2.3. Адамның рухани әлемі. Сана
Сана - ғажап дүние. Бүкіл өнер, дін, әдебиет, философия техника әлемі және ғылым, адам санасының нәтижесі. Сана - құдіретті күш, әлемді билейтін де сана. Сана бүкіл философияда, ғылымда және дінде әртүрлі ой-пікір туғызып, оларды бір-бірімен салыстырып қояды. Сана – дүние, қоғам, адам, т. б. материя жүйелерінің бәріне нұр төгіп тұр.
Сана қалай пайда болады? Бұл туралы ғылымда пікірталас көп. Адам баласына ой қалай келеді және рухани дүние мен денелік дүниенің арасындағы айырмашылық қандай? Жеткілікті білім болмағандықтан, алғашқы адамдар сананы адам денесінен бөлек өмір сүретін «жанның» қасиеті дейді. Мысалы, қазақтар оны шыбынға теңеп, жан ұшып жүреді, бақыттың болуы, оның қонуына байланысты деп санаған. Діни-идеалистік түсініктерде осы дәстүр сақталып, сана материалдық емес, «жан» субстанциясының көрінісі, ол жалпы алғанда материядан (мидан) тәуелсіз өмір сүретін, өлмейтін және мәңгілік құбылыс деп есептеледі.
Танып-білудің алғашқы негізі ретінде «жан» туралы идея ежелгі заманнан келеді: түс көру, талып қалу, өлім барысын, түрлі таным және эмоциялық ырықтың процестерін табиғи себептермен түсіндіре алмағандықтан, адамдарда әрқашан жалған көзқарас көп болды. Ұйқы кезінде жанның денені тастап, түрлі жерлерде болуы – періштелер мен жын шайтандарды “көріп” қорқу, бірдемелерге сену әсерінен туатын осы құбылыстар шынайы өмір сүреді деп есептелді.
Алғашқы грек философтары космостың өзін тірі организм - адамнан тәуелсіз, өзінше өмір сүреді деп санаған. Сана тікелей ғарыштың нәтижесі, бірыңғай, өзінің мәнінде бүтін, бөлінбейтін, Құдайдың ақылына байланысты туады деп есептелді. Тейяр де Шарденнің теориясы бойынша сана – адамнан жоғарғы мәні, мидың, материяның ішкі жағы. Орта ғасыр философиясының өкілі Дунс Скоттың пікірінше, тіпті таста ойлай алады-мыс. Мұндай көзқарасты гилозоизм (hule- материя, zoe- тіршілік) дейді.
Фрейд бойынша психика үш қабаттың қосындысы: 1. «Мен» адамның санасы, психиканың барлық құрамындағы бөліктерінің арасындағы келістіруші. 2. «Ол» (оно) - санасыздық әлемі, онда адамның жасырын ойы, арманы, тілегі бар. 3. «Шектен тыс - Мен» - жеке адамдарға қысым жасап, әсер ететін сыртқы орта, «сыртқы цензура»: заңдар, тыйм салу талаптары, мораль, мәдениет дәстүрлері. «Мен» өзіне «Оны» бағындыруға тырысады. Бірақ бұл жерде нәтижеге сирек қол жетеді. Әдетте «Ол» жасырын немесе ашық түрде «Менді» бағындырады. Фрейд мұны былай суреттейді: ат және оның үстіндегі адам, Адам «Мен» - атты бақылайды, әмір береді, ал ат (Ол) болса адамнан басым, себебі оны алып бара жатыр. Кейде адам бақылауды жоғалтып алғанда, ат оны ала жөнелді, қайда алып кететіні белгісіз.
Адам психикасын анықтаушы факторлар: негізгі фактор - қанағаттану, адам психикасын басқарады және бағыттайды. Көңіл көтеру - психикадағы компас секілді, қалай болғанда да, көңіл көтеруге жол іздейді. Психикада қабылданбайтын, тыйм салынған тілектер мен идеяларды (қоғамға қарсы істерді, жыныстық қатынастарды) ығыстырады. Санасыздыққа ығыстырылған, сыннан (цензурадан) өтпеген тілектер, ойлар сублимацияға ұшырайды, яғни «рұқсат етілген» әлеуметтік әрекет типіне өтеді және мәдени шығармашылық болып өзгереді.
Сана ми арқылы пайда болады. Адам ақыл-ой арқылы пайымдайды, жоспарлайды. Ми - материя. Ми жануарларда да бар. Жануарлардың өмірі спонтандық емес, өзінің санасына бағынған, мәні бар. Жануарлар өз тәжірибелерін жинақтап, оны ебін тауып қолданады. Жануарлардың бірқатар әрекеттері күрделі, әрі саналы болады. Бұл негізінен жоғарғы сатыдағы мысық, ит және приматтарда айқын көрінеді. Жануарларда өздеріне тән «мораль», тәртіп, жетекшілік-бағыныштылық қатынастар, күрес жолдарын саналы таңдау бар. Инстинктің өзі де тек туа біткен емес, өмірде пайда болған, яғни өмірде игерілген тиімді әрекеттердің сана деңгейінде сақталып отыруы.
Ми – дегеніміз – шындықты психикалық бейнелеудің жоғарғы формасы болып саналатын сана органы. Қазіргі ғылымда адам миы екі үлкен бөлшектен тұратындығын айтады, мидың оң және сол жақ жарты шарлары. Сол жақ - адамның көтеріңкі күйіне, қуанышына жауап береді, өнер иелерін - суретшілікті, әншілікті, жазушылықты оятады. Оң жақ: уайым, үрейлену, ренжуді туғызады, ғылыми ойлар, теория мен тұжырымдамалар жасауға жетелейді.
Сананың пайда болуының екі жағы бар: биологиялық шарттары, әлеуметтік негізі.
Биологиялық шарттарға:
Маймыл тәрізді хайуанаттардың, адамға аз да болса ұқсас биологиялық түрдің пайда болуы.
Бастағы ми, нерв жүйесінің күрделенуі. Екінші сигналдың - объективті затты алмастырушы субъективтік бейнелердің сырт белгілерінің (дыбыс, қимыл, т.б.) дамуы.
Дене құрылымы, тік тұрып жүруі, аяқ-қолдарының жетілуі, қолдың босап, ойда туғандарды істе тексеру мүмкіндігінің артуы.
Әлеуметтік негізге:
Еңбек құралдарын жасап, заттарды өңдеу күштің көбеюі.
Сөз, тілдің пайда болуы. Еңбек құралдары табиғатта дайын түрде жоқ, оны жасауда жас ұрпаққа үйрету, тілді жетілдірудің қажеттілігін тудырады. Сөз өз кезегінде абстракциялық ойлауды (бейнелермен алдын-ала мида жұмыс істеу) дамытады.
Адамдар арасындағы материалдық, рухани қатынастардың жетіліп, сүйіспеншілік, өзара көмек, келісе шешуі өседі.
Адам санасынан тыс өмір сүретін құбылыстардың - өндіріс, отбасы, ұлт, тіл, т. б. әлеуметтік құрылымдардың күрделенуі, әртүрлі ілімдердің пайда болуына әкеледі.
Тірі материя мен өлі материя арасында табиғи байланыс бар, ол барлық материяға тән – бейнелеу қасиеті. Бейнеулеу (шағылысу – отражение) заттар мен құбылыстардың жан-жақты байланысы (тікелей немесе аралық заттар мен құбылыстар арқылы) мен әсерлеуінің салдары. Дүниедегі көрінген заттың өзгерісі барлық басқа заттардың өзгеруіне әкеледі. Әрбір зат сол өзгерудің ізін өз бойында сақтайды, соған сәйкес өмір сүру тәртібін түзетіп отырады, сөйтіп қоршаған ортаға бейімділігін байқатады. Бейнелеу – әрекеттескен заттардың құрылымдық деңгейіне тәуелді болғандықтан, оны механикалық, физикалық деп ажыратып қарауға болады. Бейнелеудің екі түрі бар: 1) Изоморфизм (гр. ioog - бірдей форма) - объекті мен оның бейнесі арасындағы айнымас ұқсастық. 2) Гомоморфизм (гр. бір, тең) - объекті мен оның бейнесі арасындағы ұқсатық дәлме-дәл емес, мөлшерлі, жоба түрінде болуы.
Бейнелеудің жоғарғы түрі биологиялық түрлерде қалыптасады. Зат алмасу бар жерде, тіршілік өмір бар. Физиологиялық процесс, тірі организмнің өмірі тітіркенуден басталады (бір клеткалы құрылымдар, өсімдіктер дүниесі). Тітіркену ең қарапайым және жабайы организмдерден бастап, барлық тірі организмдерге тән қасиет.
Психикалық (жүйке жүйесі). Жеке сезім мүшелері арқылы бір нәрсенің жеке қасиетінің бейнесі пайда болады. Оны – түйсік (ощущение) дейміз. Объект келбетінің пайда болуын, шындықтың толық бейнеленуін, қабылдау деп атайды. Елестету дегеніміз – еске байланысты түйсік пен қабылдаудың бергенін мида сақтап, жаңғырту. Түйсік –қабылдау, елестету, бейнелеудің идеалдық түрі. Бірақ олардың барлығының шығар көзі материалдық. Сана материяның туындысы болғанымен материалдық емес, идеалдық. Оның себебі: бейне зат емес, ол әркімде әртүрлі және тарихи өзгеріп отырады. Бейне мидағы физиологиялық процеске де тең емес (оларды теңестіретіндер бар, оларға тұрпайы материалистер жатады). Сөздің де материалдық жағы (белгісі) және идеалдық жағы (мәні-бейнесі) бар. Сөйлеу мен ойланудың да айырмашылығы осындай: ойлау – ұшқыр болады, сөйлеу - материалдық болғандықтан, оған ілесе алмайды.
Адам ойлауды, елестетуге сүйеніп жүргізеді. Елестетуде заттың негізгі және негізгі емес қасиеттері ажыратылады, ой негізгілерінің арасындағы тұрақты байланысты анықтап, зат дамуының заңдылықтарын ашады, оны практикада тексеріп бекітеді. Сананың негізінде білім, білу жатыр. Материалдық-практикалық қызмет адам өмірінің негізі, ол практикалық іс-әрекет, еңбек. Сана шындықты тек бейнелеп қана қоймай, оның заңдылықтарын ашып, оны жасайды да. Бұл оның белсенділігі, шығармашылығының негізі.
Адамды қоршаған қазіргі барлық әлем бұрынғы қаз қалпындағы табиғат емес, оның санасы, ақыл-ойы арқылы, мақсат пен мүддесіне сай өзгертілген жасанды орта, екінші табиғат, реттелген әлем. Әрбір адам туа салысымен өткен ұрпақ жасап кеткен дайын заттар дүниесіне, қалыптасқан қатынастар жүйесіне келеді. Яғни, оның объективтік шындыққа қатынасы – денесінің биологиялық құрылысына ғана емес, негізінен қоғамның тарихи даму деңгейіне, басқа адамдармен байланысу тәжірибесіне тәуелді.
Тарихи өзгеріп, жетіліп отыратын білім, этникалық, эстетикалық қағидалар мен нормалар, діни, ғылыми, құқықтың, саяси идеялар мен көзқарастар әрқашан адам мен қоршаған ортаның аралығында тұрады. Адамның шындыққа ең бастан-ақ бір түсінік, ұғыммен қарауы - оның саналығы, рухани жан ретінде қалыптасуының кепілі. Сондықтан, руханилықтың алғашқы белгісі дүниені санада пайда болған идеалдық-психикалық модель арқылы танып, соның негізінде мүддесін анықтап, жоспарлы іс-әрекеттер жасау деуге болады.
Жануарлар өз биологиясының, дене талабының құлы, соның заңдылықтарынан шығып кете алмайды, табиғатты соның бір құрамды бөлігі болуымен ғана өзгертеді. Санаға ие болған адам табиғатты өз білімімен, еңбегімен белсенді түрде өзгертіп, өзі де қоса өзгеріп отырады, табиғи-биологиялық заңдар шеңберінен шығып еркін даму жолына көшеді, тіпті өзінің дене құрылымын да өзгертуге мүмкіндік алады. Санасы берік, рухы күшті адамдар әулиелер деңгейіне дейін көтеріледі, өлімді де қасқая қарсы алып, елді тәрбиелеуге ерекше үлес қосады. Бұл олардың өзіндік санасының ерекшелігі.
Өзіндік сана - сананың жетілген дәрежесі. Оның негізгі көрсеткіші - өз ерекшелігіңді түсіну, өзіңді дүниеден, басқа адамдардан бөле қарап, қажеттілік, құштарлық, ұмтылыстарыңды талдап, іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау. Өзіндік сананың тұруының да тарихи кезеңдерін анықтауға болады. Алғашқыда адам жеке өзі емес, кіші қоғамның, рудың мүшесі ретінде қоршаған табиғаттан бөлінеді, тіпті басқа руларға табиғаттың бөлігі деп қарап оған қарсы тұрады да, мүшелерін аң ретінде аулайды (каннибализм). Кейін еңбек қарулары жетіліп, жеке семья ретінде өмір сүру мүмкіндігі туғанда, рулық сананың орнына жекелік сана, «біз» түсінігінің орнына «мен» ұғымы келе бастайды.
Жеке адам өзін-өзі енді көрінген басқа адамға, тіпті туыстарына да қарсы қоя бастайды. Қара күш, соғыс қаруының жетілуі, айлакерлік, алдап-арбау, шағыстыру, т. б. қасиеттер дамып, қоғамның тұрақтылығына қатер төнеді. Осыны тоқтату қажеттілігінен жақсылық пен жамандықты ажырату, оларды табиғаттан тыс күшке (әр елдің табиғаты әр- түрлі, құндылықтары ерекше болғандықтан) табынып бағыну, яғни алғашқы жүйелі идеология әлемдік діндер қалыптасады.
Кең ауқымды, жалпы көзқарастық идеалдық-психикалық модельдер діни ілімдердің жемісі, шынайы толық мәнді руханилық осы кезден пайда болады. Идея, идеал үшін өзіңнің табиғи ұмтылыстарыңды тежеу, өзіңді-өзің тәрбиелеу, өз-өзіңе жауапкершіліктер жүктеу, жаңа сапалыдағы адамның тұруына тың жол ашады. Бірақ діннің мазмұнында мифологиялық білім, о дүниедегі ең ауыр тәндік жазамен қорқыту, қара күш қолдану басым. Мұнда саналы ұстанымдардан гөрі басқаларға еліктеу, елдің сөзінен қорқу көп орын алады. Сондықтан нақты ғылымның, соған сүйенген рационалдық философияның жаңа замандағы айрықша дамуы, діннің рөлін күрт төмендетті. Осы кезден бастап руханилықтың ғылыми негіздемелері жасала бастады.
Руханилықтың негізгі мәні – саналы түрде қоғамның тұрақтылығын, келісімділік өмірін жетілдіріп, адамның еркіндігі мен шығармашылығына жағдай туғызуға ат салысу. Ол өз бастауын «қоғам болмаса - адамның да болмайтыдығын» интуитивтік деңгейде бағдарлаған алғашқы қауым адамынан, «өмірді-күрес» дейтін биология заңына қарсы тұрып, барлық күнәні табиғаттан іздеген, барлық адамдардың теңдігін паш еткен діни ілімдерден алады. Адамның рухани жан ретіндегі бақыты - өз өміріне риза болып өту, табиғаттың берген барлық мүмкіндіктерін өз бойынан ашып, оны елі, жері, халқы үшін жұмсау. Шығыс өзінің ұзақ тарихымен адамның руханилығын ту етіп, соны игеруге ұмтылды (медитация, күрес өнерінің ішкі мәні, т. б.), материалдық байлық, өткінші тән қызығуларына ұстамдылық көрсету, қанағаттылықты насихаттады. Қазақтың ұлы ойшылы Абайдың «Адам бол!» талабы бұған ақылды, білуді, үйреніп іскер болуды қосады, шығыстың руханилыққа ұмтылуын толықтырып, адамның белсенділігін оятады. Бірақ ол капиталистік жүйеден келген жалаң, арам, қылмысқа толы іскерліктен қашып, руханилық негізді қатаң ұстанғанды жөн санады.
Жетілген сана - өзіндік сана, өз ерекшелігіңді, қайталанбайтыныңды түсіну, ол тек адамға тән, өз-өзіне жауапкершілік жүктеудің басты себебі. Өзіндік сана - адамның танымдық, өнегелік, діни, эстетикалық және саяси салаларда өзінің іс-әрекетін субъект ретінде түсінуі. Басқа сөзбен айтқанда, өзінің адамгершілігін, мақсатын, идеалын және жүріс-тұрысының дәлелін білуі, өзінің басқа біреулермен салыстыру арқылы кім екенін анықтауы. Өзіндік сана әр уақытта жеке адамға байланысты. «Өзіндік сана - білім. Менен басқа жерде еркін өмір сүре алмайды», - дейді Гегель. Оның мәні кісінің сезіну, күйзелу, ойлау ерекшеліктеріне байланысты, өзіндік сананы объектендірудің қиындығы. Ол әр адамның бірегей құндылығын және біртума тұлға екенін, өзінің «Менің» табиғаттан және адам әлемінен бөлінуін түсіндіруді талап етеді. Кеңірек алғанда, өзіндік сананың әлеуметтік топтарға, этносқа, т.б. қатынасы болады. Теориялық ойлау дәрежесінде ол рефлексия (сананың өз-өзіне назар аударып, өзінің псикикалық күйіне ой жүгіртуі) түрін де қабылдайды. Өзіндік сана – тілдің дамуына да ерекше байланысты. Адам қабілетінің өсуі, ой-өрісінің шамасы ана тіліне көп тәуелді болады. Өзіндік сана бір жағынан танымдық, екінші жағынан әрекеттік рухани құбылыс, ол философия, социология, этика, психология, этнография, педагогика сияқты бірнеше ғылымның басын біріктіретін құбылыс.
Жеке және қоғамдық сана, олардың диалектикалық байланысы бар. Әр адам саналы. Қоғамдық сана жеке саналардың жай қосындысы емес, сонымен бірге жоғарғы күрделі жиынтық. Сана - әр адамның жеке басына, біліміне, өмір сүруі жағдайына, мінезіне, қабілетіне, тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Оған болып жатқан жағдайлар, экономикалық, топтық, саяси, әлеуметтік мәселелер де әсер етеді. Бірақ жеке сананың өрісі, қоғамдық санаға қарағанда тар. Қоғамдық сана – көпшіліктің рухани құралына айналған ортақ, мазмұны терең сана және қоғамдық болмыстың бейнесі, оның туындысы. Қоғамдық сана - әлуметтiк ортадағы әрқилы сезiм, көңiл-күй, көркемдiк және дiни бейнелер, идеялар, көзқарастар мен теориялар жиынтығы. Қоғамдық сана құрамында өткен ұрпақтың білімі, идеологиялық жетістіктері, мәселелерді талдау әдіс-тәсілдері көп орын алады. Соның нәтижесінде қазіргі қоғамдық болмысты да біз тарихи сабақтастық тұрғысынан суреттеп зерттеуге икемдіміз. Бұл қоғамдық сананың ұлттық сипатының белгісі және жеке адам санасы тәрізді құрып кетпейтіндігінің куәсі. Қоғамдық сананы ары қарай дамытып жетілдіретін жеке тұлғалар, бірақ олар ол үшін қоғамдық сананың белгілі бір санасын жеткілікті түрде игеріп, оны ары қарай жалғастыра білуі керек. Тек осы жағдайда ғана ол тұлғалардың санасы да мәңгілікке өтеді, қоғамдық-ұлттық сананың ажырамас бір сипатына айналады.
Қоғамдық сана – бейнелеу түрі мен рухани дүниені жасау әдістері арқылы ажыратылады. Қоғамдық сананың адам санасына әсер етуінің екі жолы бар: 1. жеке адамдар санасы арқылы: 2. қоғамдық естелік (кітап, газет, теледидар, радио) арқылы. Қоғамдық сана - өте күрделi құбылыс. Олардың әрқайсысы өзiндiк салыстырмалы рухани құрлым, сонымен бiрге басқалармен жан-жақты тiкелей және жанама байланыста болады.
Қазiргi әлеуметтiк философияда қоғамдық сана құрлымы деңгейiнде: қарапайым және теориялық сана; қоғамдық психология және идеология; қоғамдық сана формалары болып бөлiнедi.
Қарапайым сана - ғылыми емес, бірақ тікелей күнделікті өмірден шыққан сана. Теориялық сана – белгілі бір деректерге сүйенген ғылыми ұмтылыстан туатын қорытындылар, қағидалар, заңдылықтар, көптеген мәселелер туралы ғылыми көзқарастар. Сонымен бірге тек болжамдарға сүйенген қате қағидалар да теориялық негіз құрайды. Бұл теориялар ғылыми бола алмайды. Теориялық сананы қоғамның идеалдық моделі деуге болады, ол әрқашан деректермен толықтырылып, жаңартылып отыруы керек.
Қоғамдық психология мен идеология – әлеуметтiк негiзде түрi және мазмұны болып бөлiнедi. Түрі - психологиялық, идеологиялық болса, мазмұны - жалпы халықтық, ұлттық, таптық, кәсіптік, жыныстық, т. б. болып келеді. Қоғамдық психология күнделікті өмірден туатын қоғамдық сананың төменгі түрі, идеология оның жоғарғы сатысы. Қоғамдық психологияның қалыптасуына қоршаған орта, климат, шаруашылық, кәсіп, жер байлығы, әдет-ғұрып, той-томалақ, ән-күй, т.б. әсер етеді. Қоғамдық идеология - ғылымға жақын. Идеология рухани өмірдің күрделі түрі, теориялық тұжырымы. Бірақ онда объективтік білімнен басқа субъективтік ұмтылыстар-белгілі бір топтың, ұлттың мүддесін қорғау бар. Сондықтан оны – прогрессивтік, реакцияшыл деп бөледі. Прогрессивтік деп – тарих процесінде сай келетін әлеуметтік топтардың санасы саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |