1.3.5 Белоктарды сандық анықтаудың Къелдаль әдісі (зертханалық жұмыс)
Жалпы азот мөлшерін Къельдаль әдісімен анықтау. Әдіс органикалық заттарды күкірт қышқылымен минералдауға негізделген. Түзілетін аммиак күкірт қышқылымен аммоний сульфатын түзеді және кейін оның құрамынан азот мөлшері анықталады. Процестердің схемасы:
RCH(NH2)COOH + H2SO4 CO2 + SO2 + H2O + NH3
2NH3 + H2SO4 (NH4)2 SO4
Құрал–жабдықтар және реактивтер: аналитикалық таразы; электр плитасы; Бунзен штативі, 100 мл-лік Кьельдаль колбасы; аммиакты айдауға арналған аппарат; 1, 10 және 20 мл-лік пипеткалар; 100-лік өлшеуіш колба, бюретка, воронка, 200 мл-лік химиялық стақан, май шам, өлшеуіш цилиндр; 15 см-лік шыны түтік; шыны тығын; асбест. Концентрлі күкірт қышқылы; мыс купоросы немесе селен, сынап сульфаты және калий сульфатының қоспасы (1:100:10); сутегі пероксиді (30 % Н2О2 ерітіндісі); 50 %-дық NaOH ерітіндісі; 0,025 н. H2SO4 ерітіндісі; 0,025 н. NaOH ерітіндісі; қызыл лакмус қағазы; метил қызылының ерітіндісі.
Материалдар: құрғақ өсімдік материалы (бидай, күріш, қарақұмық, тары, сұлы).
Жұмыс барысы: Аналитикалық таразыда ұзын пробиркада үгітілген зерттелініп отырған материалдың 0,5-0,8 г өлшеп алып, Кьельдаль колбасына салады (пробирканы қайта өлшейді, материалы бар пробирка мен материалы жоқ пробиркаларды салыстырып, алынған материал массасын анықтайды).
Колбадағы материал үстіне концентрлі күкірт қышқылының 10-15 мл құяды (өлшеуіш цилиндрмен алады), катализатор ретінде 0,1-0,2 мыс купоросын немесе 3-5 г селеннің сынап сульфаты және калий сульфатымен қоспасын қосады. Колба ішіндегісін араластырғаннан кейін оған тамшылатып 0,5 мл сутегі пероксидін қосады (30 % Н2О2 ерітіндісі), шыны тығынмен жауып, абайлап асбест қойып) еңкейтілген жағдайда қыздырады. Әрбір 2-4 сағат сайын колбаға сутегі пероксидінің бірнеше тамшысын қосып отырады. Материалдың өртеліп болғанын 20 минут қатты қыздырғаннан кейін сұйықтықтың сары түске боялмағанынан біледі. Өртеу процесі аяқталғаннан кейін колбаны суытып, оған араластыра отырып 20-30 мл су қосады және оның ішіндегісін 100 мл-лік өлшеуіш колбаға ауыстырады, суытады және белгіленген сызығына дейін сумен жеткізеді де, араластырады.
Сурет 3 - Аммиак айдауға арналған құрылғының жалпы көрінісі: 1 – бу жасаушы; 2 – құйғыш; 3 – тоңазытқыш; 4 – аммиакты байланыстыруға арналған Н2SО4 титрленген ерітіндісі бар колба; 5 –зерттелетін қоспасы бар Кьельдаль колбасы
Аммиактың айдалуы арнайы құрылғыда жүреді (3-ші сурет). Кьельдаль колбасына 20 мл минералданған қоспаны құяды, оны бу жасағышпен байланыстырып, суды қайнатуға дейін апарады. Сосын Кьельдаль колбасына құйғыш арқылы 20 мл 50 %-дық натрий гидроксидін құяды. Бу жасағыш кранын ашып, аммиакты 0,025 н. 20 мл титрленген күкірт қышқылының ерітіндісі бар стаканға айдайды, оған алдын ала қызыл метил индикаторының 2-3 тамшысын қосады (форштостың соңы қышқылға батып тұруы қажет). Айдау колбаны спирт құрылғысында немесе газ горелкасында қыздырса, жылдамырақ аяқталады. Аммиактың айдалуы аяқталуын анықтау үшін тоңазытқышты ашып, түтікті дистилденген сумен шайып, қызыл лакмус қағазына ағып тұрған сұйықтықты тамызу қажет.
Егер лакмус қағазы көк түске боялатын болса, онда айдауды жалғастырып, лакмус қағазын стаканға салу керек. Айдау біткеннен кейін қабылдағыштағы күкірт қышқылының артығын 0,025 н. NaOH ерітіндісімен сары түске боялғанға дейін титрлейді және азот мөлшерін есептейді. Барлық сипатталған операцияларды бақылау нұсқасында тек реактивтермен алдын-ала жүргізеді. Азоттың пайыздық мөлшері (х):
Мұндағы 0,35 – 0,025 н. сілті ерітіндісінің 1 мл-не сәйкес келетін азот миллиграмының саны; А – бақылау ерітінді мен зерттелініп отырған ерітіндіні титрлеуге кеткен сілті көлемдерінің арасындағы айырмашылық, мл; В – өлшеуіш колбасындағы минералданған қоспаның жалпы көлемі, мл; В1 – айдау үшін алынған минералданған қоспаның жалпы көлемі, мл; m – материал массасы, г.
Белоктың массалық үлесін есептеу үшін алынған мән 6,25 коэффицентіне көбейтіледі, себебі 100 г белокта шамамен 16 г азот болады. Ал 6,25 г - бұл 1 г азотқа сәйкес келетін белок мөлшері.
Достарыңызбен бөлісу: |