Қазақстан республикасы мәдениет, АҚпарат және қОҒамдық келісім министрлігі



бет1/143
Дата11.10.2024
өлшемі0,95 Mb.
#147744
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   143
Байланысты:
Қазақ аныктагыш


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ, АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МИНИСТРЛІГІ

ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІ


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі


Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Рәбиға СЫЗДЫҚ


ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АНЫҚТАҒЫШЫ


(емле, тыныс белгілері, сөз сазы)


Астана
«Елорда»


2000

ББК 81.2 С 94


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ 1998 ЖЫЛҒЫ
5 ҚАЗАНДАҒЫ N 4106 ЖАРЛЫҒЫМЕН БЕКІТІЛГЕН «ТІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУ МЕН ДАМЫТУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫНА»

СӘЙКЕС ШЫҒАРЫЛЫП ОТЫР


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі


Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдар кеңесі мен редакция алқасы баспаға ұсынған.
Жауапты редактор: филология ғылымының кандидаты
Нұргелді Уәлиев.
Жауапты шығарушы: Орынай Жұбаева
Пікір жазған: филология ғылымының докторы, профессор
Телқожа Жанұзақов.
Рәбиға СЫЗДЫҚ.
C 94 Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы).
Астана: Елорда, 2000, -532 б.
ІSВN 9965-06-023-1

Бұл «Анықтағышта» қазақша дұрыс жазу, сөзді дұрыс айту (дыбыстау) ережелері түсіндіріледі, яғни емле, тыныс белгілері, сөз сазы мәселелері талданып, қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық нормалары баяндалады. Кітапта жазылуы біршама қиындық келтіретін жеке сөздер мен тіркестердің сөздігі бар.


Сонымен қатар қосымша ретінде бас әріппен жазылатын сөздер мен күрделі атаулардың қысқаша тізімі беріліп отыр.
«Анықтағыш» мектеп мұғалімдері мен баспа қызметкерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдары саласында істейтіндерге, сондай-ақ қалың жұртшылықтың пайдалануына арналған.
C

ІSВN 9965-06-023-1 © Р. Сыздық, 2000.




АЛҒЫ СӨЗ

Адамдар айтайын деген ойын бір-біріне ауызша да, жазба түрде де жеткізе алады, орфография немесе емле, дұрыс жазу қағидаларын белгілейді. Ал дұрыс жазу нормаларының көздейтін негізгі мақсаты – айтылмақ ойды жазба түрде дәл, айқын жеткізіп беру. Әдетте жазу жалпыға ортақ болғандықтан, оның ережелері де көпшілікке бірдей болып, қалың жұртшылықтың пайдалануына арналады. Сондықтан емле ережелері әрі ортақ, әрі тұрақты болуға тиіс.


Емле ережелерінің тиянақсыздығы жазатын адамға үлкен қиындық келтіреді. Белгілі бір сөздер мен сез тіркестерінің жазылуы бір ізге түспеген болса, ең сауатты адамның өзі толқып, қиналады. Басылып шыққан кітап, газет, журналдар дұрыс жазудың бірден- бір көзі әрі үлгісі болуға тиіс және сауатты жазуға алғашқы бастап үйрететін орын мектеп болғандықтан, бұл қиындыққа әсіресе баспа қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері кездесіп отырады.
Сондықтан 1960 жылы баспа қызметкерлері мен мұғалімдерге арналып қазақ тілі емлесі мен тыныс белгілері ережелерін бір жерге жинақтап баяндайтын тұңғыш анықтағыш шыққан болатын. Оның өңделіп, толықтырылған екінші басылымы 1974 жылы жарық көрді. Алғашқы басылымдардың екеуінде де “Анықтағыш” Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1957 жылы маусымның 5-інде бекіткен “Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін” басшылыққа алып жазылған болатын. Екінші басылымы шыққаннан кейінгі жиырма жылдай уақыттың ішінде қазақ емле ережелерінің жаңа редакциясы (түзетілген түрі) жасалып, бұрынғы қағидалар біраз өңделген болатын. Соған сәйкес емле ережелерінің жаңа редакциясы түзіліп, ол да Жоғарғы Кеңес Президиумының 1983 жылғы тамыздың 25-індегі Жарлығымен бекітілген еді. Мұнда бірқатар қағидалар айқындала түсті, біріккен сөздердің жазылуын реттейтін баптар қосылды. Әсіресе ғылым мен техниканың әр алуан саласына қатысты терминдік мағынаға ие болған сөз тіркестерінің қосылып жазылатындығы баса көрсетілді. Екі түбірден құралып, техника, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, онер, спорт сияқты салаларға қатысты зат, құрал-жабдық, ұғым атаулары мен мамандық, кәсіп, қызмет иелерін атайтын сөздер бірігіп жазылады деген ереже заңдандырылды. Кісі аттарының емлесіне де ескертулер қосылды: екінші сыңары к, к дыбыстарынан басталатын есімдердің естілуінше жазылатыны айтылды. Бұл өзгеріс, жаңалықтардың әрқайсысы өзіне тиісті ережелер ішіне енгізіліп, толық көрсетілді. Осыған байланысты едәуір жаңа баптар (параграфтар) қосылды. Бұрынғы ережелердің бірқатары толықтырылып немесе ықшамдалып жөнделді, мысалдары сұрыпталды.
“Анықтағыштың” осындай жаңалықтар мен түзетулер енгізіліп едәуір толықтырылған 3-басылымы “Емле және тыныс белгілері” деген жаңа атауымен 1996 жылы жарық көрді.
Бұл анықтағыш құралдың 4-басылымын ұсынып отырмыз. Мұнда да 3-басылыммен екі арада өткен соңғы 4-5 жылда болып жатқан түзетулер мен жаңалықтар ескерілді, сөздік материалы едәуір толықтырылды. Бірақ негізінен 3-басылым құрылымы мен баяндалуы жағынан көп өзгеріссіз қайта ұсынылып отыр.
Басылымдардың барлығында да қосымша ретінде шағын емле сөздігі беріліп келеді. Оның өзге орфографиялық сөздіктерден айырмасы - мұнда сөз тіркестері реестр (жеке сөзтізбе) ретінде ұсынылады (қазақ тілінің толық орфографиялық сөздігінде немесе мектепке ар-налған емле сөздіктерінде құрамындағы сөздер бір-бірінен бөлек жазылатын тіркестер сөзтізбеге шығарылмай, ұяда беріледі). Оның үстіне, мұнда өзге емле сөздіктерінде орын алмаған кейбір көне, жаңа, жергілікті сөздер мен сирек жұмсалатын тұлғалар қамтылды. Бұлай болу себебі біз ұсынып отырған сөздіктің әрі нормалайтын сипатта болуына, әрі кең түрде қолданылатындығына байланысты.
Сондай-ақ біздің сөздігіміз бен 1988 жылы шыққан “Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің” арасында кірме сездер мен күрделі сөздердің жазылуында өзгешелік барын ескертеміз, яғни бұрын бөлек жазылып берілген аң-құс, өсімдіктердің күрделі атаулары және терминдік сипатқа ие болған күрделі сөздер қосылып жазылды және бұрын завод, товар деп орысша тұлғасында жазылып келген бес-он сөз қазақша қалыптасуынша зауыт, тауар деген сияқты тұлғаларда берілді. Бұған тілімізге ертеден еніп, сөйлеу дағдымызда қазақша қалыптасқан сөздерді мүмкіндігінше сол қалпында сақтау бағыты негіз болып отыр. Айталық, тауар - түркі тілдерінің өз сөзі, о баста бұл сөз тауар/туар тұлғасында көптеген түркі тілдерінде жалпы “мал”, “ірі мал” және “мүлік” мағыналарында қолданылған. Тіпті қазақ тілінің өзінде туар қара тіркесі “жылқы” мағынасында жұмсалғандығын ертеректегі жазба ескерткіштеріміздің тілі (мысалы, ХҮІ ғасырдағы жалайырдан шыққан Қадырғали бидің шежіресі) керсетеді. Демек, кейінгі замандарда орыс тілінен қайырып алып, сәл өзгеше мағынада жұмсап келген товар сөзін тауар деп қазақша айтып, қазақы түрде жазуға әбден болады. Сол сияқты завод деген нағыз орыс сөзі болғанмен, өткен ғасырда қазақ жерінде көріне бастаған қарапайым өндіріс орындарын халқымыз зауыт деп атағанын білеміз. Мысалы, ондаған ғана адам істейтін тері илейтін орынды қазақтар тері зауыты деп те атай берген. Бірді-екілі кейбір тұрмыстық сөздерді де емле ережелерімізде бар қағидаға сүйеніп, қазақыланған тұлғада жазуға болар. Бірақ бұл орайда қатты ескертетін жайт - ресми түрде қабылданған, бекітілген, демек, күшін жоймаған емле ережелерімізді пайдаланып отырған бұл күндерде әйтеуір қазақылауға болады екен деп, жеке сөздерді әркім (әр баспа, әр редакция,ә автор) өз қалауымен өзгертіп жаза беруге мүлде болмайды. Мұндай әрекет жазу мәдениетімізде аяқ алып жүргісіз бейберекеттікті (хаосты) туғызады. Әлде де бірқатар сөздерді қазақша тұлғалауға болатындығын сезгенімізбен, әуелі олардың өзгертілген (қазақшаланған) түрлерін заңдастырып алғаннан кейін, яғни ғылыми әрі практикалық тұрғыдан дәлелденіп, мақұлданған, көпшілік қолданысына ресми түрде міндеттелген күннен кейін ғана сол “қазақы” тұлғаларды жазуға болады.
Емле ережелері мейлінше жинақы болып, қысқа қайырылатындықтан, көбінесе оларда көрсетілген жазу заңдылықтарының дәлелдері кеңінен айтыла бермейді. Мұндай түсіндірмелерді осы кітаптың “Кіріспе” бөлімінің “Қазақ емлесінің кейбір мәселелері жайында” деген тұсынан оқып білуге болады. Сондай-ақ осы жерде есеп//хисап, ертегі//ертек, шайтан//сайтан сияқты бірқатар жарыспалы тұлғалардың емле сөздіктеріңде қатар орын алу себептері және қазіргі қазақ әдеби тіліндегі варианттар (жарыспалылық) жайы түсіндіріледі.
Бұл құралды пайдаланушыларға алдын ала ескерте айтатын бір мәселе - мұнда емле мен тыныс белгілері ережелерін баяндау барысында орысша терминдердің жиірек қолданылғаны жайында. Мысалы, күрделі сөздердің, сөз тіркестерінің, құрмалас сөйлемдердің құрамды бөліктерін көбінесе “компонент” деп атап отырдық, өйткені бұл ұғымды білдіруге “сыңар” сөзі жақын келгенмен, ол барлық жерде дәл түсе бермейді: сыңар деп әдетте бірдей, тең екі нәрсенің біреуін айтамыз, сыңар - егіздің біреуі, ал компонент - екі не одан да көп күрделі нәрсені құрайтын бөлік.
Сөздердің қосылып не бөлек жазылатын сәттерін көрсеткен кейбір мысалдардың орысша баламасын жақша ішінде беріп отырдық, ондағы көздеген мақсатымыз екі тілдегі біріккен не күрделі сөздердің жазылуы әрдайым бірдей еместігін көрсету болды. Күні бүгінге дейін әсіресе аударма әдебиетте, баспасөз беттерінде орысша баламасына қарап бір типтегі (сипаттағы) сөздердің бірін қосып (мысалы: аяқкиім - обувь), екіншісін болек (бас киім - головной убор) жазушылық жиі кездеседі.
“Анықтағыштың” соңғы басылымдарымен екі аралықта өткен мерзім ішінде жазу тәжірибеміз бен табыстарымыз, емле ережелеріне қатысты баспасөз беттерінде айтылған сын пікірлер мен ұсыныстар еске алынды. Ал кейінгі жылдарда қазақ емлесіне және 1988 жылы шыққан “Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне” қатысты айтылған пікірлер мен ұсыныстар, сондай-ақ әрбір редакция, әрбір автор өз қалауынша жасап жатқан емлелік “түзетулердің” барлығы бірдей ескерілген жоқ (мысалы, үніберситет, белесипет, мүйнөт, секөнт деп жазулар сияқты). Үкімет тарапынан ресми түрде бекітілген емле ережелеріне жасалатын өзгерістер көпшілік (ғалымдар, баспагерлер, мұғалімдер т.б.) болып келісе отырып, әбден дәлелденіп, енгізілгенше және олар заңды түрде қабылданып, баршаға бірдей қолдану міндеттілігі жүктелгенше, Қазақ СР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1983 жылғы тамыздың 25-індегі қаулысында бекіткен “Қазақ орфографиясының негізгі ережелерінің” түзетілген редакциясы күшінде деп есептеліп, “Анықтағыштың” бұл басылымы сол ережелер бойынша түзілді.
Алдағы уақытта қазақ емле ережелерінің кейбір баптарына өзгеріс енетіндей болса, ол күнде баспа бетінде немесе жеке нұсқау түрінде ұсынылып, “Анықтағыштың” қай бабы (параграфы) қалайша қолданылуға тиіс болатындығы көрсетіледі. Ондай түзетулер бұл құралды түгелімен өзгертіп, кәдеге асырмай тастауы мүмкін емес, сондықтан “Анықтағышты” күнделікті жазу тәжірибемізде пайдалану жүзеге аса бермек.
Ал бүгінде сөз болып жатқан жазу түрін (графиканы) өзгерту мәселесіне байланысты проблемалар шешіліп, басқа жазуға, айталық латынға көшетіндей болған күннің өзінде де қазіргі жазу тәртібіміз әлі де бірнеше жылдар қолданылатындығын ескеруіміз керек. Осы тұрғыдан қарағанда да қалың жұртшылықтың жазу мәдениетін көтеретін осы “Анықтағыш” сияқты құралдар қажет бола бермек.
“Қазақ тілінің анықтағышы” деп жалпы атпен ұсынылған бұл кітапта емле ережелері, тыныс белгілерін қою қағидалары, ауызша сөйлеу үстінде сөздерді дұрыс дыбыстау (айту) заңдылықтары бір жерге жинақталып беріліп отыр, яғни бұрын жарияланып келген “Емле және тыныс белгілері” (“Рауан”, 1996) атты кітапқа “Сөз сазы” (“Санат”, 1995) атты құрал қосылды. Мұнда сауатты жазу мен сөзді дұрыс айту нормалары ереже түрінде баяндалып қана қоймайды, ол ережелер түсіндіріліп, мысалдармен дәлелденеді, тіпті жаттығу жұмыстары мен шағын орфографиялық сөздік беріледі. Сондай-ақ “Қосымша” ретінде бас әріппен жазылатын сөздер мен сөз тіркестерінің: жалқы есімдердің, мекеме, ұйым, қозғалыс, ағым сияқтылардың күрделі атауларының тізімі алфавит тәртібімен берілді. “Қосымша” материалды дайындаған - Қаныгүл Жаманбаева.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   143




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет