Сурет салу
Заттық сурет салу
Балаларды елестету және заттарға қарап гүлдер, көкөністер, күрделі емес ойыншықтар сұлбасын өздеріне тән ерекшеліктерін сақтай отырып салуға үйрету. Серуен кезіндегі бақылаудан кейін – ағаштың күзгі жапырақтары, үй, трамвай, автобус; серуен мен саяхат кезінде алған әсерлерін суретте бейнелеу.
Пішіндер туралы білімдеріне сүйене отырып негізгі пішінін, заттар мен олардың бөліктерінің үйлесімділігін нақты беруге, бөліктердің салыстырмалы көлемі мен орналасуына, түстер туралы біліміне сүйене отырып заттардың түстеріне, өз талғамымен түстерді таңдауға үйрету.
Бірнеше біркелкі заттардың мөлшеріндегі ерекшеліктерін жеткізе білу іскерліктерін қалыптастыру.
Бұрын меңгерген форма туындайтын қимылдарды реттілікпен бекіту:
- жемістер мен жидектер; балық, жануарлардың суретін салу барысында жұмырланған формадағы бірнеше заттардың көлемін берудегі айырмашылықты;
- төрт бұрыш формадағы бірнеше заттардың көлемін берудегі айырмашылықты;
- көлік құралы, адамдардың тұлғасы сияқты күрделі формадағы бірнеше заттардың көлемін берудегі айырмашылықты.
Балаларды суретке қарап салуға және елестете отырып жануарлардың, адамдардың және ойыншықтардың суретін салуға үйрету. Күрделі емес қимылдарды бере білу, бейненің айқындылығына, қимыл барысында қолдың, аяқтың орналасуының өзгеруіне қол жеткізу. Заттардың көлемі мен үйлесімділігінің айырмашылығын бере білуге үйрету. Қарындашпен оңай сызықпен сызуға, бояудың қажетті қоюлығын алу үшін акварель бояуын су тақтайшасында сумен араластыра білуге үйрету. Суретке қарап салу.
Сәндік сурет салу
Түзу, ирек, жіңішке, жалпақ сызықтарды, түрлі көлемдегі сақина, дөңгелектерді, нүктелерді бірқалыпты орналастыра отырып қарапайым пішіндерде өрнектерді құрастыра білу іскерліктерін бекіту. Түрлі өлшемдегі өрнектегі элементтерді үйлестіру, ақ және түрлі түсті қолдана отырып түстерді таңдауды қолдану.
Қылқаламмен қағазға басып салу тәсілдерін қолдануға, қағаздың ортасын, бұрыштарын, жоғарғы, төменгі, оң және сол жақтарын ажыратуға үйрету.
Қарындаштармен сурет салу барысында саусақтарға күш түсірмей, көлбеу ұстау қажет, штрихтарды біркелкі жеңіл қимылмен бір бағытта әрі-бері сызу. Сызықты контурдың сыртына шығаруға болмайды.
Сурет салу барысында қағазға жуан сызықтарды сызарда қылқаламды көлденең, ал жіңішке сызықтар мен нүктелерді сызу үшін тігінен ұстап, суреттерді бояғанда бір бағытта солдан оңға қарай, жоғарыдан төмен қарай, қиғашынан жүргізіледі.
Балаларға түрлі материалдар: қарындаштарды, бояуларды қолдануды үйрету.
Түрлі халықтардың қолданбалы өнеріне тән өрнектердің элементтерімен және түстердің үйлесімділіктерімен таныстыру. Қазақ мәдениетіндегі зергерлік, ағашты ойып, өрнектеу, киімге кестелеп және алтынмен тігу өнерлері туралы түсінік беру. Табиғат күйлері, гүлдер, қауыздар, төселіп жатқан өркендер мен дәндердің қазақтың әшекей өнеріндегі киіз басу, кілем тоқу, тоқыма заттарында кездесетінін атап өту.
Түзу сызықтардың түрлі байланыстарымен құрылған қазақтың (1-2) өрнектерінің суретін салу. Элементтерді пішіндер мен сұлбалардың ортасы мен шеттеріне орналастыра білу. Қазақтың оюларының көптүрлілігі туралы түсініктерін кеңейту, ерекшеліктері мен оларға тән элементтерін қолдана отырып құрастыра білу іскерліктерін дамыту. Дымков ойыншықтарымен таныстыру. Балалардың өз ойлары бойынша ойыншықтарды, заттарды безендіру. Ұжыммен бірге жұмыс істеуге, халықтың зергерлік еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу. Қазақ өрнектерінің, городец, хохлома көркем суреттері мен сәнді маталардың мотивтері бойынша өрнектерді құрастыру барысында түстерді сезінулерін дамыту.
Мазмұнды сурет салу
Бейнелерді бүкіл параққа, бір сызықтың бойына, жалпақ жолақшаға орналастыру іскерліктерін қалыптастыру. Бейненің айқындылық құралдарын, ересектердің еңбегін, қоғамдағы оқиғаларды қолдана отырып балаларды күзгі табиғаттан алған әсерлерін көрсете білуге үйрету. Ертегі желісі бойынша сурет құру.
Бір мазмұнға біріктіре отырып бірнеше заттардың суреттерін бейнелей білуге үйрету.
Достарыңызбен бөлісу: |