырып қоймайды, жүйе тұлғаның құндылықтарын дамытуға және қалыптастыруға бағытталады.
И.Г.Николаевтың «Тәрбие жүйесін үлгілеудің педагогикалық жағдайлары» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде тәрбие жүйесінің негізгі компоненті тұтас педпроцесс тұрғысында іске асады.
Сонымен қатар оқушылардың тәрбиелік деңгейлерін айқындауда С.Д.Поляковтың еңбектері де негізгі орын алады. Білім беру мекемелерінде тәрбие жүйесі – тұтас педагогикалық жүйе түрінде қамтылады. Педагогикалық жүйе–дидактикалық жүйе (білім, білік, дағдыны қалыптастыру) немесе ұйымдастырушылық (өмірлік іс-әрекетті реттеу, ұйымдастыру, басқару) мен тәрбие жүйесінің (тұлғаны дамыту) бірлігін қамтиды .
Л.И.Новикованың ғылыми мектебінің тұжырымдамасы бойынша негізделген тәрбие жүйесі тәрбиенің негізгі құрауыштарынан мақсат, міндет, мазмұн, іс–әрекеттерден, тәрбиенің негізгі компоненттерінің өзара ықпалдасуынан, ұжым және ондағы психологиялық ахуал кіріктіру сипатымен ие болатын тұтас әлеуметтік ағза деп жүйе деп айтуға болады.
Мектептің тәрбиелік жүйесі – мектептің тұтас әлеуметтік-педагогикалық құрылымы және баланың әлеуметтенуі мен дамуының мақсатқа бағытталған факторы. Тәрбие жүйесі – ұжым, ұжымдық қатынастар және қоршаған ортаның бірлігінен тұрады. Тәрбие жүйесі алға қойған мақсаттар жиынтығы негізінде іске асады.
Қазіргі таңда мектептегі тәрбие жүйесінің негізгі құрылымы - мектептегі, сабақ үстіндегі, сабақтан тыс уақыттағы, мек-тептен тыс уақыттағы, cыныптағы, сыныптан тыс, қоғамдық ұйымдардағы және қоғам, мектеп, ата-аналар бірлестігінде т.б. іске асырылады, бір-бірімен сабақтастықта және жүйелі түрде байланысады.
Тәрбие жүйесіне – тәрбие ісінің мазмұны, құрылымы мен қолданудың әдіс-тәсілдері және білім беру үрдісінде қолдануды ұйымдастыру істерінің жиынтығы болып табылуымен қатар, тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің өзара қарым-қатынасына құрылған сабақ үстіндегі және сыныптан тыс жұмыс түрлері сабақ, үйірме жұмыстарды, кештер мен жарыстар, байқаулар т.б. енеді.
Оқушыларға тәрбие беруде мектептегі әр қызметкерлердің өзіндік атқарар міндеті бар. Ол әр қызметкерге мектептің жарлығына және ішкі жағдайды орындау ережесіне сәйкес жүргізіледі. Біз мектепте тәрбие беру мәселесін шешу барысында әр қызметкердің орындайтын міндеттеріне тоқталатын болсақ, мектеп директорының патриоттық тәрбие беруде төмендегі іс–шараларды басқару негізгі болып табылады:
тәрбие беруге жалпы басшылық жасау, қызметкерлердің міндеттерінің айқын болуын қадағалау;
тәрбие беруге байланысты шыққан үкімет және ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан шыққан құжаттардың орындалуын қадағалау;
тәрбие берудің мазмұнына, іс-шараларына талдау жасау, жақын және алыс уақытта іске асатын шараларды жоспарлау, бекіту;
тәрбие жүргізуге байланысты алдыңғы идеяларды жинақтау, сұрыптау және мектептегі шараларға байланысты пайдалана білу;
мектептегі тәрбие беруде ортасын ұйымдастыру, қажетті материалдық тұрғыда қамтамасыз ету;
мектептегі қоғамдық ұйымдар, қоғамдық қозғалыстардың оқушылардың құндылықтарын қалыптастыруға жағдай жасау;
жоғары сынып оқушыларына болашақ әскери міндеттерді орындауға байланысты құжаттарды таныстыру, әскери міндетін орындауға байланысты іс–шараларға бейімдеу.
Достарыңызбен бөлісу: |