ҚОРЫТЫНДЫ
Бүгінде шет елдердегі қазақтардардың этно-әлеуметтік, мәдени және
ұлттық болмысын сақтап қалу мәселелері бүгінгі күннің өзекті
мәселелерінің бірі болып табылады. Қанша дегенмен де ондаған, жүздеген
жылдар бойы өзінің түп тамырынан бөлініп қалған халық сол елдегі
жергілікті халықтармен сіңісіп кеткенін де байқамай қалатыны анық. Олай
болса, тағдырдың талайымен сыртқа ауған отандастарымыздың ұлттық
болмысын жоғалтпауына барлық жағдай жасауымыз қажет. Сондай ақ,
шетте жүрген қандастарымыз қазақ этносының бір бөлігі, қазақ халқының
тұтастығын, көздейтін болсақ, олардың дәстүрлі мәдениетімен қазіргі
жағдайдағы этномәдени үдерістеріндегі мәдени мұраларының сақталуы мен
жалғастылығын зерделеу қажет. Сонымен бірге шет жерлердегі
қандастарымыздың өткен және бүгінгі тарихын, этнографиясын зерттеу
олардың
саяси,
әлеуметтік-мәдени
қажеттілік
сұраныстарын
қанағаттандырып қана қоймай, халқымыздың мәдени мұраларын жоғалтпай,
қайта тірілтуге, жандандыруға, мәдениетіміздің озық үлгілерін насихаттауға
мүмкіндік береді. Оралмандардың тарихи Отанға бейімделуін зерттеу
арқылы олардың әлеуметтік мәдени проблемаларын, сұраныстарын танып
білеміз.
Түрік қазақтары тұрған елінің жағдайына көбірек бейімделген диаспора
болып табылады. Түркі халықтарының жақындығы ежелден тығыз болды
және Түркияда ұзақ өмір сүру, сөзсіз қазақтардың мәдениетіне ықпал етті.
Түрік елінің тілі, діні, ділі қазақтармен бір түбірден шығып, тамырлас
болғандықтан сол елді паналап барған қазақтар түрік тіліне бейімделе
бастағаны соншалық, түрік тілін ана тіліндей тез арада меңгеріп алды. Сол
үшін қазақтардың екінші буыны ана тілін түрік тілімен ауыстыра бастады.
Сондықтан болар, қазіргі Еуропадағы олардың ұрпақтары ағылшын, неміс,
француз, тағы басқа еуропалық тілдермен қоса, түрік тілінде тамаша сөйлей
алады да, қазақ тіліне келгенде шорқақтайды. Сондықтан шеттегі ұрпағымыз
ана тілін ұмытпау үшін оларға жыл сайын қазақ тілі мамандарын жіберіп
курстар оқыту шараларын да қолға алу қажет.
Жалпы алғанда зерттеу барысында көз жеткізгеніміз Түркияда сонау
1952 жылы қоныстанған қазақтар мен қатар 1980 жылдары Ауған, Иран
жерінен көшіп келген қандастарымыз да өмір сүруде. Жері мен елінен еріксіз
босқан қазақ халқының алды туысқан түрік елінде тұрып жатқандарына биыл
60 жыл толып отыр. Басында айтқанымыздай Отандастарымыз Түрік еліне
үш түрлі жолмен келген. Оның алғашқысы Баркөлден Түркияға дейін 6 мың
километрден аса азапты жол жүріп, жарты әлемді жаяу асып өткен, тағдыр
тәлкегімен босқынға айналған қандастарымыз, сонымен қатар, 80-ші
жылдары Ауған мен Ираннан Түркияға келген. Сондықтан Түркиядағы
қазақтар алтай, ауған және иран қазақтары болып бөлінеді. Қазіргі таңда 70
миллионы бар Түркия елінде 10 мыңнан аса қазақ тұрады (1).
Қазақ диаспорасының этномәдени мұраларын зерттеу барысында
Түркия, Иран, Ауғанстандағы қазақтардың қолөнер бұйымдарына
91
байланысты материалдарда олардың негізгі бөлігі сол жергілікті ортаның
әсерімен «арқа жастығын» жиі пайдаланса, ал баспана құрылыстары да
түріктердікіне жақын болып келеді. 3 не 4 қабатты үлкен үйде бір атадан
тараған отбасын құрған балалары әр қабатты иемденгенін көрдік. Бірақ
мұнда бұрынғы патриархалдық жүйемен ата-анасы балаларының үстінен
қарайды. Сондай ақ Түркия қазақтары қазақ қауымдастығы орталығына
ертеректе киген киімдерінің бірнеше түрлерін тапсырған. Ондағы мақсат
болашақ ұрпағының мәдени мұраларын насихаттау, ұрпағының оны жадынан
тастамауын қалайды. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне келетін болсақ, олардың
қазіргі кезеңдегі дәстүрі біршама өзгеріске түскен. Ол әрине жергілікті
халықтың ықпалы екендігі анық. Мәселен, Түркиядағы қазақтардың қыз
ұзату, келін түсіру дәстүрлерінде түрік халықтарының ықпалы анық
байқалса, Иран, Ауғанстандағы қазақтарда дәстүрлі мәдениетті көбірек
сақтағандығы анық. Түркия қазақтарының жергілікті түрік халықтарымен
некеараласу жиілеп кеткендігі байқалады.
Зерттеу барысында тағы бір көз жеткізгеніміз Түркиядағы қазақтардың
тарихи отанға оралуға аса ынтасы жоқ екендігі байқалады. Себебі, еліміз
тәуелсіздік алған жылдары елге келіп, бизнес көздерін ашпақ болғанда тауы
шағылған олар, қазіргі кезеңде елге оралуға бір жағынан қорқыныш болса,
ендігі бір тобы Қазақстанның саясатын сыртқа таныстыруда қазақ
диаспорасының ролі зор деп санайды. Сондықтан Қазақстан сырттағы
отандастарымыздан қол үзбей, мүмкіндігінше тығыз қарым – қатынаста
болып, еліміздің жетістіктерінен хабардар болу қажет.
Еліміздің сойылын соғатын сырттағы қазақ диаспорасы күштi болу
үшiн Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлт — қазақ мықты болуы керек. Ол
үшін қазақтың тiлi, дiнi, тұғыры, мықты болып, ұлтжанды сананы
қалыптастыруымыз керек. Елiмiзде қазақ тiлiне толыққанды көңiл бөлiнбесе,
Қытай мен Ресейдегi, Түркия мен Еуропадағы миллиондаған қазақтар да iшкi
ассимиляцияның оңай құрбанына айналады. Сондықтан Қазақстан мемлекеті
қазақ халқының тұтастығын қамтамасыз ету барысында сырттағы
қазақтардың саяси, әлеуметтік-мәдени сұраныстарын қанағаттандыру
мақсатында тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек.
|