Таным мен практика қашанда бірлікте. Ең бастысы шындық, оны практика ғана көрсетедi. Шындық дегеніміз – біздің санамызда қалыптасқан ойдың объективтік нақтылығы. Дүниенi ұғыну алдымен: эмоция, сезiну, сезiм (адамдар мен жануарлардың өз айналасындағы ортамен қарым-қатынасы негiзiнде пайда болатын шағын ситуациялар, көңiл-күйлер), ес-жад, нану, сенуге байланысты. Адам – тану арқылы білімін кеңейтеді. Таным дегенiмiз – өмiр шындығын жай селқос аңғарып қана қою емес, оны қызу түрде. мақсатқа сай бейнелеу, iс-әрекетке араластыру. Білім ақпаратқа байланысты, ал адам білімі ақпараттан алынады. Ақпаратты білімге айналдыратын, адамның сезімі мен ақыл-ойы. Біздің танымымыз үшін субъект қана қажет емес, сондай-ақ объект қажет. Олар бір-бірімен өзара әрекетке түседі:
Субъект – адамның биологиялық емес, әлеуметтік мәнін білдіреді. Ол практикалық іс-әрекет пен білім иесі. Индивид, әлеуметтік топтар, таптар және тарихи нақтылы қоғам - объектіні өзгертудің белсенді көзі.
Объект - табиғат, қоғам, қоғамдық қатынастар, яғни, объект дегенiмiз – материалдық ақиқатты дүниенi практикалық және теориялық тұрғыдан нақты тарихи іс- әрекет барысында субъекті игерген бөлігі. Мысалы, электрон Демокрит заманында да нақты бар болғанымен, адамның ол кезде электронды өз ойы мен әрекетінің объектісі ретінде айтуға қабілеті болмады.
Қоғамның тарихи өзгеруi объектiнiң де, субъектiнiң де өзгеруiне алып келедi. Екеуiнiң жетiлу дәрежесi де, сәйкес: зерттеудiң танитын объектiсiне қарап субъектiнiң кiм екенiн айтуға болады: “досың қандай болса, өзiң де сондайсың” деген осыдан шығады. Метафизикалық материализм, идеализм олардың диалектикалық байланысын, тарихи қосарлана дамуын ескермейтіндіктен субъектiнi жай қабылдаушы не ешбiр шектеуi жоқ белсендi таным иесi деп көп қателерге ұрынады. Субъектінің әсер ететін объектісі де қоғамдық сипатқа ие болу үшін, адамның практикалық қызметінде көрінуі керек. Осы қызметтің арқасында мәдениет жасалады, ал білім – сол мәдениеттің элементі болып табылады.
Сана танымның нәтижесі ретінде екі дәрежеде қаралады:
Сезімдік таным (тікелей аңғару).
Рационалдық таным (абстрактылық ойлау).
Философия тарихына үңілсек, бiлiмдi сезімдік дәрежемен шектеу немесе сенсуализм (лат. sensus - сезім, түйсік) жаңа заман философы Джон Локктан басталады. Ол: «Ақылда ештеңе жоқ, білім тек сезім арқылы өткенде пайда болады» – деген ілімін ұсынған. Локк: “Әуел баста сезiмдерде болмаған нәрсе парасатта болмайды”, - дедi. Локктың бұл ілімін өзінен гөрі, оның жолын жалғастырушылар терең зерттеді. Олар XVIII ғ материалистері Дидро, Гольбах, Гельвеций болды.
Эмпиризм (гр. empeiria – тәжірибе деген сөз) – бiздiң бiлiмiмiздiң қайнар көзi – сезiмдiк тәжiрибе, адамның түйсiктерi мен қабылдауларынан пайда болған деректердi ретке келтiредi. Эмпиризм қазiргi кезде неопозитивизм формасында өмiр сүредi. Неопозитивизмде ойды сезiмдiк тәжiрибелермен салыстыру арқылы тексередi. Егер тәжiрибе, бiлiм немесе логикалық сараптау арқылы дәлелденсе немесе терiстелсе (верификацияланса), онда ол ғылымға жатады да, қалғандары жалған болып шығады. Неопозитивизмді, Беркли мен Юм, – соңғы субъективтік идеализмде, ақыл-ой білімді түйсіктен, жай сезiнуден алады деген пікір айтып, түйсіктен ары бара алған жоқ.
Сезімдік дәрежеде болатын құбылыс үш түрлі болады: түйсік, қабылдау, елестету. Дүниені бейнелеудің алғашқы түрі – түйсік, - ол объективтік заттардың, құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер еткен кездегi жеке қасиеттерінiң (ыстық-суық, дәмді-қышқыл, т.б.) бейнесі. Объективтік дүниенің біздің санамыздағы субъективтік бейнесі. Түйсіктер біздің барлық білімдеріміздің қайнар көзі. Олар сезім мүшелері арқылы - көру, есту, дәм, иіс, терімен сезіну ретінде пайда болады: көру - әртүрлі түр мен реңін, жарықтың күштілігін, т. б. толып жатқан қасиеттерін айырады. Есту - серпінді ортаның дыбыс тербелістерін ажыратады. Дәм мен иіс – құбылыстардың химиялық қасиеттерін бейнелейді. Тері арқылы әртүрлі механикалық және температуралық қасиеттердi ажыратамыз.
Түйсік (сезіну) өзінің түрі жағынан субъективтік, оның себебі – пайда болуы субъектінің сезім мүшелерінің қызметімен байланысты. Түйсіктің мазмұны – объективтік, себебі ол заттардың объективтік, бізден тәуелсіз қасиеттерін бейнелейді. Сезімдік танымның күрделі түрі - қабылдау. Ол жеке заттар мен құбылыстардың сыртқы көрінісін, бағытын толық бейнелейді. Қабылдау жеке адам білімінің дамуында, танып-білу барысында ерекше саты болып табылады.