Байланысты: аза стан республикасыны азаматты Ы Ы. О К
Тақырып - 17 Мұрагерлік құқық.Мұра алу. Мұрагерлік құқыққа жалпы сипатама.
Өсиет бойынша мұрагерлік.
Заң бойынша мұрагерлік.
Мұрагерлікті жүзеге асыру.
1. Мұрагерлік дегеніміз, қайтыс болған кісі - мұра қалдырушының құқықтары мен міндеттерінің мұрагерге ауысуына байланысты қатынастар. Мұрагерлік әмбебап құқық мирасқорлығының бір түрі. Өйткені, кейбір жағдайларды есептемегенде негізінен мұра қалдырушының барлық құқықтары мен міндеттері мұрагерге ауысады. Мұрагерлік бойынша меншік иесі ауысқанда мүлікке деген үшінші тұлғаның құқықтары тоқтатылмайды. Сондай-ақ мұра ретінде талап ету құқығы ауысқанда оны қамтамасыз ету міндеттемесіндегі құқықтар да мұрагерге ауысады.
Мұрагер мұраны толық қабылдауға ғана құқылы. Оның бір бөлігінен бас тартуға жол берілмейді. Мұрагерлік заңда көрсетілген заңдық фактілер негізінде пайда болады. Олар: мұраның ашылуы және тұлғаның мұрагерлер қатарында болуы. Мұраның құрамына нақты мүлікпен қатар мүліктік құқықтар, міндеттер, кейбір мүліктік емес құқықтар кіреді. Кейбір құқықтық құрылымдар да мұра объектісі болады. Мысалы, тұлға өзі тұратын үйді жекешелендіру мақсатында құжаттар дайындап, қажетті органдарға өткізіп қойғаннан соң қайтыс болса, оның мұрагері сол процесті жалғастыру арқылы үйді жекешелендіруге құқылы. Осыған ұқсас АК 270 бабына сәйкес мүлікті иелену мерзімі өтпей тұрып тұлға қайтыс болса, мүлікті меншікке алу мүмкіндігі мұрагерге ауысады және ол мүлік мұра қалдырушының иелігінде болған мерзім қоса есептеледі.
Кейде тұлға қайтыс болғанда басқа тұлғада белгілі бір құқықтар пайда болуы мүмкін. Мысалы, жеке сақтандыруда сақтандырылған тұлға қайтыс болса, шартта басқа пайда алушы көрсетілмесе мұрагер пайда алушы болады. Бірақ, құқықтың бұлай ауысуы мұрагерлік емес, өйткені ол құқықтар мұрагерден ауысқан жоқ.
АК 1040 бабына сәйкес, мына объектілер мұра құрамына кірмейді:
заңда немесе шартта басқаша көзделмесе заңды тұлғадағы мүшелік.
өмірге және денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу құқығы.
алименттік міндеттемелерден туындайтын құқықтар мен міндеттер.
зейнетақы, еңбекақыға деген құқықтар және еңбек, әлеуметтік қорғау заңнамасына байланысты басқа төлемдерге деген құқықтар.
жеке мүліктік емес құқықтар (абырой, өмір, денсаулық т.б.).
Мұра қалдырушының моральдық зиянды өтеуге деген құқығы мына жағдайларда мұрагерге ауысуы мүмкін:
зиян тигізуші мен мұра қалдырушы арасында моральдық зиянды өтеу туралы келісім болса;
мұра қалдырушы көзі тірісінде моральдық зиянды өтеу туралы сотқа талап-арыз берген болса.
Заңды тұлғалардағы мүшелік мұрагерге өтуі үшін барлық құрылтайшылардың келісімі керек. Бұл жағдай жарғымен және заңды тұлға туралы актілермен реттеледі. Ортақ бірлескен меншіктің қатысушысы қайтыс болса оның үлесіне мұра ашылады және ол мұрагерлерге нақты немесе ақшалай беріледі (АК 1041 б.).
Мұраның ашылу уақыты мұра қалдырушы қайтыс болған күнмен есептеледі. Азамат өлді деп танылса сот шешімі шыққан күнмен немесе шешімде көрсетілген күнмен есептеледі. Бір-біріне мұрагер болып танылатын адамдар бір күнде қайтыс болса, бір уақытта өлді деп есептеледі және әрқайсысының мұрагері мұраға бөлек шақырылады. Мұраның ашылу орны деп мұра қалдырушының соңғы тұрғылықты жері, ал ол белгісіз болса мүлік немесе оның негізгі бөлігі орналасқан жер есептеледі.
Жеке тұлға ғана мұра қалдырушы бола алады. Ал, өсиет жасауға толық әрекет қабілетті адамның мүмкіндігі бар. Мұрагер жеке тұлға, заңды тұлға немесе мемлекет болуы мүмкін. Заңды тұлға мұрагер болуы үшін мұра ашылғанға дейін құрылған болуы тиіс. Мұра қалдырушының көзі тірісіндегі іште қалған баласы тірі туылса мұрагерлер қатарына жатады. Егер мұрагер мұра қалдырушының немесе басқа мұрагердің өмірін қиса немесе қол сұқса өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагер бола алмайды. Мұра қалдырушыға соңғы шешімін жүзеге асыруға кедергі келтірген, өзін немесе өз жақындарын мұраға шақыруға ықпал еткен тұлғалар да мұрагер бола алмайды (АК 1045 б.).
Ата-аналық құқығынан айрылған ата-аналар немесе мұра қалдырушыны асырап күту міндетін орындаудан жалтарған ата-ана (асырап алушы) немесе кәмелетке толған балалар (асырап алынғандар) заң бойынша мұрагер бола алмайды.
2. Өсиет біржақты мәміле болып табылады. Азамат кез келген уақытта өсиет жазуға құқылы және өзінің мұрасын кімге қандай үлесте қалдыратынын сол өсиетте еркін белгілей алады. Өсиетті адам тірі кезінде өзгерте алады. Өсиет қалдырушы мұрагерге мұраны алу үшін белгілі бір әрекеттер жасауды шарт ретінде қоя алады. Бұл әрекеттер құқыққа қайшы болса жарамсыз болады, сондай-ақ оларды мұрагер объективті себептермен жасай алмайтын болса, сот ол шартты жарамсыз деп тани алады.
Мұрагер қайтыс болған, мұрадан бас тартқан, мұрадан аласталған, өсиеттегі шартты орындамаған жағдайларда мұраны алатын басқа мұрагерді өсиетте көрсетуге болады (АК 1048 б.). Өсиетте көрсетілмеген мүлік заңды мұрагерлер арасында бөлінеді. Өсиет жазбаша жасалып, нотариалды куәландырылса ғана жарамды болады. Өсиет қалдырушы сауатсыз болған немесе т.б. жағдайларда өсиетке нотариустың қатысуымен басқа тұлға қол қоюы мүмкін.
Нотариус өсиетті мұра қалдырушының сөздерінен жазған соң, оны мұра қалдырушы оқуы тиіс. Өсиетті жасауда куә болса немесе басқа тұлға қол қойса олар туралы мәлімет көрсетілуі тиіс. Өсиет қалдырушының қалауы бойынша нотариус өсиетпен таныспастан куәландыруы мүмкін. Бұл жағдайда екі куә міндетті түрде қатысады (АК 1051 б.).
Өсиет қалдырушы кез келген уақытта жаңа өсиет жасау немесе өсиетті өзгерту туралы нотариусқа өтініш беріп, бұрынғы өсиетті өзгертуге немесе күшін жоюға құқылы. Кейінгі өсиет өзгерсе немесе күшін жойса, бұрынғы өсиет қалпына келмейді. Өсиет туралы білетін адамдар мұра ашылғанға дейін өсиеттің мазмұны, жасалуы, т.б. туралы мәліметтерді жария етпеуі тиіс.
Өсиет Азаматтық Кодекстегі мәміленің жарамсыздық негіздеріне байланысты жарамсыз деп танылуы мүмкін. Өсиетті жарамсыз деп тану туралы талап арызды мүдделі тұлғалар бере алады. Өсиеттің бір бөлігі жарамсыз деп танылса, ол басқа бөліктерінің жарамдылығына әсер етпейді. Өсиет жарамсыз деп танылса мұра заң бойынша мұрагерлерге өтеді.