1. Кіріспе
"Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп-қатер қатарына қояды және мемлекет пен қоғамды осы келеңсіз құбылыспен күресте күш-жігерді біріктіруге бағыттайды.
Қазақстанның осы маңызды мәселе бойынша қағидаттық ұстанымын білдіретін еліміздің басты стратегиялық құжаты мемлекеттің алдағы жылдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізі болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуды тежейтіні баршаға мәлім.
Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді, әлемдік стандарттарға сай институттары мен тетіктерін құру бағытымен мақсатты және кезең-кезеңмен жүріп келеді.
Елімізде қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қолданылуда, оның негізі "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңдар болып табылады, бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды іске асыратын уәкілетті орган құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда.
Әлеуметтік шығу тегі мен мүліктік жағдайына қарамастан, оның кезінде басшылық орындарға қабілетті және кәсіби дайындалған адамдар орналасатын меритократия қағидаттарының негізінде мемлекеттік қызмет жүйесі қалыптасты, оның ішінде мемлекеттің әрбір органы мен лауазымды адамының функциялары мен өкілеттіктерінің аражігі нақты ажыратылып және айқындалып қалыптасты.
Шенеуніктердің азаматтармен тікелей байланыстарын қысқартатын және сыбайлас жемқорлық көріністері үшін жағдайларды барынша азайтатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын дамыту мен мемлекеттік аппараттың жұмысын ақпараттандыру жөнінде кешенді шаралар қабылданды.
Қазақстанға әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруге мүмкіндік берген азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, ұлттық экономиканың өсуі, бизнесті жүргізу жағдайларын, халықтың құқықтық сауаттылығы мен әлеуметтік белсенділігін жақсарту, электрондық үкіметті енгізу жөніндегі қолданылып жатқан шаралар да заңға бағыну мәдениетін және жүріс-тұрыстың жалпы қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы модельдерін қалыптастыру үшін алғышарттар жасайды.
Сонымен бірге экономиканың одан әрі өсуі, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлемнің неғұрлым дамыған бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына кіру жөніндегі өршіл міндетті жүзеге асыру бойынша стратегиялық міндеттерді шешу мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жаңғыртуға негізделген жаңа жүйелі шаралар қабылдауды және оны іске асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруды талап етеді, бұл сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға мүмкіндік берер еді.
Бұл орайда қазіргі кезеңде мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны (бұдан әрі – Стратегия немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия) айқындайтын жаңа бағдарламалық құжатын қабылдау қажеттігі болып тұр.
Мұндай құжатта сыбайлас жемқорлық деңгейін түбегейлі қысқартуға, мемлекет пен қоғам өмірінің түрлі салаларында оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға қабілетті превентивтік сипаттағы кешенді шараларға жетекші рөл берілуі тиіс. Яғни, басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күреске емес, оның алғышарттарын жоюға аударылуы тиіс.
Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бизнесті дамыту жолындағы әкімшілік кедергілерді жою, Қазақстанда жұмыс істейтін отандық және шетелдік кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін кез келген сыбайлас жемқорлық көріністерінен тиімді қорғау жөніндегі шаралардың басымдығын да көздейді.
Тұтастай алғанда, мұндай Стратегия мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігінің негізгі салаларын қамтуға, жан-жақты және дәйекті сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешенінің әзірленуін және жүзеге асырылуын көздеуге, сөйтіп, мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде, сондай-ақ, жекеше секторда сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуды қамтамасыз етуге, қазақстандық азаматтардың осы әлеуметтік зұлымдыққа төзімсіз көзқарасын қалыптастыруға тиіс.
Бұл ретте Стратегия айқындайтын базалық бағыттар түпкілікті болуы мүмкін емес. Олар жекелеген іс-шаралардың орындалуына байланысты және сыбайлас жемқорлық құбылысына, оның себептеріне, сыбайлас жемқорлық жүріс-тұрысты ынталандыруға терең талдаудың нәтижелерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы істердің жай-күйін байсалды және объективті бағалауды ескере отырып түзетілуге тиіс.
Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 27.05.2020 № 341 Жарлығымен.
Достарыңызбен бөлісу: |