Зейін — адамның психикалық әрекетінің белгілі бір нәрсеге бағытталып шоғырлануы. Адам өмірінде зейіннің алатын орны зор. Әсіресе, таным процесінде, білім алу ісінде маңызы ерекше. Шәкірттің сабақты түсіне қоймауы, есінде дұрыс сақтай алмауы, тапсырманы орындауда қате жіберуі оған дұрыстап зейін қоймаудан болады. Түйсік – адамның және басқа жан иелерінің жан қуатынан туындаған танымдық сезімі. Түйсік айналадағы нәрселердің сезім мүшелеріне тікелей әсер етіп, олардың жеке қасиеттерінің санада таңбалануы. Түйсік заттардың түр-түсін, ыстық-суығын, дәмін, иісін, т.б. сипаттары мен қасиетін ажырататын дүниетанудың алғашқы сатысы. Қабылдау – ақиқат дүниедегi заттар мен құбылыстардың сезiм мүшелерiне тiкелей әсер етiп, тұтастай заттық түрде бейнеленуi.Егер түйсiк сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының жеке қасиеттерi мен сапаларының миымызда бейнеленуi болса, қабылдау заттар мен құбылыстардың мида тұтастай бейнеленуi болып табылады. Есте сақтау — жадында түту. Ес үрдістерінің бірі, жаңадан түсіп жатқан ақпаратты жадыға енгізуді белгілейді. Есте сақтау динамикасын психодиагностикалау әдістемесі — адамның есте сақтауының динамикалық сипаттарын анықтауға көмектесетін психодиагностикалық әдістемелер, көбіне бұл әдістемелер адам қаншалықты тез есте сақтайтынын және ақпаратты өндеуін анықтайды.Түрлері:қысқа мерзімді есте сақтау,сенсорлық есте сақтау,ұзақ мерзімді есте сақтау,жедел жад. Ойлау-сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Ойлау сезім мүшелері арқылы алынған мәліметтерді өңдейді. Ой – сыртқы дүниені бейнелеудің ең жоғарғы формасы, сөз – ойды басқа адамдарға жеткізетін құрал. Қиял - жанның өзінде бұрыннан бар суреттелулерден жаңа суреттелулер жасай алуы қиял деп аталады. Қиял дегеніміз сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының субъективтік образдарын қайтадан жаңартып, өңдеп, бейнелеуде көрінетін, тек адамға ғана тән психикалық процесс. Сөйлеу – адамдардың тіл арқылы басқа адамдармен қарым-қатынас жасау әрекеті. Ойымызды басқа біреуге жеткізуде көрінетін жеке адамдың дербес әрекетін сөйлеу деп атайды. Сөйлеу анатомиялық мүшелердің қатысуымен іске асқанымен, негізінен кісінің психикалық қабілетіне, қоғамдық тәжірибесіне сүйенеді.Сөйлеу үшін жұмсалатын тілдік амалдар ұзақ ғасырлар бойында кісілердің пікір алысу тәжірибесі үстінде қалыптасқан. Сезім — адамдардың бір-бірімен қатынас жасау қажеттігінен туындайтын және біртіндеп дамып қалыптасып отыратын жан қуаты. Мәселен, достық, адалдық сезімдері, адамда бірден қалыптаса қоймайтын белгілері. Ал, эмоция болса, адамның түрлі органикалық қажеттіліктеріне байланысты оқтын-оқтын туып отыратын, кейде шағын, кейде күрделі, ситуациялы көріністері. Мәселен, адам қуанғаннан немесе қамыққаннан козіне жас алады, не болмаса бір нәрсеге мәз болып шек сілесі қатқанша күледі, әрине мұндай жағдайдың ұзаққа созылмайтыны белгілі. Бұл сезім мен эмоцияның бірінші ерекшелігі. Аффект — адам көңіл-күйінің кенеттен өзгеріп, әсерленуі (долдану, үрейлену, т.б.). Жас балаларда жиі кездеседі. Аффект кезінде оқыс қимыл-қозғалыстар (ерекше мимика, ым-ишара) жасалып, қатты дауыс шығады (айқайлау, жылау). Мыс., тынышсызданудан басталған қорқу сезімі үрейленуге ұласып, Аффект дәрежесіне жетеді. Қуаныш кернеген немесе қайғы-қасіретке душар болған ересек адамның да жан толқынысы Аффект түріне өтуі мүмкін. Аффекттің сыртқы белгілері адамның өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. Аффект ұзақ уақыт бойы бойын билеп алған адамның сыртқы түрі өзгеріп, жүйке ауруына шалдығуы мүмкін.