4.2. Қоғамдық бақылау институтын енгізу
Сыбайлас жемқорлық профилактикасының пәрменді тетігі қоғамдық бақылау болып табылады.
Мұндай бақылауды енгізу азаматтық қоғам институттарын жандандыруды ғана емес, тиісті заңнамалық реттеуді де талап етеді.
"Қоғамдық бақылау туралы" Заңның қабылдануы азаматтық бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың базалық қағидаларын нормативтік құқықтық бекіту арқылы алғашқы рет оның біртұтас жүйесін құруға мүмкіндік берер еді.
Мұндай заң оның институттары мемлекеттің беделін нығайтуға және мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын арттыруға жәрдем ететін азаматтық қоғамды одан әрі дамытуда маңызды рөл атқаруға арналған.
Азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар, мемлекеттік органдар шешімдеріне қоғамдық сараптама өткізу үшін басшылардың жұртшылық алдындағы есептерін тыңдау және азаматтардың алқалы органдардың жұмысына қатысуы үшін құқықтық негіз жасалатын болады.
Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндеттердің өзін де, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешуге де ықпал етеді.
Бұл ретте қоғамдық бақылаудың ел Конституциясының талаптарына сәйкес мемлекеттің бақылаушы функцияларынан аражігі нақты ажыратылуға тиіс.
Мемлекеттік аппарат жұмысының ашықтығын қамтамасыз етудің тағы да бір құралы "Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы" Заң болуы тиіс, ол жария ақпаратты алушылардың құқықтарын, оны беру, есепке алу және пайдалану тәртібін бекітеді.
Жария ақпаратқа еркін қолжетімділік халықтың шенеуніктермен артық байланысы қажеттілігін болдырмайды.
Сыбайлас жемқорлықпен табысты күрестің аса маңызды факторы азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысу мүмкіндігі болып табылады.
Бұған жергілікті өзін өзі басқарудың өкілеттіктерін кеңейтуді көздейтін заңның қабылдануы ықпал етеді.
Халыққа ең алдымен жергілікті өзін өзі басқарудың бюджеттік бағдарламалары бойынша қаражаттың пайдаланылуына мониторинг пен бақылауға қатысу мүмкіндігін берген жөн.
4.3. Квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Халықаралық ұйымдардың деректері бойынша квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлықтың қаупін оның мемлекеттік сектордағы ауқымдарымен толық салыстыруға болады.
Квазимемлекеттік секторда мемлекеттік сатып алулардың көлемдерінен жиі асып кететін бюджет кезінде сырт көзге сыбайлас жемқорлықшыл проблемасы соншалықты өткір емес. Алайда қазіргі ахуал бұл сектордағы ашықтықтың жеткіліксіз екендігін айғақтайды. Сондықтан осы сектордағы есеп берушілікті, бақылауда болуды және шешімдер қабылдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететін ұйымдық-құқықтық тетіктер қажет.
Квазимемлекеттік секторда парасаттылықты нығайтуға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын бақылауға және тәуекелдерді бағалауға ерекше назар аудара отырып сыбайлас жемқорлық практикаларының алдын алуға, теріс пайдаланушылықты болдырмауға, мүдделер қақтығысын анықтау мен басқаруға, сондай-ақ қызметкерлерді оқытуға шоғырландырылған, комплаенс-қызмет ықпал етеді.
Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі іскерлік этика мен бизнесті адал жүргізудің қазіргі заманғы қағидаттарын сақтау кезінде ғана мүмкін болады.
Жұмыс істеп тұрған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің мүдделерін қорғаумен қатар оның ашықтығы мен сатылмайтындығы үшін жауаптылықта өз үлесін атқаруға және корпоративтік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдауға тиіс.
Бұл жолдағы алғашқы қадам жасалды да – Бизнестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартиясы әзірленді. Мұнда Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтан бойын аулақ ұстайтын жеке кәсіпкерлігінің негізгі қағидаттары мен постулаттары жарияланған.
Қаржылық-шаруашылық қызметтің түрлі салаларында алдағы уақытта бірқатар басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдау керек.
Сондай-ақ квазимемлекеттік және жекеше сектор субъектілерінің азаматтарға қызметтер көрсеткен кезде ашықтықты қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылданады.
Бұл, оның ішінде банк саласында электрондық технологияларды пайдалануды кеңейту, табиғи монополиялар саласындағы тарифтерді айқындау үшін нақты критерийлерді белгілеу, мемлекеттің құрылыс саласы мен экономиканың басқа да салаларында қатысуын қысқарту болып табылады.
Сонымен қатар жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлық көріністерімен күрес ол инвестициялық ахуалды нашарлатуға және кәсіпкерлер үшін тәуекелдерді көбейтуге әкеп соқпайтындай етіп жүргізілуі тиіс.
Ескерту. 4.3-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 27.05.2020 № 341 Жарлығымен.
Достарыңызбен бөлісу: |