Макронутриенттерге көмірсулар, белоктар, липидтер жатады. Қорға жиналатын заттар түрінде олар едәуір мөлшерде тұқымдарда, түйнектерде (клубень), тамыржемістерде (корнеплод) шоғырланады.
Өсімдік жасушасының көмірсулары үш – мономерлі (глюкоза, фруктоза және басқа моносахаридтер), дисахаридті (сахароза, мальтоза және басқалары) және полисахаридті (крахмал, инулин, целлюлоза және т.б.) формада болады.
Белоктар өсімдік жасушалары протоплазмасының негізгі бөлігін құрайды. Бірақ олардың көп бөлігі басқа қосылыстармен күрделі белоктар – протеидтер (липо-, нуклео-, металлопротеидтер және т.б.). түзетін конституциялық және ферменттік белоктарға жатады. Жасуша және оның органоидтарының конституциялық және ферменттік белоктарын анықтау үшін қолданылатын арнайы әдістемелер бар. Қор белоктарын өсімдік ұлпасынан белгілі бір еріткіштер көмегімен оңай экстракциялауға болады. Мысалы, альбуминдер суда, глобулиндер – бейтарап тұздарда (10 %-дық аммоний сульфаты немесе натрий хлориді ерітіндісінде), проламиндер - 70 %-дық спиртте, глютелиндер – әлсіз сілтілерде ериді.
Липидтер – майлар және май тәрізді заттар – кез келген өсімдік жасушаларында болады. Фосфо- және гликолипидтер, атап айтқанда, жасуша мембраналарының құрам бөлігі бола отырып, маңызды структуралық функция атқарады. Қор майлары цитоплазмада негізінен бос формада, тамшылар түрінде болады. Майлар – ең жоғары калориялы заттар, сондықтан олар өсімдіктердің 80 %-нан артығында тұқымдарына жиналады. Сонымен қатар олар жемістерде, тамырсабақтарда, бүршіктерде, ағаш қабығында және т.б. көп болады.
Жұмыс мақсаты: Өсімдіктердің заттарды қорға жинау мүшелерінде көмірсулардың, белоктардың және майлардың болуын анықтау.
Зерттеу объектілері: дәнді дақылдар мен бұршақ тұқымдастардың тұқымдары: бидай, арпа, бұршақ, фасоль, күнбағыс, картоп түйнектері, қызылша, сәбіз тамыржемістері.
Құрал-жабдық және реактивтер: пробиркалар, 100 мл-лік стакандар немесе колбалар, воронкалар, 10 және 50 мл-лік өлшеуіш цилиндрлер, шыны таяқшалар, 5 мл-лік пипеткалар, фарфор ступкалар, буландыру табақшалары, штативтер, скальпель, қағаз сүзгілер, пробиркалар үшін этикеткалар, этикеткаларды бекіту және пробиркаларды байланыстыру үшін резеңке сақиналар, пробирка ұстағыштар, спиртовкалар, су моншасы; глюкоза, сахароза және сода ұнтақтары (бюкстерде); Фелинг реактиві, 10 %-дық (NH4)2SO4 немесе NaCI, 10 %-дық NaOH; 20 %-дық НС1, Люголь ерітіндісі (калий иодидіндегі йод), 1 %-дық CuSO4, 5 %-дық қорғасын ацетаты тамшылатқыштарда; пробиркада бензин.
Жұмыс барысы. Диірмен немесе ступка, терка көмегімен:
Бидайдың ұсақталған дәндерін моно- және дисахаридтердің, крахмалдың, белоктардың (альбуминдер, глобулиндер, күкіртті белоктар) болуын анықтауға дайындау.
Бұршақтың ұсақталған тұқымдарын моно- және дисахаридтердің, крахмалдың, белоктардың (альбуминдер, глобулиндер, күкіртті белоктар) болуын анықтауға дайындау.
Қант қызылшасының ботқасын (мезга) моно- және дисахаридтердің, крахмалдың, белоктардың (альбуминдер, глобулиндер, күкіртті белоктар) болуын анықтауға дайындау.