Көмірсуларды анықтау.Алдымен тотықсыздандыратын және тотықсыздандырмайтын қанттарға сапалық реакциялардың сипатымен танысу қажет. Ол үшін келесі реакцияларды жүргізу қажет. Бір пробиркаға скальпель ұшымен глюкозаны, екінші және үшінші пробиркаларға осындай мөлшерде сахарозаны салып, 3 мл-ден су қосады. Үшінші пробиркаға 2-3 тамшы 20 %-дық НС1 қосып, гидролиз үшін 1 минут қайнатады және тұз қышқылының артық мөлшерін содамен газ көпіршектерінің бөлінуі тоқтағанша нейтралдайды. Содан кейін әр пробиркаға 1 мл-ден Фелинг реактивін қосады және оларды қайнап тұрған су моншасына мыс (I) оксидінің тұнбасы түзілгенше (2-3 минут) қояды. Тұнба мөлшерін 4 баллдық шкала бойынша бағалайды. Егер тұнба көп, ал оның үстіндегі сұйықтық боялмаған болса, онда баға ең жоғары – 4 балл болады. Егер тұнба үстіндегі сұйықтық аздап көгілдір түсті болса, онда Фелинг реактивін толық байланыстыру үшін глюкоза жеткіліксіз болғаны, бұл жағдайда тұнба мөлшеріне сәйкес төменірек балл қойылады. Егер тұнба мүлде түзілмесе және пробиркадағы сұйықтық қанық көгілдір түсті болса, онда қант мөлшері нольге жақын.
Өсімдік материалындағы моно- и дисахаридтерді анықтау. Зерттеу схемасы бойынша ұсақталған тамыржемістер мен тұқымдардан 5 грамнан алып, оларды 100 мл-лік колбаларға салады, 20 мл су қосады және қайнап тұрған су моншасында араластыра отырып, 5 минут қыздырады. Нәтижесінде еритін қанттар экстракцияланады. Алынған сығындыларды (вытяжки) ылғал қатпарланған сүзгі қағазы арқылы таза пробиркаларға тұнбаны қозғамай отырып, сүзу қажет. Әр сығындыдан екі таза құрғақ пробиркаға 3 мл-ден фильтрат құйып алады (пробиркаларды алдын-ала калибровкалап қоюға болады). Пробиркалардың бірінде жоғарыда көрсетілгендей дисахаридтер гидролизін жүргізеді, содан кейін әр пробиркаға фильтрат көлеміне тең мөлшерде Фелинг реактивін қосады және пробиркаларды 5 минут су моншасында қайнатады. Бұдан кейін тұнба мөлшерін 4 баллдық жүйе бойынша бағалайды.
Крахмалды анықтау.Еритін қанттар экстракциясынан кейін қалған өсімдік ботқасына (мезга) бірнеше тамшы Люголь ерітіндісін қосып, түс интенсивтілігін 4 баллдық шкала бойынша көрсетеді.
Белокты анықтау үшін екі кішкене стаканға немесе колбаға 5 грамнан ұсақталған тұқымдар мен тамыржемістерді салады. Бір стаканға 30 мл 10 %-дық (NH4)2SO4 немесе NaCI, ал екіншісіне сонша су құяды. Мұқият араластырады және 15 минутқа заттар ерітіндіге өту үшін қалдырады. Содан кейін ылғал қатпарланған сүзгі қағазы арқылы құрғақ пробиркаларға тұнба үстіндегі сұйықтықты сүзіп алады. Егер фильтрат лайлы болса, процедураны қайталайды. Оның мөлшері 7-8 мл-ден кем болмауы керек. Экстракцияның бұл тәсілі кезінде бірінші жағдайда глобулиндер, екінші жағдайда – альбуминдер, сонымен қатар құрамында күкірті бар белоктар ерітіндіге өтеді.
Тұзда және суда еритін белоктарды ашу үшін фильтраттың 3 мл-не 2 мл 20 %-дық NaOH немесе КОН және бірнеше тамшы CuSO4 ерітіндісін қосады. Соңғы ерітіндіні аса сақтықпен, тамшылатып қосу керек, себебі ол артық болғанда мыс гидроксидінің көгілдір тұнбасы түзіледі. Реакция дұрыс жасалғанда күлгін түсті мөлдір ерітінді түзіледі. Ерітінді түсінің интенсивтілігі бойынша материалда альбуминдер мен глобулиндердің болуы және шамамен алғандағы мөлшері туралы қорытынды жасайды. Бағалауды 4 баллдық шкала бойынша жүргізеді.
Құрамында күкірт бар белоктарды, атап айтқанда, цистеин және цистин амин қышқылдарын анықтау. Белок ерітіндісіне (3 мл) екі есе артық көлемде 10 %-дық NaOH ерітіндісін қосады және сақтықпен 2-3 минут қайнатады. Содан кейін бірнеше тамшы қорғасын ацетаты ерітіндісін қосып, қара тұнба түзілгенше қыздыруды жалғастырады (5 мин.). Тұнбаның түзілмеуі күкірті бар белоктардың жоқ екендігін көрсетеді.