Қазақстан республикасы мәдениет, АҚпарат және қОҒамдық келісім министрлігі



бет6/143
Дата11.10.2024
өлшемі0,95 Mb.
#147744
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   143
Байланысты:
Қазақ аныктагыш

Ск, кс, кт, нг, лк, нкт, кль, брь, бль сияқты дауыссыздар тізбегіне аяқталған сөздерге де, соңғы буынның жуан не жіңішкелігіне қарамастан, қосымша жіңішке жалғанады. Мұнда бұл дыбыс қатарларының ішіндегі к, г дыбыстарының жіңішкелігі де әсер етеді. Осының салдарынан бұл тізбектер кіт, кіс, нгі, нкіт, іскі, кіл, бір, біл тәрізді болып айтылады: Омсісіге (Омскыға емес), фактіге (фактыға емес), фактісі (фактысы емес), танкіге (танкыға емес), паркке (паркқа емес), пунктке (пунктқа емес), спектакльге (спектакльға емес), ансамблі (ансамблы емес).
Емле ережелерінің соңғы редакциясы бойынша орыс тілінен енген ог, уг дыбыстарына аяқталатын сөздерге де қазақ тілі қосымшалары жіңішке түрде жалғанатынын есте сақтау қажет. Г дыбысы қазақ тілі үшін жіңішке дауыссыз дыбыс екендігі мәлім. Сондықтан орыс тілінен енген сөздердің соңында осы дыбыс тұрса, қазақша сөйлегенде сөз соңы жіңішке айтылады. Осы заңдылық бұл сөздерге қазақ тілі қосымшаларын жалғауда үлкен әсер етеді, яғни жіңішке қосымшаларды қалайды: педагогке, педагогтік, педагогі, округке, округтік, округі. Қосымшалардың жазылуын сөз еткен тұста орыс тілі үлгісімен фамилия жасайтын -ов, -ев, -ин (-ова, -ева, -ина) жұрнақтарына да назар аудару қажет. Бұл күнде қазақтардың фамилиясын таныту үшін орыс тілі қосымшаларынан бас тартып, өзгеше белгілерімен қазақша беру принципі өте дұрыс екенін мақұлдай отырып, әлі де біраз уақыт осы жолмен жасалған қазақ фамилиялары қолданылатынын ескеріп, “Қосымшалардың жазылуы” деген тарамның 26- параграфында керсетілген жұрнақтардың жалғану тәртібі, емлесі беріледі.
Қ о с ы м ш а л а р д ы ң жазылуында да тағы бір көңіл қоятын нәрсе - олардың кейбір тұлғаларға дефис (жарты сызықша) арқылы жазылатындығы. Әріптерден қысқарған сөздерге қосымшаның дефис арқылы жалғанып жазылуы - қалыптасқан ереже. Осымен бірыңғайлас болу үшін шартты белгілерге де, объект болып тұрған әріп, буын сияқты жеке тұлғаларға да қосымша жалғанғанда, дефиспен жазу керек: 10 см-ге, 20°-қа; и-дің жазылуы (и әрпінің жазылуы), да-ға қарағанда (да шылауына қарағанда) т.б.
Тәжірибеде процентті, градусты таңбалар арқылы, ал бірсыпыра өлшем атауларын шартты әріптер арқылы белгілеу, басқа тілдердегідей, қазақша жазуда да бар. Мысалы: 5% (5 процент бұл сөз пайыз деген вариантта да қолданыла бастады), 20° (20 градус), 15 см (15 сантиметр), 250 га (250 гектар), 220 v (220 вольт), 10 а (10 ампер), 5 w (5 ватт). Жазу тәжірибемізде көбінесе осы сөздер атау тұлғасында қолданылғанда, шартты белгілер арқылы жазылады да, соларға қосымша қосыла қалса, толық жазылатыны жиі кездеседі: 5%, ал 5 процентке немесе 5 пайызға; 10 а, ал 10 амперге. Бұл шартты белгілермен берілген сөздерге де қазақ тілі қосымшаларын жалғағанда, оларды “ашып” жібермей-ақ, қосымшаны сол таңбалардың өзіне дефис арқылы тіркеп жазуға болады. Оқығанда таңбалар жеке әріп түрінде оқылмай, толық сөз түрінде оқылады. Мысалы: 5 см-ді, оқылуы - бес сантиметрді (5 эсэмді емес), 5 а-ге, мұның оқылуы - 5 амперге (5 аге емес), 17°С-ге оқылуы -17 градусқа (целвсийше 17 градуска). Негізінен бұл қосымшалар таңбаның (әріптің) дыбысталу әуеніне қарай емес, сол әріп арқылы танбаланған сөздің әуеніне қарай жалғанады. Мысалы: 5 а-ге (бес амперге), егер а дыбысының әуеніне қарай жалғанса, 5 а-ға болар еді.
Сөздердің б і р г е және б ө л е к жазылу ережелері жайында да бірсыпыра түсініктер беруге тура келеді, өйткені бұл - жазу тәжірибесінде көп қиындық тудырып келе жатқан мәселе. Сондықтан қазақ орфографиясы ережелерінің соңғы редакциясында жүргізілген толықтыру, айқындаулар осы салада көбірек орын алды. “Біріккен сөздердің компоненттері қосылып жазылады және олардың дыбыстық жағынан өзгеріп кірігіп кеткен түрлері сол өзгерген қалпында, ал көпшілігі түбір тұлғаларын сақтап жазылады” деген мазмұндағы ережелер бұрыннан да бар әрі даусыз болатын. Жазуда қиындық туғызып келе жатқан жайт ереженің өзі емес, сол ережеге бағынатын біріккен сөз категориясын ажыратуда болып келе жатыр.
Соңғы кездердегі жазу дәстүріміз көрсетіп отырғанындай, ғылым мен техникаға, қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне, мәдениетке, спортқа т.б. салаларға қатысты терминдік мәнде жұмсалатын күрделі атаулар бір сөз ретінде танылып кетті. Мысалы, 1978 жылға дейінгі орфографиялық создіктерде келіс сөз,қонақ асы, жанар май түрінде бөлек жазылып берілген сөздер күнделікті баспасөзде, кейбір оқулықтар мен жеке кітаптарда біріктіріліп жазылып жүрді. Екі түбірден құралып, терминдік сипат алған сөздерді біріктіріп жазу ережесі мен тәжірибесі бұрыннан бар (өнеркәсіп, кәсіподақ, баспасөз, бесжылдық т.б.).
Соңғы редакцияда бұрынғы: “Ғылымның әр алуан саласындағы терминдік мәнге ие болып қалыптасқан атаулар және басқа сөздер де бастапқы тұлғалары сақталып, дағды бойынша бірге жазылады” деген параграф сараланып, толықтырылды, атап айтқанда: 1) ғылым мен техника салаларында терминге айналған күрделі атаулар; 2) екі түбірден құралған аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа, өсімдік атаулары; 3) шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт сияқты салаларға қатысты зат, құрал-жабдық, әр алуан ұғым атаулары мен мамандық, кәсіп, қызмет иелерінің аттары; 4) екінші сыңары аралық, тану сияқты сөздер және алғашқы сыңары авиа, авто, изо, ультра...тәрізді сөздер болып келген күрделі тұлғалар біріктіріліп жазылады деп айқындалды және олар жеке баптарға ажыратылды.
Бұл күнде ғылымның сан алуан саласы қазақ тілінде сөйлеп отыр. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтардан бастап, ғылыми еңбектерде, ғылыми-көпшілік қолды әдебиет пен баспасөз беттерінде жүздеген күрделі терминдер мен тіркестер қолданылады. Олардың дені интернационалдық сөздер болса, енді бірқатары қазақ тілі мүмкіндігімен жасалған атаулар болып келеді. Солардың ішінде екі түбірді біріктіріп жаңа ұғым атауын білдіру де кең орын алатыны мәлім. Бұл күнде көзіміз үйреніп, қолымыз дағдыланып қалған баспасөз, өнеркәсіп, бесжылдық дегендермен қатар, термин мәніндегі қонақасы (ресми, яғни үкімет қонақтарына берілетін), келіссөз (үкіметтер, мемлекеттік ұйымдар арасында жүргізілетін), жарыссөз (жиналыстарда айтылатын), тілхат, қолхат тәрізді сөздерді қосып жазу қажеттігі сезіледі.
Сондай-ақ биология, зоология терминдері болып саналатын өсімдік, аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа атаулары және солардың құрылысына, организміне қатысты бөлшек не тұтастық атаулары екі түбір арқылы білдірілсе, оларды біріккен сөз ретінде тану қажеттігі даусыз. Мысалы, гүлтабан, тозаңқап, бұршаққын, сүтқоректілер деген сөздер өсімдіктер мен жан-жануарлардың өздерінің атаулары емес, олардың бөлшектері немесе топтарының терминдік аттары.
Өсімдіктер дүниесі мен жан-жануарлар әлемінде ақ, қара, сары, боз, теңбіл сияқты сын есімдермен келген бір ғана өсімдік түрінің немесе бір ғана аң-құстың, жәндіктің т.б. атаулары жиі кездеседі. Бұлардың қосылып не бірге жазылуында да қиындықтар ұшырасып жүр. Олардың бірге де, бөлек те жазылатын реттері (заңдылықтары) бар. Әдетте түсті, қасиетті білдіретін сөздердің жеке өзі белгілі бір аңның, өсімдіктің, жәндіктің, құстың тұқымын айырып көрсету үшін қолданылса, олар бөлек жазылады. Мысалы, ақ аю, қара аю, қоңыр аю дегендердегі аңның аты - аю, оның алдындағы сын есімдер аюдың тұқымдарын (түрлерін) айырып айтады, сондықтан бөлек жазылады. Ал кейбір атауларда түсті, қасиетті білдіретін сын есімдер немесе солармен тіркесетін негізгі сөздер өздерінің лексикалық негізгі мағынасынан айырылып, екеуі бірігіп, бір ғана аңның, құстың, өсімдіктің т.б. жалпы атауын білдіреді. Мысалы, ақбауыр (құс), аққайран (балық), ақсары (құс) дегендердегі ақ сын есімі өз тіркескен сөзімен бірге жазылады, өйткені бұл жердегі балық, құстардың атаулары бауыр, қайран, сары емес, бұл сөздер ақ сөзімен қосылып барып қана жалпы атау болып тұр, демек, мұндағы ақ сөзі де тек қана түсті білдіріп, айырымдық қызмет атқарып тұрған жоқ, сондықтан бұлар бірге жазылады. Әрине, кез келген сәтте бұларды бірден ажыратып тану оңай емес. Әр алуан кітаптарда, сөздіктерде, энциклопедияларда мұндай күрделі атаулардың жазылуында бірізділік болмай келеді. Бұлардың орфограммасын (таңбалануын) мүмкіндігінше реттеу - емле сөздіктерінің міндеті, бірақ мұнда да едәуір қиындықтар болатынын мойындаймыз.
Тек ғылым салалары емес, техника, шаруашылық, қоғам өмірі, мәдениет, күнделікті тұрмыс, өнер, спорт сияқты салаларға да қатысты терминдік мәнге ие болған сөздер аз емес. Мысалы, бір ғана спортта, бессайыс, онсайыс, жанкүйер, тоғызқұмалақ тәрізді күрделі сөздер термин есебінде қалыптасты. Сондай-ақ өнер-білімге қатысты қылқалам, күйтабақ, сөзжұмбақ, сөзтізбе, төлтума, жолжазба сияқты атаулар да жиі қолданылып, бір сөз ретінде танылып жүр. Жолсерік (проводник), жағажай (пляж), ақжайма (простыня), балабақша (детский сад), гүлтәж (венок), саяжай (дача), майбалшық (раствор сияқты сөздер белгілі бір ғылым мен техника саласының терминдері болмағанымен, бір ғана атау ретінде қолданылып, біріктіріліп жазылып жүргені аян. Әсіресе екі түбірден жасалған мамандық кәсіп, қызмет, белгілі бір бағыт иелері атауларын бір сөз деп тануға беталып барамыз: теміржолшы, қызылізшілер, ізашар т.т. Міне, тілдегі осы бағыт жазуда да өз әсерін тигізіп отыр: бір сөз ретінде танылғаннан кейін мұндай атауларды біріктіріп жазу дәстүрі орныға бастады.
Осы жерде соңғы емле ережелерінің кісі аттарының жазылуына енгізілген өзгерістер мен түзетулерге назар аудару қажет. Мұнда екінші компоненті қ, к дыбыстарынан басталатын біріккен сөзден болған кісі аттары естілуінше жазылады деген ескерту айтылды. Мысалы: Қоскелді, Амангелді, Төрегелді, Күсепқали, Аманғали, Құтқожа, Телғожа, Көккөз, Қарагөз, Аққыз, Айғыз.
Жалпы кісі аттарының жазылуына байланысты және мынаны айту қажет: қазақтың төл сөздерінен жасалғандары болсын, араб, парсы сөздерідерінен қойылғандары болсын, кісі аттарына қатысты жалқы есімдерде едәуір ерікіндік бары байқалады. Бір сөздің өзі әр түрлі болып қойыла береді. Мысалы: ШекерСекер (хан), Әлия Ғалия Қалия, Зәуре Зура Зухра, Гүлбаршын Гүлбараш, Нәзікен Назықан, Роза Рауза, Фарида Фариза, Болат Полат, Жүсіп Нүсіп Дүсіп Гүсіп Жүсып, Асанғали Асанәли Асанәлі, Құрбан Құрман, Мұхамбет Мұхамет (қали) - Махамбет (Айт) мағамбет, (Айт) мұхамбет т.т. Бұл варианттардың көпшілігі өзге тілдік есімдерді әр жерде әр түрлі қабылдауға (Шекер Секер, Фариза Фарида), оларды қазақ тілінің дыбыс заңдылықтарына түрліше бағындыруға (Мұхаммед есімінің қазақша сан түрлі болып қойылуы бұған дәлел), жуан-жіңішке айтуға (Нәзім Назым, Айтым Әйтім) тағы осы сияқты себептерге байланысты болып келеді. Бұл жарыспалы қатарлардың тек біреуінің қолданылуын (демек, жазылуын) талап етіп, қалғандарына тыйым салу мүмкін емес. Бұл - тек жалқы есімдерге тән құбылыс. Сондықтан қазақша кісі аттары баласына ат қойған ата-анасының қалауына немесе сөздің сол өлкеге, сол отбасына тән болып калыптасып, дағдылануына байланысты қалай айтылса, солай жазылғаны дұрыс. Бірақ бұл еркіндікті тілдің дыбыстық заңдылықтарына қайшы етіп пайдалануға болмайды. Мысалы, қазақтың төл сөздері мен араб, парсы тілдерінен енген сөздер еш уақытта екі дауыссыз дыбыстан басталмайды. Ол екі дауыссыз дыбыстың не алдында (сөз басында), не ортасында ы, і дауыстыларының бірі қатысып айтылады. Бұл фонетикалық заңдылыққа жалпы есімдер де, жалқы есімдер де (соның ішінде кісі аттары да) бағынады. Сондықтан соңғы жылдары кітап, газет-журнал беттерінде орын теуіп бара жатқан Рза, Сматай, Сланов, Рсалды, Смайыл, Сқақ. сияқты жазулар мүлде қате. Бұл есімдер қазақша жазғанда Ырза (немесе Риза), Сыматай, Сылан(ов), Ырысалды (немесе Ырсалды), Ысмайыл (немесе Сымайыл), Ысқақ түрінде таңбалануы керек.
Күрделі сын есім жасап тұрған екі (кейде үш) сөздің әрқайсысы өздерінің нақтылы лексикалық мағынасына не болып тұрса, бір-бірінен бөлек жазылатындығын алдыңғы айтылған (көрсетілген) топтармен шатастырмау керек. Мысалы: үш бұрышты тақтай, көп таңбалы сан, ауыл шаруашылық артелі. Бұл жердегі көрсетілген күрделі сын есімдердің әр сөзінің белек жазылу себебі олардың өз мағыналарын сақтап тұруларында. Аударма әдебиетте, содан барып тел жазбаларда да осы тектес сын есімдерді қосып жазып шатастыру кездеседі, себебі бұлар орыс тілінде біріккен сөз болады: треугольная дощечка, многозначное число, сельскохозяйственная артель. Бірақ екі тілдің сын есімінің жасалуы мен жазылуы тепе-тең емес екендігін, яғни айырмашылық болатындығын қатты ескеру қажет.
Сол сияқты күрделі сан есімдердің, күрделі етістіктердің әрбір компоненті (сөзі) бір-бірінен бөлек жазылатындығы да қазақ тілінің ерекшелігі: он бірінші, он бір, он бес, он бестегі; қол қой,қол қойды, көре алмады, көре алмаушылық т.т.
Емлеге байланысты көңіл аударатын жайт - бір сөздің екі не одан да көп болып келетін нұсқаларының (варианттарының) қайсысын таңдап жазу жайында. Табиғаты жағынан мұндай қатарлардың біркелкі емес екенін ескеру қажет. Бір алуан нұсқалардың қайсысын таңдау негізінен емлеге қатысты емес, лексикалық нормаға, яғни ол жарыспа қатарлардың тілде қолданылу сипатына байланысты болады. Кейбір вариант қатарларының екеуі де (кейде үшеуі, төртеуі де) қолданыла беруі мүмкін. Мысалы, әдеби тілдің өзінде бір түбірден өрбіген разы, риза, ырза деген үш түрлі тұлғаның үшеуі де жұмсалады. Сол сияқты бір түбірден тараған сұрақ сұрау, рұқсат лұқсат, адас аттас, едәуірнедәуір, шейін шекті, я жә, өн бойы өне бойы, бұл бұ, қаһар кәр, заһарзәр, әскерләшкер, адым қадам, күнбағыс күнбағар, айдаһар аждаһа, шайтан сайтан, күкірт кеуірт, лық толды лықа толды, заманзамана, жиналыс жиылыс, конышкойыш, бүлінубүлу дегендердің екі сыңары да тілден орын алуға құқықты сөздер. Олардың бірқатарының екі варианты да әдеби норма болса, енді бірсыпырасының біреуі көне тұлға (ләшкер, ұғыл, адас) немесе жергілікті қолданыс (кеуірт, қойыш, күнбағар, шекті) болып келеді. Сондықтан мұндай бір мағынадағы жарыспалы қатарлардың екеуі де (кейде үшеуі, төртеуі де) сөздіктерден орын алып, орфограммалары (жазылу түрі) көрсетіледі.
Енді бірқатар жарыспалы тұлғалар бір түбірден екі түрлі мағына беретін екі сөз жасаудың нәтижесінде пайда болғандар. Мысалы: үкімет (правительство) және өкімет (власть). Бұл екі сөздің түбірі - хукмат деген бір сөз. Сол сияқты есеп және хисап, әрекетхарекет, найзағайнажағай, дүрдүррі, каһаркәр, кәдімгі қадим (заман) т.б.
Жарыспалы сөздердің үшінші тобына стильдік мақсатпен бір сөздің екі түрлі тұлғада жұмсалатындары жатады. Мысалы, мына қатарлардың әрқайсысы белгілі бір стильдік жүк арқалап жұмсала береді: шайтансайтан (соңғысы “өжет, өткір, жұртты өзіне қаратқан” деген сияқты ауыспалы мағынада стильдік мақсатпен қолданылады: Мен қара көз сұлумын, сайтан қызбын - Ж.Молдағалиев), жұмақ ұшпақ (соңғысы ауызекі сөйлеу тілінің элементі ретінде көркем әдебиетте кейіпкер аузына салынады), әзіз ғазиз, көңілкеуіл, патша падиша, заман замана, көктем көктеме, беріп жібердіперіп жіберді (соңғысы “соқып қалды, қойып жіберді” дегенді айырып көрсету мақсатында жазылуы мүмкін).
Сөйтіп, жарыспалы қатарлардың қай сыңарын жазуда контекске қарау қажеттігі туады.
Тағы бір алуан варианттар қатарының жазуда біреуін таңдауға тура келеді. Олар фонетикалық-орфографиялық дублеттер, яғни бір сөз екі түрлі айтылып, бірақ ешбір мағыналық айырмасы не стильдік жүгі жоқ болып келетін сөздер. Мұндай қатарлардың біреуін жазуда тұрақтандыру арқылы әдеби норма етіп қалыптастыруға тура келеді. Мысалы: бұл күнде лағынет лағнат, башай бәшей, саршұнақ сары-шұнақ, ерегіс ерегес, қонағуарқонақуар, уайымуәйім, жай жәй, екі ұштыекі үшті тәрізді фонетикалық дублеттердің алдыңғы сыңарларын жазып тұрақтандыру бағыты күшті.
Оқулықтар мен анықтағыш құралдарда көрсетіп отыру арқылы, күнделікті жазу тәжірибесінде, әсіресе баспасөзде біркелкі қолдану арқылы бұрын екі-үш түрлі жазылып келген жүздеген сөздердің бір ғана тұлғада таңбалануы едәуір орнығып қалды. Мысалы, бәйтерек, бәйшешек, диқан, ерегіс, жай, қазір, қисса, меруерт, мысалы, өйткені, өйтіп, патша, сіріңке, шілдехана сияқты сөздердің байтерек, байшешек, дихан, ерегес, жәй, кәзір, хисса қысса қыса, мерует, үйткені, үйтіп, патса, сіреңке, шілдеқана, шылдақана деген варианттарының жазылуы біршама тежелді. Мұндай фонетикалық-орфографиялық варианттардың дұрысын емле сөздіктерінің көрсетуі бойынша жазу керек.
Қос сөздердің жазылуын сөз еткенде, дефис арқылы жазылатын қос сөздерден басқа, үтір арқылы немесе тіпті ештеңе қойылмай жазылатын күрделі қосар құрылымдардың болатындығын еске алу керек: апы кіріп, күпі шығып; үлде мен бүлдеге; ақай жоқ, тоқай жоқ; күн демей, түн демей т.б.
3. Кейбір пунктуациялық ережелер жайында. Тыныс белгісі ережелерінің ішінде оңашаланған айқындауыш мүшелердің және құрмалас сөйлемдердің ажыратылуына тоқталып өтуге тура келеді.
Оңашаланған айқындауыш мүше қазақ тілінде өзіне қатысты сөзден кейін келеді. Ол өзінен бұрынғы сөздің мәнін айқындаңқырай, дәлелдеңкірей түсу үшін қолданылады. Оңашаланған мүше, көбінесе, атап айтқанда деген сөзді қосуды тілеп тұрады. Оңашаланған мүшені айтқан кезде, ол сөйлемдегі басқа сөздерден дауыстың аздап кідірісімен бөлініп тұрады: Ол Құнанбай аулына, Қорыққа, осы Ералыдан барған болар (М.Әуезов). Мұндағы Қорыққа деген сөз Құнанбай аулы деп тұрғаны Қорық екендігін айқындай түседі: Ол Құнанбай аулына, атап айтқанда Қорыққа, осы Ералыдан барған болар.
Оңашаланған айқындауыш мүшенің тағы бір белгісі - ол өзі айқындап тұрған сөзбен септік жалғаулары жағынан тұлғалас келеді. Мысалы: Тобықты ішінде ең алғаш келген арба осы Зеренің, Құнанбайдың кәрі шешесінің, көк арбасы десе де болады (М.Әуезов). Мұнда айқындалып тұрған Зеренің деген сөз бен оңашаланып тұрған ...шешесінің деген сөз екеуі де ілік жалғауда. Ал осылардың біреуі жалғаусыз айтылса, ол оңашаланған айқындауыш мүше емес, қосалқы айқындауыш мүше болып кетеді: Тобықты ішіне ең алғаш келген арба Құнанбайдың кәрі шешесі Зеренің көк арбасы десе де болады. Қосалқы айқындауыш пен айқындалушының арасына ешқандай тыныс белгісі қойылмайды.
Оңашаланған айқындауыш мүшелердің үшінші бір белгісі - олардың бірқатары яғни, әсіресе, мысалы, яки, немесе, болмаса, басқаша айтқанда, көбінесе, оның ішінде, атап айтқанда деген сөздермен қоса айтылады. Әдетте түсінбеушіліктен осы сөздердің жеке өздерін екі жағынан бірдей үтірмен бөліп тастаушылық кездеседі. Ол дұрыс емес. Екі жағынан үтірге осы сөздермен қоса жасалған оңашаланған тізбек алынады: Әңгімемізді өнердің бір түрі, мысалы музыка, туралы бастайық. Жастар, әсіресе мектеп балалары, спортқа үйір келеді.
Тағы бір көңіл қоятын мәселе - сияқты, ретінде, қатар, емес, түгіл деген сөздермен және -дай жұрнақты сөзбен келген тізбектердің де сөйлем ішінде оқшауланып тұратындығы. Сондықтан мұндай құрылымдар да, оңашаланған мүше тәрізді, екі жағынан бірдей үтірге алынып жазылады.
Қарсылықты мәнді құрмалас сөйлемдердің жалғаулықтары түсіріліп айтылса, жай сөйлемдердің арасында үтірдің сақталатындығын және түсіп қалған жалғаулықтың орнына сызықша қойылып жазылатындығын есте ұстау қажет. Мысалы: Елге мойнымды созам, - көрінбейді. Маңайға мойнымды созам, - дәнеңе жоқ (С.Мұқанов) деген сөйлемді алсақ, оның жалғаулықты түрі былай болар еді: Елге мойнымды созам, бірақ [ел] көрінбейді. Маңайға мойнымды созам, ал [маңайда] дәнеңе жоқ. Бұл құрылым мақал, жұмбақ сияқтылар мен өлең жолдарында жиі кездеседі: Аяғы жоқ, - жүреді, аузы жоқ, - сөйлейді. Үйде шешен, - дауда жоқ, үйде батыр, - жауда жоқ.
Кез келген жалғаулықтың түсіп қалған жеріне сызықша қойыла бермейді. Құрмаласқан жай сөйлемдердің арасындағы өйткені, сондықтан, себебі деген жалғаулықтар түсіп қалып айтылса, сол жерге қос нүкте қойылады: Қасқырдың артына алаңдағанына енді ғана түсіндім: оның арт жағында шоқақтап екі бөлтірік кетіп бара жатыр (С.Мұқанов). Маған қиыны екі етігім болды: сазға кірген етіктер әлденеге тістесіп тұрып алады да, қонышынан колыңмен тартпай шықпайды (С.Мұқанов).
Сабақтаса құрмаласқан жай сейлемдердің бастауышы көбінесе екеуіне ортақ болып келеді. Мұндайда бастауыш қай жай сөйлемнің құрамында айтылса, соған жатқызылады да, үтір екі жай сөйлемнің аралығына қойылады. Осы ережені жете білмегендіктен, кейде бірінші жай сөйлеммен келген ортақ бастауышты оның құрамынан үгірмен бөліп тастап, екінші жай сөйлемге жатқызу кездеседі. Мысалы: Мен, окуды бітіріп, Қарағандыға бара жатырмын. Мұндағы тыныс белгісі дұрыс қойылмаған. Бұл жерде оқуды бітірген де мен, Қарағандыға бара жатқан да мен. Сондықтан мен деген бастауыш қай жай сөйлемнің құрамында айтылса, соған кіреді: Мен оқуды бітіріп, Қарағандыға бара жатырмын. Немесе: Оқуды бітіріп, мен Қарағандыға бара жатырмын (Окуды бітіріп мен, Қарағандыға бара жатырмын деп жазу да дұрыс емес).
Пунктуация ережелерінің бірқатарын сөз еткенде, соларға сәйкес орыс тілінің пунктуация ережелерімен салыстырып отыруға тура келеді. Әрине, екі тілдегі қолданылатын пунктуациялық таңбалар бірдей болғанмен, олардың қолданылатын орындарының әрдайым бірдей болуы мүмкін емес. Осыған қарамастан, орыс тіліндегі сөйлемде қай жерде қандай тыныс белгісі тұрса, соны бұлжытпай қазақ сөйлеміне көшіре салу тәжірибеде кездесіп қалады. Мысалы, орыс тілінде бір жай сөйлемдегі баяндауыш келесі жай сөйлемде (құрмалас сөйлемнің құрамындағы) түсіріліп айтылса, орнына сызықша қойылады:
1) Я читал книгу, а он - газету. 2) В этих случаях из одних физических тел получаются другие физические тела: из стакана - кусочки стекла, из куска парафина - свеча (“Химия” оқулығынан). Қазақ тілінде құрмаласқа енген жай сөйлемдердің соңғысының баяндауышы түсіріліп айтылмайды. Керісінше, алдыңғы сөйлемдер баяндауышсыз қалдырылып, баяндауыш жалпы сөйлемнің соңында айтылады, немесе баяндауыш екі рет қайталанады. Жоғарғы сөйлемдердің аудармаларын қараңыз:
1) Мен кітап, ол газет оқыды. Тіпті дұрысырағы: Мен кітап оқыдым, ал ол газет оқыды (Мен кітап оқыдым, ол - газет деген сияқты сөйлем құрылысы болмайды). 2-сөйлемнің дұрыс аудармасы: Бұл жағдайларда физикалық бір денелерден екінші бір денелер: стаканнан бірнеше шыны сынығы, парафиннің бір кесегінен май шам пайда болады. Қазақша құрылған сөйлемде ешқандай сызықша қойылмайды.
Сондай-ақ орыс тілінде құрмаласқан жай сөйлемдердің бірі шартты мәнді болса, араларына сызықша қойылғанымен, қазақ тілінде шартты бағыныңқылы сөйлемдерде сызықша емес, үтір қойылады (бұлар жайында ереже толық айтылады). Тыныс белгілерінің қойылуын бұлайша орыс тіліндегі тәртібімен салыстырып отырғанымыз-дың себебі - кейбір әдебиет түрлерінің орыс тілінен аударма болып келетіндігін ескеруге байланысты. Әсіресе коркем әдебиет пен ғылыми әдебиет үлгілерінің, оның ішінде кейбір оқулықтардың орыс тілінен жиі аударылып келе жатқанын ескермеске болмайды. Сол сияқты ағылшын, неміс, француз тілдері сияқты өзге тілдерден де қазақ тіліне тікелей аударма жасаған қүнде де, тыныс белгілері тек қазақ тілінің синтаксистік құрылысына орай қойылуы тиіс екенін жақсы білу қажет.
І Тарау




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   143




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет