Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі
Дін істері комитеті «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және
талдау орталығы» РММ
ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТАРЫ
Ақпараттық-анықтамалық материал
Астана – 2015
2
УДК 28
ББК 86.38
И 87
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері
комитеті «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау
орталығының» РММ Ғылыми-сараптамалық кеңесі ұсынған
Жалпы редакциясын басқарған А.Әбдірәсілқызы, филол. ғ. к.
И 87 Исламдағы әйелдің жағдайы және құқықтары. Ақпараттық-
анықтамалық материалы / Құраст.: Ж.Тенлибаева, Б.Алмурзаева,
Б.Жанаков. – Астана: Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау
орталығы, 2015. – 54 б.
ISBN 978-601-7571-21-4
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы
тарапынан дайындалған бұл ақпараттық-анықтамалық материалда ислам
дініндегі әйел адамдардың жағдайы мен құқықтары баяндалған. Сонымен
қатар, көшпенділер тарихы үшін елеулі рөлге ие болған әйел образының
ислам дінімен үндескен дамуы, Кеңес үкіметі тұсында орын алған феминизм
бастаулары мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы әйелдің әлеуметтік-құқықтық
мәртебесі мәселелері қамтылған қамтылған.
Ақпараттық-анықтамалық материалда мол мағлұматтармен қатар тарихи
мәліметтер мен ғибратты оқиғалар келтірілген.
УДК 28
ББК 86.38
© Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу
және талдау орталығы, 2015
3
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ ........................................................................................................................................4
1. ИСЛАМҒА ДЕЙІНГІ АРАБ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ОРНЫ
МЕН МӘРТЕБЕСІ ......................................................................................................................5
а) Қыз баланың әлеуметтік бейнесі .........................................................................................5
ә) Некелесу түрлері және отбасындағы әйел мәртебесі ........................................................6
2. ИСЛАМ ДІНІНДЕГІ ӘЙЕЛДІҢ ОРНЫ МЕН ҚҰҚЫҚТАРЫ ......................................9
а) Ақида және фиқһ іліміндегі әйелдің орны мен рөлі ........................................................12
ә) Ислам қоғамындағы әйел мәртебесі .................................................................................22
3. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ МӘРТЕБЕСІ ................................26
а) Байырғы қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі ...................................................................26
ә) Кеңес үкіметі кезеңіндегі әйел құқығы және феминизм .................................................31
б) Қазіргі тәуелсіз Қазақстандағы әйелдің әлеуметтік-құқықтық мәртебесі ....................35
ҚОРЫТЫНДЫ ..........................................................................................................................50
4
КІРІСПЕ
Әйел тақырыбы, соның ішінде діндегі әйел мәселесі өзіндік маңызға ие
тақырып. Әрбір дін әйел затының қоғамдағы, отбасындағы орны мен
құқықтарына қатысты өзіндік ұстанымдарын білдірген. Соның ішінде ислам
діні әйел қауымының құқықтарын айрықша деңгейге көтеріп, оның
отбасындағы, қоғамдағы орнын айқындап береді.
Ислам діні бейбітшілік пен тыныштықты татулық пен рухани бірлікті
нығайтып, адам құқығының мұраларын сақтауға зор үлес қосты. Оның басты
мақсаты
әділетсіздік пен қанаушылықты шектеп, адамзат баласына дінін,
жаны мен мал-мүлкін, ар-намысы мен қасиетін сақтауға кепілдік беру. Ол
әрбір тұлғаны белгілі бір құқықтарға ие етті. Соның ішінде әйел адамның
құқығына да ерекше көңіл бөліп, оның ар-намысын қорғап, қоғамда лайықты
орынға ие болуын қамтамасыз етті.
Алайда, көпшілік исламдағы әйелдің орны мен рөлі туралы
шығармалармен көпшілік жете таныс болмағандықтан ислам мәдениетіндегі
әйел адамның құқығына қатысты жаңсақ түсініктер белең алуда. Әйелді
ерекше қадірлейтін ислам діні оның заманауи әлемдегі дамуына да негіз
болатын қағидаттар қалыптастырған.
Дәстүрлі дін қағидаларын салт-дәстүрімізбен ұштастыра білген
халқымыз да әйел затына ерекше көзбен қарады. Қазақ халқы ұрпақ
тәрбиесіндегі, қоғамдағы имандылық ұстанымдары мен отбасылық
құндылықтарды сақтаудағы, жас ұрпақ бойына дәстүрлі рухани
құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеудегі әйел ананың орнын жоғары
бағалаған. Рухани өмірімізде елеулі маңызға ие болған осындай
құндылықтық ұстанымдар қазіргі Қазақстан қоғамында да жалғасын табуда.
Дегенмен соңғы кездері ақпарат кеңістігінде әртекті мәліметтердің
көптеп көрініс табуы, сонымен қатар діннің ішкі мазмұнынан гөрі сыртқы
формасына ден қойып, атрибуттық белгілерді дәріптеудің белең алуы
аталмыш тақырыпқа тарихилық қағидаты тұрғысынан назар салу
қажеттілігін тудырып отыр.
Осыған орай бұл еңбекте исламға дейінгі араб қоғамындағы әйелдердің
орны, ислам дініндегі әйелдің жағдайы мен құқықтары, дәстүрлі қазақ
қоғамы мен қазіргі Қазақстандағы әйел мәртебесі тақырыптарын жан-жақты
талқылауға мән берілді.
5
1. ИСЛАМҒА ДЕЙІНГІ АРАБ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ
ӘЛЕУМЕТТІК ОРНЫ МЕН МӘРТЕБЕСІ
а) Қыз баланың әлеуметтік бейнесі
Бүгінге дейін тарихшылар мен шығыстанушылар тарапынан исламға
дейінгі көне араб қоғамындағы әйел адамның құқығына байланысты нақты
деректер мен фактілер келтірілмеген. Дегенмен, зерттеушілердің басым
бөлігі ислам діні келгенге дейінгі араб қоғамындағы әйел адамның
әлеуметтік жағдайы қиын болғанын атап көрсетеді. Көне арабтардағы
әйелдер тайпалық дәстүрлерге қатаң бағынды. Көптеген құқықтық
мүмкіндіктен шеттетілді.
Араб түбегін мекен еткен тайпалардың әрқайсысы өздеріне тән
жазылмаған дәстүрлі заңдарымен ерекшеленді. Оңтүстік аймақтарда өмір
сүрген әйел адамдар көп жағдайда жергілікті тәртіпке бағынып, яһуди не
христиан дінінің бірін ұстанған болса, солтүстік өңірлердегі араб әйелдері
жабайы далалық бәдәуилік тұрмыс дәстүрін басшылыққа алған. Кейбір
тайпалар әйелдерге сәл болса да азаматтық еркіндік берсе, басым бөлігі
оларды адам қатарына да қоспады. Көне араб ерлері әйел адамды зат ретінде
санап, тек тән рахаты үшін қолданатын. Бұған араб поэзиясындағы өлең
жолдары мен тарихтағы оқиғалар куә.
Араб қоғамының отбасында ер адам толық басшылық жасады, билік іс
жүзінде ерлердің қолында болды. Әйелді күйеуге қамқоршылары ұзататын
және әйелдің қамқоршыларына қарсы шығуға құқығы болмайтын. Исламға
дейінгі араб қоғамында зинақорлық кең етек алған, тіпті жезөкшелер
есіктеріне белгі ретінде жалау іліп қойып, өздеріне келген еркектерді
қабылдайтын. Мұндай жезөкшелердің бірі жүкті болып қалса, жақындасқан
адамы оннан аз болған жағдайда, босанғанынан бірнеше күн өткен соң,
өзімен жақындасқан кісілерді жинап, баланы олардың арасындағы өзі
қалаған кісіге таңып: «Бұл – сенің балаң», – дейтін. Ал оның жақындасқан
адамы оннан көп болса, жақындасқан адамдары жиналып, қаифтарды (із
кесуші әрі адамдардың табандарына қарап олардың өзара туыс немесе
туысқан еместігін ажырата алатын адам) шақыратын да, бала қаифтар
нұсқаған кісіге таңылып, соның баласы саналатын және кісі баланы
қабылдаудан бас тарта алмайтын. Ислам келген соң, Мұхаммед пайғамбар
мұндай арсыздықтардың барлығына тыйым салды.
Арабтар тайпааралық соғыста жеңіліс тапқан рулардың әйелдерін
тұтқынға алып, тұтқынға түскен әйелдерді күң-кәнизак ретінде ұстайтын
және олардан туған балалар өмір бойы масқаралықтан арылмайтын. Исламға
дейінгі кезеңде арабтарда әйелдің құқығы тым төмен еді. Арабтар тұңғыш
перзенттері қыз болса, оларды тірідей жерге көметін. Өлтіруге қимағандары
қыздарын ұлдарша киіндіріп, жұрттан жасырып ұстаған. Әйел мәртебесін
тым төмендету себебі қыздар өскенде жезөкшелік жасап, «абыройымызға дақ
түсіреді» деп ойлайтын. Шынында да исламға дейінгі жабайы араб
қоғамында жезөкшелік асқынып тұрды. Арабтардың қыздарын тірідей жерге
6
көмуін Құран былайша сынға алды: «Егер олардың біреуі қызбен
сүйіншіленсе (әйелінің қыз тапқанын естісе), оны ашу қысып, беті қарая
бастайды. Өзіне берілген жаман хабардың салдарынан елден жасырынады.
Оны қорлыққа шыдап ұстау немесе топыраққа көміп тастау керек пе? Олар
нендей жаман үкім береді» (Нахл, 58-59). Ислам діні осылайша арабтардағы
азғындық әрекетке тыйым салды.
Мұхаммед пайғамбардың әйел затына ерекше көңіл бөлу керектігі
туралы хадистері өте көп. Солардың кейбіріне тоқталар болсақ:
«Мұсылмандардың ең жақсысы, әйеліне дұрыс қарағаны», «Әйелдерге жақсы
мінезде болыңыздар» деп өсиет етті. Жалпы, ислам әйелді қашан да
құрметтеуге шақырады. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбар былай деді:
«Әйелдерге ер кісілер өзінің апа-қарындастарындай мәміледе болуы керек.
Еркекті адам ететін әйел».
Исламға дейінгі арабтарда кейбір кедей, тұрмысы нашар отбасылар тіпті
ұл баласын да тірідей жерге көметін. Бірақ, халық ішінде есті, ақылды,
парасатты жандар әлгі балалардың қыршынынан қиылуына тосқауыл болып,
ата-анасынан сатып алып, өзі өсіріп, тәрбиелейтін. Ал басқа жағдайда
арабтар ұл баланың туылуын құт-береке санап, қыз баланың туылуын
қаламайтын.
ә) Некелесу түрлері және отбасындағы әйел мәртебесі
Исламға дейінгі дәуірде жеке адамның адамгершілігіне байланысты
кейбір арабтар үйленетін болса, исламның кезіндегідей біреудің қызына
немесе қамқорлығындағы әйелге құда түсіп, әйелге тиесілі мәһрін беріп, отау
құратын. Алайда оларда еркек пен әйелдің қатынасында жиіркенішті, арсыз
қылықтар да кездесетін. Мысалы, ер адам әйеліне етеккірінен тазарған
кезінде: «Пәленшеге барып, онымен жақындас», – дейтін. Сөйтіп әлгі кісіден
бала көтергені анықталғанға дейін әйелімен жақындаспайтын. Ал одан жүкті
болғаны анықталған соң, қаласа, күйеуі әйелімен жақындаса беретін. Олар
мұндай сорақылықты асыл тұқымды бала алу ойымен жасайтын.
Исламға дейінгі араб қоғамында әйелдердің санын шектеместен, көп
әйелдерге үйленетін, апалы-сіңлілі әйелдерге қатар үйленетін және әкелері
ажырасқан, әкелерінен жесір қалған әйелдерге үйлене беретін. Бұл туралы
Құранда: «Әкелерің үйленген әйелдерге үйленбеңдер. Бірақ, бұрын өткені
өтті. Өйткені, бұл – бір арсыздық, жеккөрінішті іс және жолдың жаманы.
Сендерге аналарыңа, қыздарыңа, әпке-қарындастарыңа, әкелеріңмен бір
туған әйелдерге, шешелеріңмен бір туған әйелдерге, бір туған
бауырларыңның қыздарына, бір туған әпке-қарындастарыңның қыздарына,
өздеріңді емізген сүт аналарыңа, бір еміскен сүт бауыр әпке-қарындастарыңа,
әйелдеріңнің аналарына, үйленіп, жақындасқан әйелдеріңнің (бұрынғы
күйеуінен болған) қолдарыңдағы өгей қыздарыңа үйлену тыйым салынды,
егер ол әйелдерге жақындаспаған болсаңдар, сендерге күнә жоқ. Әрі бел
балаларыңның әйелдері және әпке-сіңліліге қатар үйленулерің тыйым
7
салынды. Бірақ, бұрын өткені өтті. Ақиқатында, Алла – өте Кешірімді,
ерекше Рақымды» (Ниса, 22-23) деп ескерту жасалған.
Ерлі-зайыптылардың ажырасуы да толықтай ер адамның қолында
болды. Исламға дейінгі дәуірдегі арабтардың азат әйелдерге қарағанда
күңдермен ойнастық жасауы жиі кездесетін. Мысалы, Әбу Дауд Амр ибн
Шұғайб арқылы оның атасынан жеткізген хадисте бір кісі орнынан тұрып:
«Уа, Алла Елшісі! Негізінде, пәленше – менің балам. Жәһилият кезінде оның
анасымен ойнастық жасағанмын» дегенде, Алла елшісі: «Исламда баланы
біреуге таңушылық жоқ, жәһилияттің ісі жоғалды. Бала төсектікі, ал
ойнастық жасағанның балаға құқығы жоқ» деп шешім айтқан (Әбу Дәуд,
Ахмад).
Кейбір арабтар ұлдарын текті ету үшін әйелдерін өз қолымен ақсүйек
адамның төсегіне апарып жатқызатын. Жезөкше әйелдер жүкті болып қалған
жағдайда, қаиф деген (сәуегей) келіп, еркектердің біріне мына баланың әкесі
сенсің деп, оны зинадан туған балаға әке ететін. Арабтардың «шиғар» деген
некесі бойынша, қыздары бар арабтар бір-біріне қыздарын қалыңмалсыз
беріп үйленетін. «Бәдел» деген неке бойынша, арабтар әйелдерін бір-біріне
беріп айырбас жасайтын. Күйеуі өлген жесірді туыстарының бірі өзіне әйел
ететін.
Ислам отбасылық қарым-қатынасты бірізділікке түсіріп, әйел мен ердің,
ата-ана мен балалардың құқықтарымен міндеттерін анықтап берді. Отбасы −
адамның өз бақытын тауып, ұрпақт жалғастыратын, әрі ислам діні бойынша
күнә деп саналатын жаман әрекеттерден қорғайтын бірден-бір қорған. Ислам
діні бойынша отбасы түрі патриархаттық негізде қалыптасты. Алайда, бұл
«қараңғылық дәуірдегі» ер адамның отбасыдағы үстемдігінен өзгеше еді.
Бірақ, отбасын басқаруда отағасы белгілі құқықтарға ие болды. Мысалы, әке
өз баласын сатуға немесе өлтіруге шешім қабылдауға құқығы болмады.
Осыған байланысты қараңғылық дәуірде орын алған жас сәбиді өлтіру
әдетіне тыйым салынды. Сондай-ақ, мұсылман құқығында әйел кейбір
мәселелер бойынша күйеуінен тәуелсіз болды. Алайда, ислам шариғаты
бойынша еркектің қоғамдағы атқарар жұмысы ауыр болғандықтан, ер
адамның әйелден кейбір мәселелерде үстемдікке болып саналады. Бұл
жайында Құран былай дейді:
«Еркек әйелден бір саты жоғары тұрады. Себебі, ерлер әйелдер үшін
мал-мүліктерін сарп етеді. Жақсы әйел еріне бойсұнады, ерлері жоқ кезде
Алланы пана тұтып, өздерінің абыройын сақтайды. Ал егер олардан жаман
қылық көрсеңдер үгіт-насихат айтып, ескертіңдер, оған көнбесе төсекте бірге
жатпаңдар. Онда да болмаса (соңғы шара ретінде) ұрыңдар. Егер бағынса,
басқа жол іздеп оларды жәбірлемеңдер. Алла сендерден ұлы, әрі үстем. Ерлі-
зайыпты екеудің ынтымағы жараспай бара жатқанынан қауіптенсеңдер, онда
ер жағынан бір әділ адамды, әйел жағынан бір әділ адамды жұмсаңдар. Алла
оларды татуластырар болса, онда араларының жарасып кетуіне дәнекер
болыңдар. Алла шынында да бәрін біліп, барлығынан хабардар болып
тұрады» (Ниса, 34-35).
8
Құранның бұл үкімдерінің басты мұраты отбасының татулығын сақтап,
әйел мен ердің арасында келіспеушілік туындаған жағдайда, оны шешу үшін
ортаға татуластырушыларды салып, отбасының айрылысуын тоқтатуды
көздеген. Ислам діні патриархаттық отбасыны белгілі бір өлшемде ғана
қолдады. Өйткені, отбасылық қатынаста ер адамның әйелдің көңіліне қарау,
азық-түлікпен қамтамасыз ету, киіндіру секілді міндеттері және әйелдің
тәуелсіз жеке көзқарасының болуы, мұсылман құқығында әйел мен еркектің
белгілі бір деңгейде теңдігі болғандығын көрсетеді. Тарихта ислам мемлекеті
қалыптаспай тұрып-ақ, Мекке кезеңінде Құран Кәрім әйел мен еркек теңдігін
былай айқындады: «Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел амал
істеушілердің амалын зая етпеймін. Сендер бір-біріңненсіңдер» (әл-Имран,
195). Мұхаммед пайғамбар да әйел мен еркектің теңдігі хақында:
«Әйелдеріңіздің сіздерде, сіздердің әйелдеріңізде хақыларыңыз бар» деген
болатын.
Исламнан бұрынғы арабтардың азғынданғаны соншалықты, тіпті олар
өгей шешелеріне де үйлене беретін. Құранда әке-анаға ізгілік жасау
жайында: «Сендерге Алла тек өзіне ғана бойсұнуды бұйырды, ата-аналарыңа
жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі немесе екеуі бірдей қартайып
(қалжырап) қалса «үһ» деуші болмаңдар, зекіп ұрыспаңдар. Екеуіне де ізетті
болыңдар. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілмен бас иіңдер. «Аллаһым,
олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай
рахымдылық ете гөр!» деп айт» делінген (Исра, 23-24).
Исламнан бұрынғы дәуірде арабтарда «Ниһлә» деп аталатын қыздың
құны берілетін болған. Оны тек қыздың өкілдері алатын. Ал ислам шариғаты
бойынша әйел адам мәһірдің құнын өзі белгілейді, жұмсауы да өз еркінде.
Исламға дейінгі араб қоғамындағы тұрпайы әдеттердің бірі – тайпалық
дәстүр бойынша шеше, әйел, қыз, сәбилер мирас алу құқығына ие
болмайтын. Тек соғысуға жарайтын ер адам ғана мирасты иеленетін. Осыдан
араб қоғамында дүние-мүлікті мұраға қалдыруда үнемі келіспеушіліктер мен
реніш туатын еді.
Құранда былай баяндалады: «Және Алланың сендерді басына тұрғызған
малдарды ақылсыздарға бермеңдер (Жетімнің малын ақыл-есі толмай
өздеріне тапсырмаңдар). Оларды тамақтандырып, киіндеріңдер де, оларға
сыпайы сөз сөйлеңдер. Жетімдерді үйлену шағына жеткенше сынаңдар.
Сонда егер олардан естиярлық көрсеңдер, дереу олардың малдарын өздеріне
беріңдер. Сондай-ақ, олардың ержетуінен қорқып, ысыраптап, тездетіп
жемеңдер..» (Ниса, 5-6).
Қайтыс болған адамның баласы болмай, әке-шешесі болса, онда әйеліне
мұраның үштен бірі тиесілі болды. Егер, қайтыс болған адамның аға-іні,
әпке-қарындасы болса, онда әйелге мұраның алтыдан бірі тиді. Ал, қайтыс
болған адамның баласы мен әке-шешесі болмаса, онда әйеліне мұраның
жартысы қалдырылды. Қайтыс болған адамның әке-шешесі жоқ, бірақ,
балалары болса, онда әйелге мұраның төрттен бірі тиесілі. Қайтыс болған
адамның әке-шешесі мен баласы болмаса, қайтыс болушының аға-іні, әпке-
9
қарындастары мұраның алтыдан бірін ала алды. Ал, егер марқұмның
туыстары көп болса, онда мұраның үштен бірі солардікі. Марқұмның
артында жалғыз қыз баласы қалған жағдайда, мұраның үштен бірі қызына
қалдырылып, мұраның қалған бөлігі жетім-жесір, жарлы-жақыбайларға
берілді.
Исламға дейінгі араб қоғамындағы тағылық әдеттердің бірі, қайтыс
болған адамның жесіріне қайтыс болған адамның ағасы немесе інісі мұра
ретінде қарап, оған зорлықпен үйленетін. Ал, мұсылман құқы әйелдің еркі
болмаса, зорлықпен әмеңгерлікке алуға тыйым салды. Бұл туралы Құранда:
«Әй, мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал
емес..» (Ниса, 19). Шариғат заңы бойынша мұра алам деп бір-бірін
өлтіргендерге мұрадан үлес берілмеді. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбар:
«Өлтірген адамға мұрадан үлес жоқ» деген болатын. Сонымен қатар,
мұсылман құқында некесіз туылған балалар мұрагерлік құқына ие бола
алмайды.
Осылайша исламға дейін әйел затын құмар қандырушы бір сәттік
ләззатқа балаған араб қоғамына ислам түбегейлі өзгерістер әкелді. Исламның
келуімен ескі тағылық, тұрпайы іс-әрекеттердің бәріне тыйым салынып,
жеңіл жүріс пен көңіл көтеру, зина секілді азғынданудан ада, пәк, белгілі бір
тәртіпке бағынған абыройлы отбасы пайда болды.
2. ИСЛАМ ДІНІНДЕГІ ӘЙЕЛДІҢ ОРНЫ МЕН ҚҰҚЫҚТАРЫ
Ислам діні жалпы адам құқығына, оның ішінде әйел адамның құқығына
айрықша мән беріп, оның ар-намысын қорғап, оның қоғамда лайықты орынға
ие болуын қамтамасыз етеді.
Ислам дінінің келуімен әйел адамға деген көзқарас түбегейлі өзгеріп,
әйелге ерекше мәртебе берілді. Бұл исламның ілгерішіл екендігін
айғақтайды.
Ислам діні ең алдымен сәбилердің өлтірілуіне тыйым салды. Қызды
тірідей көму сияқты надандық дәстүрді Құрандағы «Жарлы күй кешіп,
тұрмыс-тіршіліктерің нашар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер!
Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз» (Әнғам, 151), «Тірідей
көмілген балаларыңа «Қандай кінәларың бар еді, нендей күнә үшін
өлтірілдіңдер?» деп сұралғанда…» (Такуир, 8-9) деген аяттармен тоқтатты.
Балалардың арасын алалағанды құп көрмеген Мұхаммед пайғамбар:
«Кімде-кімнің үш (екі я бір) қызы болса, соларға жақсы қараса, ақыретте
жұмаққа барады» деп, қыз балаға мейіріммен қарап, ұлдан кем көрмеуді
өсиет еткен.
Қыз баланы өлтіруге тыйым салумен шектелмеген ислам діні әйелге
деген құрмет пен қамқорлықты айрықша насихаттады. Әйелдің отбасындағы
және қоғамдағы орны айқындалды. Әйелдің міндеттерімен қатар құқықтары
да белгіленіп, ар-намысы мен абыройы қорғалатын болды. Ислам дінінің
10
әйелдерге ерекше қамқорлық танытуы адамзат тарихындағы айрықша
оқиғалардың бірі болды.
Ислам діні келген алғашқы кезеңде Құран кітабы әйел мен еркектің
Алла алдында құқықтары мен міндеттері тұрғысынан тең екенін мынадай
аяттармен нақтылады: «Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел амал
істеушілердің амалын зая етпеймін. Сендер бір-біріңненсіңдер (Бәрің
бірдейсіңдер)» (Әли Ғымран, 195), «Ер немесе әйелден кімде-кім иман
келтірген күйде түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жаратамыз. Әрі
оларға жасаған істерінен жақсырақ сыйлық береміз» (Нахыл, 97).
«Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа
қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап,
зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла, мәрхаметіне
бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана» (Тәубә, 71), «Олар сендерге
киім, сендер де оларға киім (іспетті) сіңдер» (Бақара, 187) деген аяттар әйел
мен еркектің бір-біріне тең және бір-бірін толықтыратын жандар екенін
көрсетеді.
Сонымен қатар ер адам болсын, әйел адам болсын жақсы амал
істегендердің ең жақсы сыйға бөленетіндігі Ахзаб сүресінде «Сөз жоқ,
мұсылман ерлер және мұсылман әйелдер, мүмін ерлер және мүмін әйелдер,
бой ұсынушы ерлер және бой ұсынушы әйелдер, шыншыл ерлер және
шыншыл әйелдер, сабырлы ерлер және сабырлы әйелдер, ықыласты ерлер
және ықыласты әйелдер, садақа беруші ерлер және садақа беруші әйелдер,
ораза ұстаушы ерлер және ораза ұстаушы әйелдер, ұятты жерлерін қорғаушы
ерлер және әйелдер, Алланы көп зікір етуші ерлер және әйелдер, Алла (Т.)
бұлар үшін жарылқау және ірі сыйлық әзірледі» (Ахзаб, 35) делініп, егжей-
тегжейлі түсіндірілген.
Ер адам да, әйел адам да өздері істеген амалдарының сыйы мен жазасын
тең түрде алады: «Ер немесе әйел адамнан кім иман келтірген күйде ізгі
амалдарды істесе, міне солар жәннатқа кіреді. Ешқандай әділетсіздікке
ұшыратылмайды» (Ниса, 124), «...Ер, әйелден кімде-кім сенген түрде ізгі іс
істесе, ал міне, солар жаннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа
бөленеді» (Ғафыр, 40), «Енді біл! Шын мәнінде, Алладан басқа ешбір тәңір
жоқ. Өзіңнің әрі мүмін ер, әйелдердің күнәларының жарылқануын тіле!»
(Мұхаммед, 19).
Сонымен қатар ер адамның дұғасының қабыл етілетініндей, әйел
адамның да тілегіне жауап берілетіндігі, ешбірінің де істеген жақсылығының
елеусіз қалмайтындығы туралы Құранның Әли Ғымран сүресінде былай
көрсетіледі: «Тәңірі олардың тілектерін қабыл етті. Мейлі ер болсын, мейлі
әйел болсын, қандай да бір жақсы іс істеген адамның еңбегін зая етпеймін.
Сендер бір-біріңненсіңдер» (195-аят).
Мұхаммед пайғамбар Мәдинаға хижрет жасағанда ерлер секілді
әйелдердің де сертін алған. «Әй Пайғамбар! Егер саған мүмін әйелдер,
Аллаға еш нәрсені ортақ қоспауға, ұрлық қылмауға, зинашы болмауға
балаларын өлтірмеуге, қол-аяқтарының арасынан бір жала жаппауға, (Суық
11
жолдан тапқан баланы өз еріне телімеуге.) және ізгілік істеуге, өзіңе қарсы
келмеу үшін келген кезде, олардың (биғаттарын) серттерін қабыл ал.
Олар үшін Алладан жарылқау тіле. Өйткені Алла, тым жарылқаушы, ерекше
мейірімді» (Мүмтахинә, 12). Бұл әлеуметтік және діни өмірде құқық пен
жауапкершілік тұрғысынан ислам дінінде әйел мен еркек деп бөлушіліктің
жоқ екенін көрсетеді.
Ислам дінінде әйел мен еркек физиологиялық және психологиялық
жаратылысы тұрғысынан ерекшеленеді. Психологиялық тұрғыдан әйел
сезімтал және тез әсерленгіш етіп жаратылған. Ал ер адамның жаратылыс
мұндай емес. Физиологиялық тұрғыдан еркектің жаратылысы күштірек
болып жаратылса, әйелдің күші аз болады. Екі жақтың да өзіне тән
ерекшеліктері бар. Бұл жағдай еркектің үстемдігін немесе әйелдің әлсіздігін
көрсетпейді. Керісінше, бұл жағдай
екі жақтың бөлек жаратылыс
ерекшеліктерінің табиғи нәтижесі. Сондықтан өмір сүру салты осыған сай
реттелуі керек. Олар адам ретінде Алланың алдында тең. Құранда әйел мен
еркекке бірдей назар аударылады. Діни жауапкершіліктерде, ғибадаттарда,
ахлақтық құндылықтар мен ізгіліктерде әйел мен еркектің арасында
айырмашылық жоқ. Исламда адамдар арасындағы үстемдік тек тақуалықта
деп саналады.
Табиғи ерекшеліктеріне сәйкес ерлер мен әйелдер бір-бірінің мінезіне
немесе қасиетіне ие бола алмайтыны секілді, бір-бірінің құқығы мен
міндеткерліктерін де иемдене алмайды. Ерлер мен әйелдер өздеріне тән
мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеттері бар дербес тұлғалар
ретінде қарастырылады. Әйелдердің құқықтары мен міндеттерінің басым
бөлігі олардың ана және жар ретіндегі отбасындағы роліне көбірек қатысты
болып келеді. Ал, ерлер отбасының асыраушысы, қоғамдағы негізгі
міндеттерді атқарушы ретінде отбасынан тыс құқықтарға көбірек ие. Осы
ерекшеліктерді теңсіздік ретінде бағалау әрекеттерін діннің негіздерін
шынайы, терең түсіне білмеудің салдары деп бағалаған жөн.
Жалпы ер мен әйел бір-бірін толықтыратын, өзіндік ерекшеліктерге ие
екі жұп етіп жаратылған. Құранның Рум сүресінің 21-аятында «Сендерге
олардан тыныштық табуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып,
араларыңда махаббат пен мейірімділік пайда қылғандығы да Оның
белгілерінен. Сөз жоқ, осыларды ойланған ел үшін белгілер бар» делінеді.
Аяттан байқағанымыздай ер мен әйел бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз
теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты
ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізеді.
Ислам әйелдің өзіне тән ерекшеліктерін ескереді. Сондықтан Исламдағы
әйел мен ердің әрқайсының құқықтары мен міндеттерін олардың табиғи
ерекшеліктері негізінде тағайындаған. Мәселен, ер адам ауыр әрі қиын
жұмыстарды атқаруға төзімді келеді. Сол себептен де отбасы істерін
бөлгенде әйелді қамтамасыз ету ер адамға жүктелген. Исламда айрықша
көңіл бөлінген маңызды мәселе – әйелдің жұбайлық және аналық ролін
12
орындауы үшін оның жан тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау болып
табылады.
Әйелге құрметпен қараудың ерекше үлгісін Мұхаммед пайғамбардың өзі
көрсетіп берді. Мұның мысалы ретінде мынадай хадистерді келтіруге
болады: «Жұмақ
аналардың аяғының астында», «Мұсылмандардың ең
жақсысы әйеліне дұрыс қарағаны», «Әйелдермен жақсы қатынаста
болыңдар» және т.б. Сонымен қатар исламда ананы қадірлеуге қаншалық мән
бергенін «Кімге жақсылық жасайын?» деген сахабаға үш рет «Анаңа» деп
жауап бергендігі туралы хадистен аңғаруға болады. Бірде Мұхаммед
пайғамбарға бір адам келіп «О, Алланың елшісі! Мен анамды арқама салып
алып, қатты шыжыған ыстықта он алты шақырымдай арқалап жүрдім. Мен
осы әрекетіммен оның еңбегін өтедім деп санауға бола ма?» деп сұрайды.
Бұған Мұхаммед пайғамбар былай жауап берген: «Сенің бұл ісің анаңның
толғақ кезінде көрген азабының азғана бөлігінің төлеміне жатады».
Ислам дініндегі әйелге көрсетілетін қамқорлықтың маңыздылығын мына
хадистен де көруге болады: «Кімде-кім екі қызына немесе қарындастарына
немесе анасының сіңлілеріне немесе әкесінің қарындастарына немесе
әжелерге қамқорлық етсе, жәннатта Менімен бірге болады. Ал кімде-кім
жоғарыда аталғандардың үшеуіне қамқорлық етсе, құтқарылушылардан
болып, жетістікке ие болады. Ал кім олардың төртеуіне немесе бесеуіне
қамқорлық етсе…, ей адамдар, солар секілді болыңдар» (Абу әл-Мухбирден
Табарани риуаят еткен).
Достарыңызбен бөлісу: |