Тас және қола дәуіріндегі тарихтың ежелгі кезеңінің оқиғалары Қазақстанның кейінгі дамуының алғышарты ретінде.
Тас ғасыры – археологиялық дәуірге бөлуде алғашқы тас құралдарының пайда болуынан бастап, қола құралдарының шығуына дейінгі кезеңді қамтитын көне дәуір. Тас дәуірі көне тас ғасыры – палеолит, өтпелі кезең – мезолит, жаңа тас ғасыры – неолит болып бөлінеді. Палеолиттің ерекшелігі Еуразия мен Африка аймақтарының сол дәуірдегі мәдениеттерінің бір-біріне едәуір ұқсастығы болып табылады. Тас ғасырында тас құралдарымен қатар сүйектен, ағаштан жасалғандары да қолданылды. Ежелгі палеолит адамдары бірігіп аң аулады, бірігіп терімшілік етті. Ежелгі палеолит кезеңінде дінге сенушілік болған жоқ. Шелль және ашель дәуірінде питекантроптар, синантроптар, гейдельберг адамы өмір сүрді. Ортаңғы палеолиттің мүстье дәуірінде жаңа адамдар типі – неандертальдықтар қалыптасты.
Б. з. б. II мыңжылдықта мыс пен қалайының құймасы – қоланың шығуына байланысты тас құралдар металмен ауыстырыла бастады. Тас ғасыры аяқталып, қола дәуірі басталды. Қола дәуірінің хронологиялық шегі б. з. б. 4- мыңжылдықтың аяғы мен б. з. б. 1 – мыңжылдықтың басын қамтиды.
Қазақ жерін сол тұста мекендеген тайпалардың осы кезеңдегі мәдениеттері қола дәуірі ескерткіштері алғаш ашылған жерлердің атымен – Андронов мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталады. Қазақстандық археологтардан қола дәуірі бойынша Орталық Қазақстанды Ә. Марғұлан мен К. Ақышев, Солтүстік Қазақстанды А. Оразбаев, Шығыс Қазақстанды С. С. Чернигов пен А. Г. Максимова зерттеп, әр аймақтардағы өзгешеліктерді ашып көрсетті. Қазақ жеріндегі қола дәуірі мәдениеттерінің басталуы мен дамуын Ә. Марғұлан негізгі үш кезеңге бөледі. Алғашқы кезеңі – ортаңғы; өркендеп дамыған кезеңі – Нұра және Атасу сатылары; соңғы кезеңі – өтпелі сәт пен Беғазы-Дәндібай мәдениетінен тұрады. Қола дәуірінде мекендеген тайпалардың әр түрлі материалдан (металл, тас, сүйек, қабыршақ) алуан түрлі заттар (еңбек құралдары, қару-жарақ, сәндік заттар, тұрмыстық бұйымдар) жасауда жоғары шеберлікке жеткені аңғарылады. Олар соғу, құю, қақтау, қысып өрнектеу, тегістеп жылтырату техникасын жақсы меңгерді, қатты материалдан жасалған заттарға өрнек сала білді. Қыш ыдыстарын жасаумен, негізінен, әйелдер шұғылданды. Ыдыстар қолмен жапсырылып жасалды. Қола дәуірінің алдыңғы кезеңінде бүйірі тік немесе біраз шығыңқы, мойны ішке қайырылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Тұрғын үйлері жартылай жертөлелер мен жер бетіндегі үйлер болып бөлінеді. Қола дәуірінде әлеуметтік және әскери-саяси құрылымдарда рулық – тайпалық бөлімшелер пайда болды. Материалдық игіліктерді өндіруде ерлер рөлі күшейді. Туыстық әке жағынан есептеле бастады. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде ру ыдырап, одан жеке отбасы шаруашылықтары бөлініп шықты, айырбас кең өріс алды. Тайпалар тұрмысы мен әл-ауқаты табиғатқа тәуелді болғандықтан, адам табиғат күшін құдірет деп білді. Олардың отқа табынғандығын мәйітті өртеу ғұрпы, қабірге күл мен көмір қалдықтары салынғаны дәлелдейді. Тайпалар арасында ата-бабаға сыйыну, о дүниеге сену кеңінен тарады. Құрбандық күнге, отқа, айға, жұлдыздарға арнап шалынды. Қола дәуіріндегі Қазақстан тайпалары негізінде ертедегі көшпелілердің мәдениеті қалыптасты.
Достарыңызбен бөлісу: |