Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 139-бабының 7-тармағына, "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) сәйкес әзірленді, педагогтерді аттестаттау және педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау) тәртібін айқындайды. 2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) аттестатталушы – осы Қағидаларға сәйкес аттестаттаудан өтетін және біліктілік санатын алуға (растауға) үміткер адам; 2) аттестаттау – осы Қағидаларға сәйкес педагогтердің біліктілік деңгейін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім, оның нәтижелері бойынша біліктілік санаттары беріледі (расталады); 3) аттестаттау комиссиясы – педагогтерді аттестаттау рәсімін жүргізетін уәкілетті алқалы орган (бұдан әрі – Комиссия); 4) аттестаттау кезең – күнтізбелік жылдағы (қаңтар-мамыр, тамыз-желтоқсан) уақыт аралығы, оның барысында аттестатталушы біліктілік бағалаудан, қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтаудан өтеді, осы Қағидаларға сәйкес Педагогтің білімін бағалауды тапсыруға өтініш береді; 5) апелляция – осы Қағидаларға сәйкес педагогтің сұранысы бойынша ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын педагогтердің білімін бағалау нәтижелерін қайта қарау рәсімі; 6) апелляцияларды қарау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі – апелляциялық комиссия) - педагогтердің білімін бағалау нәтижелерімен келіспеген жағдайда даулы мәселелер бойынша шешім қабылдайтын білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия; 7) біліктілік санаты – "Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5750 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 338 бұйрық) бекітілген біліктілік талаптарына немесе кәсіптік стандартқа ("Педагог" кәсіби стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 15 желтоқсандағы № 500 бұйрығы) (бұдан әрі кәсіптік стандарт)сәйкес келетін педагогтің кәсіби құзыреттілік деңгейі; 8) қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау – аттестатталушы жетістіктерінің біліктілік талаптарының деңгейіне сәйкестігін бағалау рәсімі; 9) мемлекеттік көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен немесе өтініш жасамай жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі; 10) мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі – мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі, оның ішінде процестің сипаттамасы, нысаны, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктеріне сәйкес өзге де мәліметтер; 11) педагог – тиісті бейін бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар және педагогтің білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, әдістемелік сүйемелдеу немесе білім беру қызметін ұйымдастыру жөніндегі кәсіби қызметін жүзеге асыратын тұлға; 12) педагогтердің білімін бағалау (бұдан әрі – ПББ) – осы Қағидаларға сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлеген тест бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттілік деңгейін айқындау мақсатында өткізілетін рәсім; 13) педагогтің цифрлық профилі – Ұлттық білім беру деректер қоры (бұдан әрі – ҰББДҚ) ақпараттық жүйесіне жүктелген педагогтің электронды деректері. 3. Педагогтерді аттестаттау "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағы 3) тармақшасына сәйкес бес жылда бір реттен сиретпей өткізіледі. Білім беру ұйымдарының басшылары: атқаратын лауазымына сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасы "Білім туралы" Заңының 44-бабының 5-тармағына сәйкес үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда біліктілік санатын көтеру үшін мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтеді. Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшыларын аттестаттау облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармалары, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім бөлімі, білім беру саласындағы уәкілетті орган деңгейінде жүргізіледі. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарының басшыларын оларға қатысты білім бөлімдері мемлекеттік басқару органы болып табылатын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім бөлімдері аттестаттаудан өткізеді. Білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарлары – осы Қағидалардың 4-тарауының 2-параграфына сәйкес кезекті аттестаттаудан өтеді. 4. Білім беру саласының уәкілетті органдарында, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың білім беруді басқару органдарында, білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – аттестаттаушы орган) педагогтерді аттестаттау үшін осы мемлекеттік органдардың бірінші басшысының бұйрығымен мынадай біліктілік санаттары үшін комиссиялар құрылады: білім беру ұйымдарында: "педагог-тағылымдамашы", "педагог"; аудандық, облыстық маңызы бар қалалық білім бөлімінің органдарында: "педагог-модератор" (педагогтер мен әдіскерлер үшін); "үшінші біліктілік санатты басшы орынбасары", "екінші біліктілік санатты басшы орынбасары" (басшы орынбасарлары үшін); "басшы-ұйымдастырушы" (басшылар үшін); облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беру басқармаларында, білім беру саласындағы уәкілетті органдарда; "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші" (педагогтер мен әдіскерлер үшін); "педагог-модератор", "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші" (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтер мен әдіскерлер үшін); "педагог-шебер" (әдіскерлер үшін); "бірінші біліктілік санатты басшы орынбасары" (басшы орынбасарлары үшін); "басшы-менеджер"; "басшы-көшбасшы" (басшылар үшін); білім беру саласындағы уәкілетті органның жанында: "педагог-шебер" (педагогтер үшін); "педагог-модератор", "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші", "педагог-шебер" (тиісті саланың уәкілетті органының бағынысты білім беру ұйымдары үшін). 5. Педагогтерді аттестаттау жөніндегі комиссияның құрамына кемінде 10 жыл жұмыс өтілі, "педагог-зерттеуші" немесе "педагог-шебер" біліктілік санаттары бар педагогтер, оқу-әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), біліктілікті арттыру ұйымдарының әдіскерлері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, білім беруді басқару органдарының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандары кіреді. 6. Білім беру ұйымдарының (әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) басшылары мен басшыларының орынбасарларын аттестаттау жөніндегі комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, оның ішінде жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру ұйымдарын алқалы басқару органдарының, қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ аттестаттаушы органның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері кіреді. 7. Комиссия мүшелердің тақ санынан және кемінде жеті мүшеден тұрады. Комиссия мүшелері Комиссия отырыстарына алмасу құқығынсыз қатысады. 8. Комиссия төрағасы мен төрағаның орынбасары Комиссия мүшелерінің арасынан сайланады. 9. Салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдарының педагогтерін аттестаттауды білім басқармасы жанындағы Комиссия, тиісті саланың республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдары – білім беру саласының уәкілетті органында жүзеге асырады. 10. Конкурстық комиссияның хатшысы Комиссия отырысына материалдарды, қажетті құжаттарды дайындайды, хаттаманы рәсімдейді және оған қол қояды, оның мүшесі болып табылмайды. 11. Комиссияның отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. 12. Дауыс беру нәтижелері Комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. 13. Комиссия отырыстарында аудио- немесе бейнежазба жүргізіледі. Аудио бейнежазба аттестаттау рәсімін өткізген мемлекеттік органда кемінде үш жыл сақталады. 14. Тиісті деңгейдегі Комиссия аттестатталушының құжаттарын жылына екі рет (тиісінше ағымдағы жылғы 5 мамырға және 5 қарашаға дейін) немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған мерзімдерде қарайды.