Табыс алумен байланысты жеке педагогтік қызмет кәсіпкерлік қызмет болып табылады. Жеке педагогтік қызметпен айналысатын тұлғаны мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Жеке педагогтік қызмет лицензияланбайды.
Ескерту. 5-тарау 37-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.10.24 № 487-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
Білім алушылардың кәсіптік практикасы мамандар даярлайтын білім беру бағдарламаларының құрамдас бөлігі болып табылады.
Кәсіптік практика тиісті ұйымдарда жүргізіледі және оқыту процесінде алған білімдерді бекітуге, практикалық дағдыларды игеруге және озық тәжірибені меңгеруге бағытталған.
Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны жұмыстық оқу бағдарламаларымен және жұмыстық оқу жоспарларымен айқындалады.
Кәсіптік практиканы өткізу үшін білім беру ұйымдары шарттық негізде практиканың базасы ретінде ұйымдары айқындайды, олармен практиканы өткізудің келісілген бағдарламалары мен күнтізбелік кестелерін бекітеді.
Шарттарда білім беру ұйымының, практиканың базасы болып табылатын ұйымдардың және білім алушылардың міндеттері мен жауаптылықтары айқындалады.
Кәсіптік практикаға кететін шығындар білім беру ұйымдарында және практиканың базасы болып табылатын ұйымдарда көзделеді және жасасылған шарттармен айқындалады. 5. Практиканың базалары болып табылатын ұйымдармен шарттар білім алушылардың кәсіптік практикасын өткізуге арналған шарттардың үлгілік нысаны негізінде жасасылады.
Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқудың екінші курсынан бастап кәсіптік практикадан өту міндетті. Кәсіптік практиканың мазмұны мен базасы мамандықтың бейіні мен білім беру бағдарламасының мазмұнына сәйкес айқындалады.
Осы баптың талаптары әскери, арнаулы оқу орындарында білім алушылардың кәсіптік практикасына қолданылмайды.
Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 398-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).