КІРІСПЕ Зерттеудің өзектілігі. Функционалды лингвистиканың қарыштап дамуына байланысты сөйлеу етістіктерінің қызметін оқып-үйренуге деген қызығушылық артып отыр. Сөйлеу етістіктері зерттеушілер тарапынан етістіктер семантикасының жалпы жүйесіндегі маңызды желі ретінде танылып келеді. Біздің зерттеуімізде сөйлеу мәнді етістіктер тарихи дамуы, мағынасы, лексика-семантикалық топтармен салыстырылуы, етістіктер аясындағы көп қырлылығы, семантика-синтаксистік, тіркесімділік ерекшеліктері, тұлғалық әралуандығы, әрбір жазушы тіліндегі өзіндік қолданысы жағынан қарастырылды.
Кез-келген тіл бірлігінің (лексикалық, грамматикалық) толық қыры немесе жеке тұрғандағы байқалмайтын мағынасы сөйлеуде ашылады. Яғни сөйлеу актісі, сөйленім тіл бірлігі үшін жұмсалатын орта болып табылады. Жеке тіл бірліктерінің жұмсалу мүмкіндігі толықтай осы ортада ашылады. Әрбір тіл бірліктерінің өзінің жеке жұмсалымы болады. Сөйлеу мәнді етістіктер морфологияда елеулі орын алады. Сонымен қатар, көп мағыналы болғандықтан грамматикалық қызметі де әр түрлі болып келеді.
Сөйлеу мәнді етістіктер қазақ тіл білімінде етістіктердің ішіндегі ең үлкен семантикалық тобы болып табылады. Соның ішінде қазақ тіліндегі жалпы мағыналы сөйлеу етістіктері өз алдына үлкен семантикалық топ құрайды. Олар дифференцияланған мағыналы жалқы сөйлеу етістіктерінен өзінің модальды-бұйрықты, эксперссивті-эмоционалды бояуларымен ерекшеленеді.
Сөйлеу мәнді етістіктердің қолданыстық сипаты мен қызметтік аясы, семантика-синтаксистік, сондай-ақ, тіркесімдік ерекшеліктері, экспрессивті-эмоционалдық қызметі кең тұрғыда қарастырылуы керек. Етістік тұлғаларының бұл түріне лексика-семантикалық та, грамматикалық сипат та тән. Оларға салт-сабақты етістік, етіс, болымсыз етістік жатады. Етістік ірі сөз табы ретінде басқа сөз таптарынан өзіне тән морфологиялық, семантикалық белгілерімен ерекшеленеді. Өйткені, көне заманның өзінде етістік дамыған функциялық тұлғалар жүйесі бар (етіс, рай, шақ, жақ категориялары) сөз табы болды.
Ал сөйлеуді іске асыру үшін түркі тілінің етістігі категориялар тұлғасының кем дегенде екеуін меңгеру қажет. Сөйтіп, функционалдық тұлғалар сөйлеуде етістіктің қызметін қамтамасыз етіп, сөйлем құрамында етістікті басқа сөздермен байланысқа түсіреді. Бұл тұлғалар шартты түрде екі топқа бөлінеді предикаттық тұлғалар, предикаттық емес тұлғалар. Түркі тілдерінде екі топ тұлғалары бір-бірінен өзгешеленбейді, тек бір-біріне ауысады. Тек предикаттық тұлғалар үшін абсолютті уақыт, әрекеттің болмысқа сөйлесуге қатысушыларға қатынасы көрінісі тән, ал предикаттық емес түлғалар мұның бәріне бейтараптық танытады. Предикаттық тұлғалар етістік-баяндауыштың бастауышпен өзара байланысы үшін қызмет етсе, предикаттық емес тұлға етістікті сөйлем ішіндегі басқа сөздермен байланыстырады, белгілі мөлшерде сөйлемнің тұрлаулы мүшесі баяндауышқа тәуелді етеді. Лингвистикалық сөздікте: «Грамматикалық тұлға – грамматикалық мағына өзінің қалыпты көрінісін (стандарт) табатын тілдік белгі. Әр түрлі тілдерде грамматикалық тұлға өз көрінісін аффикс, фонемалық кезектесу (ішкі флекция) екпін, қайталау (редупликация), көмекші сөздер, сөз тәртібі, интонация арқылы табады» ,-деп анықтама берілген [1,56]. Олай болса, сөйлеу мәнді етістіктің тұлғалық көрінісі ең бастысы аффикстер арқылы беріледі. Сөйлеу мәнді етістіктің грамматикалық қызметі алуан түрлі, сөйлеу мәнді етістіктердің қолданыстық сипатын, қызметтік аясын, семантика-синтаксистік, тіркесімділік ерекшеліктерін, тұлғалық әр алуандығын кең тұрғыдан қарастыру бүгінгі тіл білімінде өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |