Әлеуметтік тәртіп – 1) утилитарлы бағыт, қоғамның барлық қызығушылықтарына жауап беретін тәртіп; 2) мәдени бағытта жалпы нормалар мен құндылықтар ролдерін көрсетіп отырады; 3) биліктің мағынасы, биліктегі адамдарға көмектесу қабілеттілігі.
Норма - қызметкерлердің әлеуметтік іс-әрекеттері үшін жазылған заңдылық. Әлеуметтік норма нақты мінез-құлықты көрсетпейді, ал нормативті мінез-құлық – бұл жай ғана жиі кездесетін үлгі емес. Норма белгілі бір заңдылыққа сүйенеді. Нормадан ауықту санкциямен жазаланады.
6 тақырып Әлеуметтік институттың институционализациялауы Дәріс мақсаты: әлеуметтік институттардың институционалды белгілерін
анықтау
Басты түсініктер:институционалды автономия
Дәріс жоспары: 1. Әлеуметтік институттың институционалды белгілері.
2. Институционалды автономия.
Дәріс мазмұны: Әлеуметтанудың негізгі пәні қоғам болып табылады, жоғарыда қарастырылған теориялар қоғамға тұрғындардың әлеуметтік-топтық құрылымы ретінде талдау жасайды. Бұл тарауда біз қоғамға оны құрайтын институттар тұрғысынан талдау жасайтын теорияларды қарастыратын боламыз. Бірақ бұл екі жоба тұтас бір нәрсені білдіреді және бір-бірімен органикалық байланыста.
Тағы да айта кететін жайт, тарихи тұрғыдан қоғамды зерттеуде әлеуметтану ғылымында екі бағыт қалыптасты: құрылымдық-жүйелі және субъективті-мінез-құлықтық. Құрылымдық көзқарасты жақтаушылар қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде қарастырады, ал әлеуметтанудың пәні - әлеуметтік институттар деп есептейді. Мұнда қоғам объективті өмір сүретін және жеке адамдарға тәуелді емес институционалдық құрылым деп түсіндіріледі. Басқаша айтқанда, біз қоғам сараптама-сының институционалдық немесе жүйелі деңгейін қарастырамыз.
Эмиль Дюркгейм атап көрсеткендей, әлеуметтануды институттар, олардың генезисі және жұмыс істеуі туралы ғылым деп пайымдауға болады.
Екінші бағыт – субъективті-мінез-құлықтыққа келер болсақ, ғалымдар қоғамға оны құраушы топтардың жиынтығы ретінде талдау жасайды, ал зерттеудің негізгі пәнін тұлғааралық интеракциялар, адамның күнделікті қызметі мен іс-әрекеті құрайды.
Одан әрі біз институттарды зерттеудегі қоғамның құрылымдық-жүйелі сараптамасы шеңберінде жасалатын үрдістерді қарастырмақпыз.
Бірінші үрдіс институттардың әлеуметтік ғылымдарды барған сайын көбірек зерттей бастауына негізделеді. Алғашында институттар негізінен заң туралы ғылымда зерттелді. Кейінірек институттар әлеуметтік ғылым сараптамасы пәніне енгізілді. Жиырмасыншы ғасырдың басында институттарды экономистер зерттей бастады. Экономика ғылымында институттар мінез-құлықтың үлгілері мен нормалары ретінде қарастырылады. Институционалдық зерттеулер сонымен қатар тарихта, философияда, антропологияда, экологияда және экономика тарихында да орын алады.
Институттарды зерттеудегі екінші үрдіс әлеуметтік институт-тардың жоғары дәрежелі және жалпы тәртіптер көріністері түріндегі сараптамадан тұрады және мұнда институттар қоғамдық көріністерді реттеушілер ретінде түсіндіріледі. Мысалы, Толкотт Парсонс қоғам ықпалдасуы мен тұрақтылығының негізгі факторы институттар екенін айтқан болатын.
Екі көзқарас та қазіргі заман ғылымында институттардың рөлін түсінуші ғалымдар саны өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа институционализм
теориясының сараптамасы
Беркли университетінің (Калифорния, АҚШ) әлеуметтану профессоры Нил Флигстайнның түсіндіруіндегі институционализмнің жаңа теорияларының сыни рефлексиясын қарастырайық.
ХХ ғасырдың 90-жылдарында тек әлеуметтік ғылым ғана емес, сонымен қатар экономикалық, саяси ғылымдар да “жаңа институ-ционализм” теориясына қанық болды. “Жаңа институционализм” теориясының негізін салушылар арасында көптеген келіспеушіліктер болды, бірақ институттар туралы ортақ түсініктер де орын алды. Ол институттарды ресурстардың бірдей етіп бөлінбеуін қолдай отырып, белгілі бір билік етуші топтардың өзара іс-қимыл ережелерін ұсынуына мүмкіндік беретін әлеуметтік конструкциялар ретінде түсіндіруінен тұрады. Мұнда жалпы теориялардың екі тобын бөлуге болады, біріншісінде әлеуметтік факторлар мен институттарды құру процесіне қатысушылар институттардың маңызды құраушысы болып табылады; екіншісі әлеуметтік институттарды әлеуметтік құрылым ретінде негізінен түсіндіруге күш салады.
Қазіргі заман ғылымында “жаңа институционализмнің” төрт түрін бөліп көрсетуге болады:
тарихи институционализм;
ұтымды таңдау институционализмі;
экономикалық институционализм;
әлеуметтану институционализмі.
Қазіргі заман ғылымында ғалымдар “институт” ұғымының мағынасын түсіндіруде бір шешімге келе алмай отыр. Бірқатар ғалымдар институт ұғымын әлеуметтік қатынастарды анықтап, мұндай қатынастарға қатысушылардың рөлін түсіндіретін, сонымен қатар қатысушылардың өзара әрекет ету процесін әрекет ету нұсқаулығы мен қалған қатысушылардың іс-әрекетін түсіндіру әдісі арқылы бақылайтын ұжым мағынасында түсінеді. Енді бір теоретиктер “институт” ұғымы аясында арнайы ойлап табылған заңдар мен ережелер, үшіншілері - ұжым арқылы орындалатын және бөлек-бөлек топтардың келісіміне қол жеткізу арқылы жүзеге асырылатын формальды емес ережелер түріндегі нормалар жиынтығы, төртіншілері – өзінен-өзі болатын нәрсе сияқты қабылданатын жүйе деп түсіндіреді. Көріп отырғанымыздай зерттеушілер арасында бұл мәселе тұрғысынан ортақ бір шешім жоқ. Бұл “жаңа институционализмнің” негізін салушылар өз әріптестерінің теорияларын жақсы біле тұрса да, әдетте арадағы келіспеушілік туралы пікірталасты шешу мүмкін емес деп санайтындығынан көрінеді. Мұнымен қоса, “институт” феноменін түсінуде белгілі бір келісушіліктер немесе сәйкес келетін тұжырымдар да бар. Әңгіме барлық үлгінің қалай болған күнде де “кеңістік”, “сахна” немесе “ойын” деп аталып жүрген оқшау әлеуметтік білімнің пайда болу проблемасымен байланыстылығы туралы болып отыр. Бұдан әрі институционализмнің барлық үлгісі институттарды әлеуметтік конструкциялар түрінде түсінетіндігі туралы айтуға болады. Басқаша айтқанда, жаңа институционализмнің көптеген авторлары институттарды әлеуметтік субъектілердің немесе акторлардың ықпалының нәтижесі деп түсіндіреді. Үшіншіден, өзара іс-қимыл және институттар пайда болғанға дейін болған ресурстарды бөлу ережелері ықпал ету көздері болып көрінеді және де әлеуметтік субъектілер мінез-құлқының үлгілерімен үйлесе келіп, институттарды ашудың және ұдайы өсірудің негізі болады.
Жаңа институционализм теоретиктері институттарды тудыратын және ұдайы өсіріп отыратын “өзара әсер ету ортасын” түсіндіруде де бір-бірімен қиыласады. Негізгі көңіл аудартатын мәселелер мұндай әрекет ету алаңдарының пайда болуы, олардың қалай тұрақтылығын сақтайтындығы және түрінің өзгеретіндігі болып табылады. Мұнда институциаландыру ережелер абстракциядан алаңдарда өзара әсер етуші бір үлгінің нақты бастауына айналатын процесс ретінде түсіндіріледі.
Институттар қандай жағдайда және қалай пайда болады?
1. Мысалы, Флигстайнның пайымдауынша, институттар әлеуметтік субъектілер тобы қақтығыстық сипаттағы әлеуметтік іс-қимылға қосылған кезде пайда болады. Өзара іс-қимылдың мұндай түрінің көбіне саяси сипаты болады және негізінен ресурстарды қайта бөлу (немесе бөлу) жолындағы күреспен байланысты. Басқа сөзбен айтқанда, көбінесе институттар қоғамдағы дағдарысты жағдайлардың нәтижесінде пайда болады.
2. Институттар жекелеген топтар басым жағдайға жету үшін басқаларға өз ережелерін күштеп таңған кезде пайда болады.
Институттар қоғамның тұрақсыздығы салдарынан пайда болған кездер де бар. Әңгіме түрлі әлеуметтік топтардың немесе акторлардың жағдайды түзеуді өз мойындарына алып, қоғамға жаңа бағыт-бағдар ұсынуы туралы болып отыр.
Акторлар туралы жеке мәселе. Жаңа институционализм теориясындағы акторларды негізінен жаңа ережелерді орнату мақсатында процеске қатысушы басқа адамдарды өзіне тарта алатын белсенді әлеуметтік субъектілер деп түсіну керек. Бұл тұрғыдан Флигстайн “әлеуметтік талант” ұғымын енгізеді. Әлеуметтік талант – өз тобының мүшелері мен басқа да топтың мүшелерін бір бағытқа тарту әдістерін пайдалана алатын тұлға. Мұндай таланты барлар басқа қатысушылардың іс-әрекетіне түсініктеме береді және өз тобының позициясы негізінде жағдай туралы азды-көпті өз түсінігін “ынтымақтастық” орнату үшін пайдаланады. Неше түрлі ғылымдар мен теориялар әлеуметтік талант дарыған адамдардың сырын ұғуға тырысып келді.
Бұл проблема әлеуметтік ғылымның маңызды теориялық дилеммаларының бірі - құрылымдар мен әрекет етуші тұлғалар туралы мәселені шешеді. Мұнда рефлексия пәнін әлеуметтік өзара әрекет етуге қатысушыларда бар таңдау жиынтығының құрылымдану дәрежесі мен олардың өзара әрекет ету барысындағы іс-әрекеті мен позициясын анықтайтын ережелер құрайды.
Әлеуметтік және саяси ғылымдар негізінен бұл процеске қатысушылардың позициясына баса назар аударады. Экономика ғылымы әрекет етуші тұлғалардың таңдай алу мүмкіндігі бар екендігін және ол көп жағдайда процеске қатысушылардың іс-әрекеті мен нәтижесін алдын ала айқындайтындығын көрсетеді.
Жалпы алғанда, жаңа институционализм теориялары сараптама пәні ретінде әлеуметтік құрылымдарды, олардың пайда болуы мен олардың құрылуындағы адамдардың рөлін қарастырады. Осылай бола тұрса да, веберлік және маркстік бағыттағы әлеуметтік құрылымның классикалық теориясымен салыстырғанда, жаңа институционализм теориялары әлеуметтік құрылымды ережелер жиынтығымен анықталатын бір-біріне қатысты бағытталған әр түрлі ресурсты топ қызметінің сахнасы деп түсіндіріледі. Мұнда қоғамдық ғылымдардың арасында жаңа классикалық экономика айтарлықтай алға жылжыған. “Классикалық емес экономика ғылымы өз сараптамасында нарықтық алмасу арқылы қолда бар ресурстарды оңтайлы бөле алатын, нақты артықшылықтары мен ең үздік ақпараты бар, мейлінше пайдаға бағытталған нарыққа қатысушыларға негізделеді. Кейін олар ұйымдар мен қағидалар жер-жерде қызмет ете отырып, нарықтың жұмыстағы қиыншылықтарды жеңуге көмектесетіндігіне көңіл аударады. Мәселен, Марч пен Симон ережелер шектелген ұтымдылық пен жеке мүдделер проблемасын шешуге жәрдемдеседі деген қорытындыға келді. Егер, мысалы, фирмалардың иесі барынша пайда табу мақсатында ұйымдастырылса, ал олардың қол астындағылары өздерінің қожайындарының мейлінше табыс табу межесімен сәйкес келмейтін өзге мақсаттарды көздейді. Шектелген ұтымдылық фактісі барлық деңгейдегі фирмалардың жұмысын қадағалау міндетін күрделілендіреді. Демек, фирмада аталған факторлардың кері әсерлерін жоя алатын құрылым болу тиіс. Барлық деңгейдегі қызметкерлерді ұтымды қадағалау үшін орталық аппараттың нақты қойылған міндеті, стандартты рәсімдері мен қарапайым ережелері болуы тиіс, бұл өз кезегінде шешім қабылдау процесін жеңілдетеді. Нәтижесінде жоғарғы жақтағы басшыларға төменнен келіп жатқан тәртіпсіздік туралы дабылдарға лезде жауап қайтаруға мүмкіндік беретін анық әлеуметтік құрылым дүниеге келеді.
Д.Норт пен Р.Артурдың ойынша, саяси және экономикалық институттар, мысалы, кездейсоқ түрде пайда болады немесе оңтайлы нәтижелерге қол жеткізуге септігін тигізбейді. Мәселен, бірсыпыра елдердегі жеке меншіктің кейбір нысандары бір саланың тиімділігін арттыру мақсатында емес, тарихи жағдайдың еркі бойынша пайда болады. Артурдың пікірінше, технологиялар көбінесе осы технологияларды ұстап тұратын ұйымдар, ережелер мен рәсімдер болғандықтан, басым жағдайға ие болады. Қандай да бір фирма қызмет ете бастаған кезде оған қыруар қаржы жұмсалғандықтан, одан да көп шығынға батпау үшін ештеңені де өзгертпеу керек екендігі анықталады.
Саяси ғылымда жаңа институционализмнің екі теориясы пайда болды: тарихи институционализм және ойын теориясымен байланысты ұтымды таңдау теориясы. Тарихи институционализмді жақтаушылар саяси процестер мен шиеленістерді талдау барысында үкіметтердің рөлі жете бағаланбайды деп есептейді. Мысалы, Телен мен Стейнмо үкімет институттары қоғам өміріне қалайша араласатындығын, әр түрлі елдердегі саяси дәстүрлер мен әлеуметтік-саяси процеске қатысушылар атқаратын рөлдер, саяси партиялар мен идеологиялар қайсыбір қоғам құрылымындағы сан алуан топтардың саяси мінез-құлқына қалай әсер ететіндігін анықтауға тырысады. Стейнмо мен Теленнің тұжырымдауы бойынша, белгілі бір жағдайларда субъектілердің артықшылықтары эндогенді болуы мүмкін, қарапайым тілмен айтқанда, адам немесе әлеуметтік топтар оқиғалардың дамуына қарай өздеріне не керек екенін ұғына бастайды, бұл әр түрлі одақтардың пайда болуына әкеліп, нәтижесінде қайсыбір әлеуметтік процестің институционалдануы жүзеге асады. Тарихи институционализмді жақтаушылар мен ұтымды таңдау теориясын ұстанушылар арасындағы пікірталастың басты қайнар көзі процеске қатысушылар іс-әрекетінің дәлелі мен институттардың бұл іс-әрекеттердің сипаты мен бағытына әсер ету деңгейіне байланысты мәселе болып табылады. Тарихи институцио-нализм теориясын жақтаушылар, өмір сүріп отырған ұйымдар, институттар және саяси перспективалар басты рөл атқарады деп есептейді.
Ұтымды таңдау теориясын қолдаушылар саяси институттардың неліктен өмір сүретіндігін түсінуге тырысады. Олардың пайымдау-ларының мынадай сипаты бар: өз мақсаттарын көздеуші, ұтымды жеке адамдар әрдайым ұжымдық іс-әрекеттер саласында дилеммаға тап болады. Институттар осы дилеммаларды шешу үшін барлығына да тиімді болатындай “сен-маған, мен-саған” деген принцип бойынша ақылға сыйымды ымыраға қол жеткізу үшін қажет.
Ойын теориясы халықаралық қатынастар жөніндегі әдебиеттерде кең қолданылады, бұл арада үкімет басты міндеті қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылатын біртұтас субъектілер ретінде анықталады. Әр түрлі үкіметтердің мүдделері бір жерден шыққан кезде келісімдер, өзара әрекет ету ережелері дүниеге келіп, кейін институттар пайда болады. Жалпы ойын теориясы ұтымды әрекет етуші жеке адамдардың өз мүдделерін бейнелейтін институттарды қалайша орнықтыратындығын ұғынуға тырысады.
Бұл екі теорияның ұқсастығы нақты нәтижелерге жетудегі институттар мен саяси ұйымдардың маңыздылығын түсінуге келіп саяды. Ал айырмашылықтары – егер ол жағдайлық әлеуметтік рөлдердің жемісі болса және егер өтіп жатқан дағдарыс барысында әрекет етуші адамдар өздерінің кім екендіктерін қайтадан ұғынуға дайын болса, басымдықтардың мазмұнын анықтауға келіп тіреледі.
Әлеуметтануда ұйымдардан сыртта өмір сүретін әлемді әлеуметтік конструкция деп есептейді. Скотт пен Мейер не болып жатқандығы және алдын ала сенімділікпен не деп айтуға болатындығы және қандай шаралар ұйымның өмір сүруіне септігін тигізді, қайсысы жоқ дегендерге қатысты қоршаған орта жеткілікті түрде нақты дабылдар жіберетіндігіне күмәнданады. Бұл арада институт алаңды құрылымдайтын және әлеуметтік процестерге қатысушылардың жолда кезігетін кедергілерді жеңуіне жәрдемдесетін мағына ретінде ұғынылады. Дәл институттар алаңдағы акторлардың позицияларын айқындап, процестің қалған қатысушыларының іс-әрекетін барабар түсіндіріп және ұғынуға қажетті ережелермен қамтамасыз етеді. Әлеуметтануда белгісіздік жағдай бөлек суреттеледі. Ұйымдастыру-шылық өзгерістердің, белгісіздіктің факторы, бәсекелестердің белсенділігі - мұның бәрі нақты ережелер мен мағына болған жағдайда ғана құрылымданады. Бұл тұрғыдан келгенде бүкіл қоғам үшін ережелер жүйесін орнықтыратын үкіметтердің рөлі аса зор.