Байланысты: мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі
Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін (бұдан әрі – Әдеп кодексі) бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметінде "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарын, Әдеп кодексін, осы Ережені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерін басшылыққа алады.
Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымы аумақтық бөлімшелері немесе ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, шет елдегі мекемелері бар орталық мемлекеттік органдарда (құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда), сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астана әкімдерінің аппараттарында енгізіледі.
Аумақтық бөлімшелері немесе ведомстволарының аумақтық бөлімшелері жоқ мемлекеттік органдарда (құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда), орталық мемлекеттік органдардың ведомстволарында және аумақтық бөлімшелерінде, орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде, шет елдегі мекемелерде, тексеру комиссияларында, облыстық маңызы бар қалалар, аудандар, қалалардағы аудандар әкімдерінің аппараттарында әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары осы мемлекеттік органдардың қызметшілеріне жүктеледі.
Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.
Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымын атқаратын адам осы мемлекеттік органдардың құрылымына кіретін ведомстволардың және аумақтық бөлімшелердің, шет елдегі мекемелердің, аудан деңгейіндегі жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдеріне әдіснамалық басшылық жасауды үйлестіреді және жүзеге асырады әрі орталық атқарушы органның жауапты хатшысына бағынады, ал жауапты хатшы немесе көрсетілген лауазымды адамдар болмаған жағдайда – мемлекеттік органның аппарат басшысына не қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға құқығы бар адамға бағынады.