Байланысты: «жас ерекшелік физиологиясы жєне мектеп гигиенасы» п ні бойынша
2.2.6. Дәріс тақырыбы. Анализаторлардың жас ерекшелік физиологиясы мен гигиенасы. Дәріс тезистері. Сыртқы және ішкі орталардың әсерлерін қабылдап, талдап, талқылайтын және сезім тудыратын мүшелер жүйесін анализаторлар немесе талдағыштар дейді. Адам ағзасында 7 түрлі талдағыштар бар. Олар: көру, есту, иіс, тері, қозғалыс, дәм, висцеральды. Анализаторлар 3 бөлімнен турады: сезгіш, өткізгіш, орталық . Сезгіш бөлім сезім және ішкі мүшелерде орналасқан сезгіш рецепторлардан тұрады. Өткізгіш бөлім рецепторларда пайда болған қозуды сезім мүшелерінен шығып, ми қыртыстарына таситын сезгіш жүйеден тұрады. Орталық бөлім ми сыңарларының қыртысында орналасқан сезім орталықтарды құрайды.
Талдағыштардың жеке қасиеттері мен қызметтері болады. 1.Талдағыштардың рецепторлары өзіне тән тітіркендіргіштердің әсерін қабылдайды. 2. Талдағыш рецепторлары тітіркендіргіштердің күші өзгергенде тітіркендіргіштердің жаңа күшіне тез бейімделеді. 3. Талдағыштар бір-бірімен байланысты қызмет атқарады. 4. Бір талдағыштың қызметі бұзылса, қалғандары оның қызметін жартылай болса да өзіне алады. 5. Талдағыштардың рецепторларының сезімталдығын жаттықтыру арқылы не күшейтіп, не төмендетуге болады.
Көру анализаторы. Көру анализатордың сезгіш бөлімі көз алмасында орналасқан. Оларға торлы қабықтағы таяқша мен сауытша пішінді фоторецепторлар жатады. Өткізгіш бөліміне көру жүйкесі жатады. Көру анализатордың қыртыс бөліміне ми қыртысының желке тусында орналасқан оң және сол жақ көру орталықтары жатады. Көз өте сезімтал, нәзік және сезім мүшесі. Құрылысы бойынша көру талдағышы 3 мүшеге бөлінеді: көздің қосымша құрылымдары, жарық өткізгіш және жарық сындырғыш құрылымдары, жарық қабылдағыш құрылымдар. Қосымша құрылымдарға қас, кірпік, кірпік еттері, көз жасының безі мен оның қапшығы, көз еттері жатады.
Көру талдағышының қалған екі топ құрылымдары көз алмасында орналасқан. Көз алмасы – күрделі құрылысты мүше. Ол бас сауытының көз шарасында орналасқан, пішіні шар тәрізді, тек алдыңғы жағы сәл дөңестеу келеді.
Көздің сыртын тығыз ақ қабық қоршаған. Ол көз алмасының алдыңғы жағында мөлдір, дөңестеу қасаң қабыққа айналады. Ақ қабықтан соң көз алмасын қанмен қамтамасыз етіп тұратын тамырлы қабат бар. Ол қан тамырларының торынан тұрады. Тамырлы қабаттың ішкі бетінде жұқа бояу зат – пигмент болады. Көз алмасының алдыңғы жағында тамырлы қабат нұрлы қабыққа айналады. Нұрлы қабықтың алдыңғы дәл ортасында тесік болады. Оны көздің қарашығы деп атайды. Қасаң қабықтың артқы жағында көздің сұйық екі камерасы және көз бұршағы орналасқан. Көз алмасының ішіндегі қалған кеңістік қоймалжың, іркілдеген мөлдір шыны тәрізді денеге толы болады.
Ішкі торлы қабығының құрылысы өте күрделі. Негізінен алғанда, ол жарық клеткалардан тұрады. Фоторецепторлар торлы қабықтың бойында орналасқан. Саны 137 миллион, оның 130 миллионы таяқша, ал 7 миллионы – сауытша клеткалары. Торлы қабықтың дәл ортасында сары дақ бар.
Көздің қасаң қабығы, бұршағы және шыны тәрізді денесі – негізгі жарық сындырушы оптикалық жүйе. Жарық сындыру қабілеті диоптрия деп аталатын. Сәулелердің ауытқу мөлшерін анықтайтын өлшеммен есептеледі.
Әртүрлі қашықтықта орналасқан заттың бейнесін торлы қабыққа түсіру үшін көз бұршағы аккомодациялық қызмет атқарады. Аккомодация деп көзден әртүрлі қашықтықта орналасқан заттардың бейнесін қабылдау қабілетін айтады.
Көру талдағышының жас ерекшелігі. Жаңа туған нәрестенің көз алмасының салмағы 2-4 граммдай ғана. Бұл ересек адамның көзінің салмағынан 2 есе кем. Ересек адамның көзі
6-8 г. Алғашқы жылы көз алмасы көз шарасынан жылдамырақ өседі де баланың көзі үлкен болып көрінеді. 3 жаста көз алмасы ересек адамның көзінің 90% болады. 6 жаста ересек адамның көзімен теңеседі. Дегенмен көз шарасының алдыңғы-артқы диаметрі ересек адамның көзінің 95%ғана болады, яғни сәл жалпақтау келеді. Ересек адамның көзі дөңгелек шар пішінді.
Жаңа туған нәрестенің қарашығы өте жіңішке – диаметрі 1,5 мм ғана. Екі көзінің қарашығы тек қана 1 айға толғанда сәйкестеліп, қарашық рефлекстері пайда болады. 3-6 жаста көзінің қарашығының диаметрі ересек адамның қарашығымен теңеседі. Көз бұршағының аккомодация күші жасына лайық өзгереді: 1 жаста 25 диоптрия, 3 жаста – 20, 5-6 жаста – 15, 7-15 жаста – 12, ересек адамда 10 диоптрияға тең.
Көру гигиенасы. Көру гигиенасының талаптары:
Кітапты оқығанда, қағазды жазғанда баланың көзі мен қағаз аралығы 35-40 см болуы тиіс. Ең тиімдісі 37 см;
Баланың жұмыс орнының жарығы дұрыс қосылуға тиіс. Ең тиімді жарық мөлшері 150-300 люкс шамасында.
Үстелде, партада бала дұрыс отыруы керек.
Жүріп келе жатқан көлікте кітап оқуға болмайды.
Теледидар көрсетулерін қарағанда ең кемінде 2,5-3 м қашықта отырған жөн.
Баланың жасына лайық жазу,оқу еңбектерінің, теледидарды қарау ұзақтығын, әсіресе көзге күш түсіретін еңбектің түрлерін, олардың ұзақтығын мұқият қадағалаған жөн.
Баланың жасына лайық кітпа оқу ұзақтығын сақтау:
6 -7 жаста – 10 минут,
7-10 жаста – 15 минут,
10-12 жаста – 20 минут,
12-15 жаста – 25 минут,
15-18 жаста – 30 минут, яғни осы көрсетелген уақыттан соң аз да болса, көзді демалдырып отыру қажет немесе көз талмайтын жұмыспен айналысқан жөн.