Байланысты: «жас ерекшелік физиологиясы жєне мектеп гигиенасы» п ні бойынша
Дыбыс талдағышы. Дыбыс талдағышының шеткі бөліміне – ішкі құлақта орналасқан Корти мүшесі, өткізгіш бөліміне – дыбыс нерві, қыртыс бөліміне – самай тұсында орналасқан дыбыс есту орталығы жатады. Дыбыс талдағышының ең шеткі бөлімі – құлақ үшке бөлінеді: сыртқы, ортанғы және ішкі құлақ болып.
Құлақ күрделі құрылысты мүше. Сыртқы құлақ құлақ қалқаны мен сыртқы құлақ түтігінен тұрады. Құлақ қалқаны дыбыс толқындарын жинап, сыртқы дыбыс түтігі арқылы дабыл жарғағына жібереді. Дыбыс толқындары екі құлаққа әртүрлі мерзімде жетуіне байланысты құлақ қалқандары дыбыстың бағытын, шыққан орынын анықтайды.
Дабыл жарғағы сыртқы құлақты ортаңғы құлақтан бөліп тұрады. Ол ішіне қарай ойыңқы құрылыс. Оның қалыңдығы ересек адамда 0,1 мм, кеңістікте 45 градусқа көлбеу орналасқан. Ортаңғы құлақ самай сүйегінің қуысында орналасқан дабыл қуысынан тұрады. Сол қуыста 3 дыбыс сүйектері бар: балғаша, төсше, үзеңгіше.
Ішкі құлақта екі талдағыштың шеткі бөлімдері орналасқан: біріншісі, вестибулярлық аппарат бір-біріне перпендикуляр орналасқан жартылай айналмалы 3 каналдар мен олардың табалдырығынан тұрады; екіншісі, ұлу сүйегі – есту мүшесі. 1 жасқа дейін құлақ түтігі өсіп, ұзарып, кеңейеді.
2-3 жаста сыртқы құлақ түтігі сәл иіледі де, 4-6 жаста ересек адамның түтігіндей болады. Дабыл жарғағы 2-3 жаста-ақ ересек адамның жарғағына жақындайды, бірақ орналасуы 30-35 градус болып, тек 4-6 жаста 45 градусқа теңеледі. Ортаңғы құлақтың құлақтың көлемі 2-3 жаста ересек адамның құлағынан кішірек келеді. Ол 4-6 жаста ересек кісінің ортаңғы құлағының көлеміне жетеді. Евстахи түтігі 2-3 жаста ұзарып 6 жастан асқанда ғана ересек адамдай болады. Ішкі құлақ 2-3 жастың арасында-ақ ересек адамның құлағымен теңеседі.
Адам организміне әсер етуші шудың ықпалын азайтып, есту қабілетін ұзақ мерзім жоғары дәрежеде сақтап қалу үшін бала кезден бастап есту гигиенасының талаптарын дұрыс орындап отыру керек.
Мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі айқай-шудың мөлшері – 40-100 децибел, ал мектеп бөлмелеріндегі айқай-шу одан артығырақ болады. Ер балалардың шеберханасындағы шудың шамасы 60-110 децибел, сынып бөлмесінде – 40-90 децибел. 40 децибел шамасындағы шу балаларға зақым келтірмейді. 50 децибелден асқанда балалардың еңбек қабілеті төмендейді. Әсіресе 60 децибелдегі шу оқушылардың зейінін төмендетіп, еңбек қабілетін нашарлатады. Осыған байланысты баланың еңбек шеберханасында шулы жұмыспен көп шұғылданбағаны жөн.
Негізгі әдебиеттер. [2-3-8]
Қосымша әдебиеттер. [1-3-5]