1.2. Әдебиет сабағында тіл дамыту жұмыстары
«Өнер алды – қызыл тіл», – дейді халқымыз. Мектепте берілетін бүкіл білім мен тәрбие ең алдымен сөз арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да оқушылардың тілін дамыту – тек әдебиетші, тілшілер мақсаты ғана емес, ол бүкіл мектептің, барлық пән мұғалімдерінің де басты мақсаты, борышы, барлығына тән бірыңғай талап.
« – Ең әдемі сөз – аз сөз» дейді халық. «Көп сөз көмір, аз сөз – алтын» дегені тағы бар. Мәдениетті, әдемі сөйлеу үшін, көп сөйлеу міндетті емес. Қай жерде болсын, айтарыңды қысқа айтуға тырыс. Сөйлемдерің шұбалыңқы, шашыраңқы болмасын. Мәдениетті сөйлеудің бір жолы – қыстырма сөздерді, жергілікті жерлерде ғана пайдаланатын сөздерді пайдаланбау, «әй, өй» деп, өзіңді, тыңдаушыны да мазалай беру әбестік болады.[12]
Сөйлеу мәдениеті деген – ең алдымен әдепсіз, көргенсіз сөздерді қолданбау. Осыған абай бол. Екіншіден, айғайлап, дабырланып, екіленіп сөйлеме.
Пікір таластырып тұрсаң да, сабырлы басыңқы сөйлеуге тырыс. Басқаны толық тыңда, сөзін бөле берме. Өзің де айтарыңды жинақы етіп жеткіз.
Тіл дамыту – әдебиетті оқыту әдістемесінің ең бір күрделі де маңызды саласы. Ол жүйелі түрде шығармашылық бағытта жүргізіледі.
Оқу бағдарламасында тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінген, бірақ оны тек сол сағаттарда ғана жүргізу керек деп ұқпау керек. Жоғарыда айтылғандай, тіл дамытуға мұғалім әдебиеттің әр сағаты, сыныптан тыс жұмыстарда үнемі көңіл аударып отырады. Әдебиет сабағындағы тіл дамыту оқытылып жатқан көркем шығарма негізінде, оның көркем тілін жаңғырту негізінде жүзеге асуы керек. Оқушылардың әдебиет сабағында көркем тілін дамыту үшін де басқа пәндермен байланыстырып оқытудың маңызы ерекше.
Тіл мәдениетіне дағдыландыру, көркем, әдеби тілін жетілдіруде қазақ тілі сабағының орны ерекше. Шебер мұғалім тіл дамытуда осы екі сабақты үндестіріп, бір бағытқа жұмсайды. Қазақ тілі сабағында да тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінеді, әрі әдебиетке бөлінген сағаттардан көп. Міне, осы сағаттарды тиімді пайдаланса, мұғалім оқушылардың көркем тілін қалыптастыруда біршама жұмыстар атқарады.
Әсіресе, оқушылардың ауызша тілін, сөйлеу мәдениетін, шеберлігін арттыруда пікірталасы, айтыс сабақтар, баспасөз конференциясы, брифинг, көзқарас сабақтарының маңызы ерекше. Ал жазбаша тіл дамытуда реферат қорғау, конференция, семинар, семинар-сабақ, т.б. сабақтардың орны зор.
Практикалық сабақтар тіл дамыту жұмыстарына қолайлы болып келеді. Мысалы, І. Жансүгіров шығармашылығын оқытып болған соң, қорытынды сабақты ақын поэзиясының тіл көркемдігі, поэтикалық, эстетикалық нәрі, табысы айналасында өтуге болады. Мұндай жұмыстар тек бала білімін тереңдетіп қана қоймай, тілін дамытуға қазақтың бай тілін меңгертуге, оны бейнелі, образды, көркем түрде пайдалана білуге де жетелейді.
Тіл дамыту жұмыстарын сондай-ақ тарих, биология, т.б. сабақтармен де байланыстыра жүргізуге болады.
Әдебиет сабағының басым көп уақыты оқушылардың да, мұғалімдердің де ауызекі сөйлеу тіліне кетеді. Оқыған әңгімелерін не басқа көркем туындыларын мәнерлеп оқу, мазмұндау – әдебиетті оқытудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері.
Мұғалім 5-7 сыныптар оқушыларының көркем тілін, ауызекі сөйлеу мәдениетін дамытуда жауаптарының жоспарын жасап үйретулері керек. Ол жоспарды тиімді пайдалануға дағдыландыру – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Жоспар, нұсқау немесе тезис құрылысы мынадай бөлімдерден тұрады:
Кіріспе сөз.
Негізгі ойлар. Ой мен кіріспе арасындағы байланыс.
Негізгі ойды баяндау.
Негізгі ойдың шарықтау шегі.
Ойды аяқтау.
Қорытынды пікір.
Тіл тарихы – халық тарихы. Тіл халық тарихымен бірге дамиды, өзгереді, халықтың рухани дүниесінің жетістіктерін бойына сіңіреді. Ұлттық сананың дамуын сөз төркіндерінен іздеп, олардың сөз шежіресін келешекке жеткізіп, жаңа мағына беру, оларды ғылымиландырып, жаңа сапаға көтеру – мәдениетті, өркениетті елдердің ғылымы мен мәдениетін қалыптастырудың сара жолы. Б. Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту», – дейді. Тіл – сан сөздердің жиынтығы. Көркем әдебиеттің негізгі құралы тіл.[13]
Сөйлеу тілі – адамның ой-сезімін басқаларға білдіру үшін көркем сөйлеуге әрекеттенеді. Тіл – қатынас құралы ретінде қызмет етеді.
Тіл дамыту жұмыстарының негіздері: тіл дамыту жұмысы оқушының әдебиеттен, қоршаған ортадан алған әсері негізінде жүргізіледі. Неше түрлі тақырыпта жазылған туынды, шытырман оқиға, кейіпкер әрекеттері шәкіртке әсер етеді. Сол әсер ойлануға әкеліп, ой қозғап, бейнелі сөз тілге оралады. Мұғалім әрбір оқушыға жаңадан танылған бейнелі сөздің мән-мағынасын ашып, толық меңгертуге жол, әдіс іздейді; тіл мәдениеті бір күнде жасалмайды. Оқыту үрдісін де жүйелілікті, дағдыландыруды қажет етеді. Ауызекі сөйлеу тілі, әдеби тіл бар.
Жазбаша тіл дамыту жұмыстары:
Бастауыш сыныптардағы шығарма, мазмұндама жұмыстарының көлемі көбіне шағын болады. Солай болғанымен бағдарламада байланыстырып сөйлеуге шығарма мен мазмұндама жазуға арнайы уақыт бөлінген. Балалар оқыған шығармаларын қарапайым талдау жасаумен, анығырақ айтқанда шығарма кейіпкеріне мінездеме беру үшін материал іріктеп алу, олардың іс-әрекеттеріне баға беру, мәтіннен қанатты сөздерді теріп алу сияқты дағдыларды да меңгереді. Оқушылардың айналадағы өмір туралы түсінігі мен ұғымын дұрыс қалыптастыру – оқу сабағының аса маңызды міндеті. Бұл міндет балаларды нактылы заттармен, адам өміріне және табиғат тіршілігіне байланысты фактілермен әр түрлі құбылыстармен үздіксіз және белгілі бір мақсатпен таныстырып отыру арқылы жүзеге асырылады.
Шығарма дегеніміз – белгілі бір тақырып бойынша өз ойын жоспарлы баяндау. Шығармаларды мынадай топтарға жіктеуге болады:
1) оқушылардың оқыған, яғни естіген әңгімелеріне байланысты:
2) саяхатқа шыққаны бойынша;
3) өнер саласына (сурет, кино, т.б.) байланысты.
4) оқушылардың өз іс – әрекетіне (ойын, еңбек, т.б,) байланысты. Оқушылардың оқыған, яки естіген әңгімелеріне байланысты шығарма жұмысы кезінде сөйлемді дұрыс құру дағдысын қалыптастыру үшін оларды үйде немесе сыныпта оқыған шығармалары үлкендерден естіген ертегі, әңгімелері бойынша сөйлетіп үйретудін пайдасы зор.
Шығарманын бұл түрінің білімділік, тәрбиелік мәні зор. Мұндағы ұтымды мәселенің бір ұшы бала өзін қоршаған айналаға сын көзбен қарап, жақсы мен жаманды, еңбекқорлық пен жалқаулықты, кішіпейілділік пен дөрекілікті байқайды. Балаларды сөйлеткенде олардың сөйлемдері қысқа әрі түсінікті, жүйелі құрылуына назар аударып, айтып отырған әңгімелеріне үйренген жаңа сөздерін кірістіре сөйлеуін қадағалап, кейін осы сөздерді шығарма жазғанда да қолдануға болады. Ол үшін жетекші сұрақ қойып отыру керек. Оқушылардың оқыған немесе естіген әңгімелерінің мазмұны бойынша шығарма жаздыруға болады.
Адам мәдениеті деңгейінің, ой өрісінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – сөз. Бала түйсігіндегі жекеленген сөздер бірте-бірте байып, күрделеніп, қолданысқа еніп отыруы тиіс. Өйтпеген жағдайда сөздік қоры жұтаң адамның қоғамдық өмірге белсене араласа алмайтыны сияқты, сөздік қоры қалыптаспаған оқушыдан нәтижелі сабақ үлгерімін күту де бекер.
Бастауыш сынып оқушысының тілін дамытудың ұтымды құралы – шығарма. Нақ осы шығарма жазу кезінде ғана оқушы өмірден көргенін оралымды сөзге айналдыруды үйрене алады. Шығарма, бірінші сыныптағы ауызша шағын хабар, әңгімеден бастап оқу-тәрбиелік маңызы мен қатар оқушының тұлғалық қалыптасуына, өмірлік белсенділігін арттыруға септігін тигізер жоспарлы да мағыналы ақыл-ой жұмысына айналуы тиіс. Өйткені ол оқушының ой дербестігін, белсенділігін, іске берілгендігін, текске өз жанынан бірдеңе қосуын қажетсінетін жұмыс. Шикізат даярлау, оны жүйелеу, әңгіменің, шығарманың композициясы мен жоспарын ойластыру, сөз іріктеу, логикалық байланысқа түсіру, сөйлем құрау, емле қатесін тексеру- осының бәрі шығарма жазу кезінде соқпай өтуге болмайтын процестер. Әсіресе, 1-2 сыныптарда өз ойындағысын жазбаша білдіру балаларға біраз қиынға соғады. Осындай қиындықтың салдарынан шығарма, мазмұндама жұмыстары жүргізілмей қалады.
Шығармада тілдік теория ауызекі тәжірибемен ұштасып, оқушы оны сабақтық алуан деп сезінбей өз ойын жазбаша түрде дұрыс бейнелеу құралы ретінде қабылдайды. Ауызша шығарма да, жазбаша шығарма да материал дерегіне, дербестік деңгейіне, әзірлену тәсіліне, жанрына, тіл ерекшелігіне қарай бірнеше түрге жіктеледі. Шығарманы сондай-ақ тақырыбына қарай да топтауға болады. Мәселен, туған жер табиғаты – өзендер, көлдер, ормандар, жануарлар, өсімдіктер, т.б. Еліміздегі адамдар еңбегі – кітапхана, мектеп, дәріхана, дүкен т.б. шығарма арқылы баланың өздігінен қорытынды шығарып, пікір айтуға қабілеті қалыптасады. Бұл жұмыс баланы бақылауға үйретіп, шығармашылық қиялын дамытады. Шығарма жаздыру үшін белгілі бір мақсатпен іріктелін алынған тақырыптар оқушылардың дүниесін көзкарасын қалыптастырады. Шығарма, мазмұндамадай емес, оқушыға ана тілінде айтайын дегенін еркін баяндауға, сөздік қорын сарқа пайдалануға мүмкіндік береді.
Бастауыш сыныпта шығарманың нағыз қарапайым, оңай түрлері жүргізіледі. Дегенмен оқушыларға шығарма жаздырып үйретуде белгілі бір көзделетін мақсат, оңайдан басталып, бірте-бірте қиындай берушілік, жүйелік болуға тиіс.
Бастауыш сыныптарда жаздырылатын шығарманы, мазмұны мен тақырыбына қарай топтастырып жүйелегенде, негізінен төртке белуге болады.
Оқыған, естіген әңгімелер негізінде;
Табиғат құбылыстарын бақылау негізінде;
Өмірінде кездесетін оқиғаларға байланысты;
Өнер саласына байланысты.
Алғашқы кезде балалар шығарманы ауызша құрап үйренеді. Олар ауызша шығарма құрау дағдыларын меңгерген кезде шығарма жаздырылады.
Оқушылар оқыған немесе естіген әңгімелерінің мазмұнын сақтай отырып, өз сөздерімен еркін шығарма жазады.
Оқушылар оқыған немесе естіген әңгімелерінің үлгісіне еліктеп, өздері ойдан шығарып жазады. Дұрыс ұйымдастырылса бұл жұмыстың екеуінің де пайдасы мол.
Бұл оқушының шығармашылық қиялын дамытады. Оның тілін ұстартып, ойын жүйелі баяндауға төселдіреді.
Баланың шығарманы сәтті жазуы үшін айқын, «тар» нақты тақырып керек. Егер оқушыларға «Күз», «Қыс» секілді ауқымды тақырып берілсе, онда олар мұндай қомақты дүниеге кездескенде абыржып, оны кен түрде қамти алмайды.
«Күз» тақырыбының ауқымдылығы сондай оқушы өрісінің жетпеуі өз алдына, шығарма көлемінің шағындығы-ақ күз табиғатын кеңірек қамтуды көтермейді. Тар тақырып оқушыны өзіндік дербес жұмысқа тиянактылық пен нақтылыққа үйретіп, ол деректерді іріктеп ретімен орналастырып, шығарманы жеңіл жазып шығады.
Оқыған әңгіменің негізінде шығарма жаздыру үшін мұғалімдер бұрын көргендерін, естігендерін еске түсіру мақсатында балалармен қысқаша әңгіме өткізеді. Мысалы, «Ана тілінен» «Жаңбыр» өлеңін оқып, соның негізінде «Жаңбырдың пайдасы» тақырыбына шығарма жаздыру керек болса, балалардың оқыған материалдарына қосымша жаңбыр жөнінде не білетіндерін сұрайды. Егер балалар білетіндерін өздіктерінен айта алмаса:
Жаңбыр жауарда аспанды не басады?
Жаңбыр көп жауғанда, егін қалай өседі? Шөп қалай өседі?
Жаңбыр көп жауғанда, арықтың суы қайтеді?
Жаңбырдан кейін шаң – тозаң қайтеді? – деген сияқты сұрақтар қойып, әңгіме өткізеді. Сұрақ-жауап арқылы әңгімелесіп болған соң, 1-2 оқушы жаңбырдың пайдасын тұтас айтып береді, онда оқушы жаңбырға байланысты өзінің көргенін, білетінін (найзағай жалтылдау, күн күркіреу, дауыл тұру тағы басқа), қиялын, әсерін қысылмай, еркін айтып беруге тиіс. Сонан соң осы айтылған әңгімеден шығарма жазады.
Ең алғашында шығарманы оқушылар өздігінен жаза алмайды. Сондықтан тақтаға бірнеше сұрақтар жазылады да, оқушылар соған жауап береді.
Аспанды не басты?
Не жауды?
Жаңбыр қалай жауды?
Жаңбырдан кейін шөп, егін қапай өседі?
Жаңбырдап кейін ауа қандай болады?
Оқушылар сұрақтарға жауапты әуелі ауызша құрайды. Олардың айтқан жауабы талқыланады. Сол жауаптардың ішінен ең жақсысы алынады. Сұраққа қайтарылған жауап толық тағы да бір қайталанғаннан кейін, балалар шығарма жазуға кіріседі.
Тағы бір мысал : «Сұғанақ мысық» әңгімесі бойынша «Менің мысығым» немесе «Менің күшігім» тақырыбына шығарма жаздыртуға болады. Мысық пен күшікті балалардың барлығы жақсы көреді, көпшілігі оларды асырайды. Сондыктан бұл тақырыпқа шығарманы қиналмай жазады. Дегенмен олар өздіктерінен әңгіме құрай алмайды. Сол себепті оларға алдын-ала тапсырма беріп, шығарма жазуға дайындық жүргізген жөн.
Әңгіме оқылғаннан кейін балаларға «сендердің мысықтарың бар ма?» сияқты сұрақ қойылады. Балалардың біреулері «бар» екіншілері «жоқ» деп жауап қайтарады. «Бар» деп жауап берген балалардан өздерінің мысығы жөнінде не білетіндері сұралады. Олар мысықты асырағанымен оның қылығына көңіл аудармағандықтан, әңгіме айтып бере алмауы мүмкін. Сондықтан оларға «Мысықтың түсі қандай? Көзі қандай? Қараңғыда мысықтың көзін көруге бола ма екен? Мысығың тышқан аулай ма? Сен мысығыңмен қалай ойнайсың?» сияқты сұрақтар беріледі де, осыларды байқап келу тапсырылады. Балалар тапсырманы ұмытып кетпеу үшін, мезгіл – мезгіл ойларына түсіріп қояды. Балалардың білетін жұмбақтары, мұғалімнің өзі білетін жұмбақтар, мысык жөнінде қысқа әңгімелер айтылады.
Оқушылардың шығармашылық қабілеттерінің жоғарғы деңгейде жазылған шығармасын ұйымдастыру үшін екі топтағы шарттар орындалуы қажет:
Біріншісі – оқушының толық дамуын қамтамасыз ететін дидактикалық шарттардың орындалуын талап етеді.
Екінші шарты – әдістемелік мазмұндама. Ол оқушылардың грамматикалық, стилистикалық дағдыларды меңгеруін, шығарма тақырыптарын анықтауды және солармен жұмыстар ұйымдастыруды талап етеді.
Шығарма тақырыбы оның мазмұнын анықтайды. Сондықтан да әрбір жаңа тақырып – бұл жаңа мазмұн.
Л.В.Занков өзінің зерттеуінде тақырыптың 2 негізгі тобын анықтайды: өнімсіз және шығармашылық.
Бірінші топтағы тақырыптар бала тәжірибесінен бөлек бір құбылыстың ашылуын көрсетеді немесе белгілі оқу пәні бойынша құрастырылады. Мысалы, «Қоян туралы мен не білемін?» тақырыбында шығарма жазуда қоян туралы бар біліммен жұмысты жазып шыгу өнімсіз деңгейге сәйкес.
Ал осы тақырыпқа ұқсас келетін «Қояндар суда өмір сүре ала ма?» тақырыбындағы жұмыс өзгеше қараулы талап етеді. Себебі тек қоян туралы білетін біліммен, мағлұматпен шектелуге болмайды. Берілген сұрақка жауап беру үшін оқушы тірі табиғат пен өлі табиғатты, табиғаттың байланысын, ортасы мен оның тамақтану қабілетін байланыстыра қарастырады. Бұл жұмыста оқушы қоян туралы бар білетініне сүйене отырып, салыстыру, дәлелдеу, нәтиже шығару сияқты жұмыстарды орындауы тиіс, яғни шығармашылық бағытта жұмыстануы қажет болады.
Аталған жұмыс түрлері бастауыш мектеп оқушыларына ешқандай қиындық келтірмейді. Екінші топтағы, яғни шығармашылық бағыттағы шығармалар, әртүрлі деңгейдегі жұмыстар болуы мүмкін.
Мысалы: Оқушы «Қояндар суда өмір сүре ала ма? Қасқыр мен мысықтың арасындағы қандай ұқсастық, айырмашылық бар?» – деген тақырыпта шығарма жазуда бір оқу пәнінің ішіндегі бөлек тараулардың байланысын ашуға жұмыс жасайды. Сондай-ақ әртүрлі пәндер арасындағы байланысты ашуға көмектеседі. Мысалы: математика пәні мен табиғаттану немесе әдеп, сурет, ән сабақтарының арасындағы материалдарға негізделген болуы мүмкін.
Ал «Тіл адамдарға не үшін қажет?», «Менің айналамдағы орта», «Жақсылық, мырзалылық деген не?» – деген тақырыптардағы шығармалар оқушыдан жоғары дәрежедегі ақыл-ой белсенділігін, яғни бар мағлұмат, деректерін, білімдерін сұрыптай отырып өз тәжірибелеріне, бақылауларына сүйену негізінде баяндауларын талап етеді.
Шығармашылық бағыттағы шығармаларды жазуда ескеретін негізгі мәселелер:
Тақырып таңдауда еркіндік беру, өйткені оқушыға қай тақырып жеңіл және таныс, сол бағытта өз ойын еркін және толық жеткізе алады. Шығарманың тақырыптары оқушыларға өздерінің жақсы білетін жақтарын ашып көрсетуге ғана емес, сонымен бірге әлі де болса толық қалыптаса қоймаған жетіспейтін жақтарын да одан әрі дамытуға мүмкіндік беруі тиіс.
Мысалы «Мысық пен күшік», «Аңдар орманда қалай қыстайды?», сияқты тақырыптар, олардың шығармашылық елестетулерінен көрініп, көркем бейнені суреттей білуіне көмектесе отырып, логикалық ойлау, есте сақтау, елестету қабілеттерінің жете дамуына көмектеседі.
Өнімсіз және шығармашылық тақырыптарды өзара байланыстыра отырып қолданған тиімді. Себебі өнімсіз тақырыптар шығарманың жоспарын құру, керекті материалды қатаң іріктеу, баяндау тәсілін сақтау сияқты қажет дағдыларды қалыптастыруга көмектесетін жаттығулар есебінде жұмсалады.
Ал шығармашылық тақырыптар ең негізгіні және бастыны – өз ойын, сезімін, жан-дүниесін жеткізе білуге, әр саладағы білімді өзара байланыстыра отырып қолдануға сондай-ақ белгілі деректер, құбылыстар бойынша қорытынды жасауға, ізденуге үйретеді.
Оқушылардың жеке қабілетін дамытуда көркем әдебиет жанрын, шығарма мазмұнын таңдауда үлкен еркіндік беру өте тиімді. Бұл бағытта, мысалы «Ормандағы көктем» атты тақырыпты алуға болады. Бұны оқушылар ертегі жанры, ғылыми-публистикалық мақала және көркем әңгіме есебінде аша біледі.
Сонымен қатар ең алдымен, оқушының ақыл-ойына әсер ете отырып, кез келген затқа сын көзбен қарай білуге, бағалай білуге үйрету негізінде оның ішкі жан дүниесіне, сезіміне де әсер етіп, қозғауы қажет. Жүргізілген зерттеу бойынша балалар әсіресе ертегілер жанрындағы «Бұлт пен күн туралы ертегі»,«Жер бетіндегі жел туралы ертегі» және сұрақ түрінде берілген «Ертегі адамдарға не үшін керек?», «Ағаштар неліктен өседі?», «Ойыншықтар адамдар үшін неге керек?» сияқты тақырыптарды өте қызыға орындайды.
Жалпы, бұл дамыта оқыту жүйесіне құрылған әдеби шығармашылық жұмыстардың басты құндылығы – мектепте және мектептен тыс алатын білімін бекіте білуге, жалпылай отырып қорытындылауға үйрету.
Балалардың сөздік қорын дамытудағы жұмыстардың бірі – мазмұндама.
Мазмұндама мәтіндеріне қойылатын мынадай талаптар бар:
мектеп оқушыларына мазмұндама алдымен дайын мәтін бойынша жаздырылады. Бірақ мазмұндамаға алынатын мәтінге өте жауапкершілікпен қарау қажет. Өйткені жұмыстың нәтижесі көбіне мәтінді дұрыс таңдап ала білуге байланысты.
Мазмұндама мәтіндері жеңіл әңгімелерден басталып, бірте-бірте қиындай түседі. Бастауыш сынып оқушыларына арналған мазмұндама мәтіндерінің тақырыбы оларды адамгершілікке, достыққа, ерлікке, еңбекке, Отанын шексіз сүюге тәрбиелейтіндей; мазмұны белгілі бір сюжетке құрылған, оқиғасы тартымды, әр сыныптағы балалар ұғымына лайық болғаны дұрыс. I-II-сыныптарда мәтіннің әңгімелеу түрінде болғаны дұрыс, өйткені баяндау, хабарлау түріндегі мәтін балаларды жалықтырып жібереді.
Дайын мәтін бойынша мазмұндама жаздырудың өзі, белгіліден белгісізге, женілден ауырға деген қағидамен бірнеше сатыға бөлінеді. Сонымен қатар мәтіндегі түсініксіз сөз саны да есепке алынып отырады.
Мәтінде кісі аттары көбейіп кетсе, балалар мәтіннің мазмұнын дұрыс түсіне алмай қалады да, оны жазып бере алмайды.
II сыныпта мазмұндаманың бұл түрі, балаларды жоспар жасауға үйрету үшін, бірге-бірте қиындатып пайдаланылады. Мысалы, II сыныпта «Ақ қошақан» әңгімесі бойынша мұғалім мазмұндама жаздырады.
Мақсаты: 1. Балаларды ойларын жүйелі түрде жазып беруге үйретеді.
Мәтін мазмұн реті мен түрін сақтай отырып жазуға дағдыландыра түседі.
Балалардың жануарларды жақсы көріп, күту сезімдерін тәрбиелейді.
Сабаққа ойыншық қошақан, шүберек, бір тілім нан, бір уыс шөп, су құйылған стакан әкелген дұрыс.
Ақ қошақан
Ақ қошақан енесімен бірге өріске шығатын. Ол өрістін дәмді шөбіне тойып, секіріп ойнақтайтын.
Бір күні ақ қошақанның екі алдыңғы аяғы ақсап қалды. Ол енді жүре алмайтын болды.
Серік оған шөп жұлып әкеліп берді, нан берді, су берді. ІІІүберекпен аяқтарын таңып қойды. Көп кешікпей-ақ қошақанның аяқтары жазылды. Ол өріске кетті.
Сұрақтар:
Ақ қошақан не істеуші еді?
Ақ қошақан неліктен өріске шыға алмады?
Ақ қошақанды Серік қалай күтті?
Серіктің ісіне қандай баға берер едіңдер?
Сендер мұндай жағдайда не істер едіндер?
Сонымен бірге бар сюжетке салынған, не оқылған мәтінді бейнелейтін бірнеше суреттің орнын ауыстырып беріп, мәтін бойынша түзеттіруге, соңында мәтіннің де, суреттердің де орнын ауыстырып беріп түзеттіруге болады. Бұл жұмыс балаларға оқиға желісін аңғаруға, әңгіменің мазмұнын жүйелеп айтуға көмек етеді. Мұндай жұмысты орындауда балалар ойланады, өз пікірін белгілі бір тәртіпке, жүйеге түсіріп үйренеді, сөйтіп, олар кез келген оқыған әңгімелеріне жоспар жасауға дағдыланады.
Тіл дамыту сабағында осы стратегияны қабылдауға дайындалғанда мұғалім мәтінді бірнеше бөліктерге бөледі. Биюмнің сұрақ қою өлшемі бойынша әр бөлімге сұрақтар әзірленеді. Негізінен оқушылардың талдау, жинақтау, түсіну, қолдану, бағалау дағдыларын арттыратын сұрақтарды қойған дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |