Реабилитация (латын re – қайта; habititas – қасиет, жарамдылық) – науқастың ауру әсерінен бұзылған денсаулығын және еңбекке жарамдылығын тез және толық қалыптастыруға бағытталған медициналық және әлеуметтік – экономикалық шаралар жүйесі.
Жұқпалы аурулар кезіндегі науқастың реабилитациясы ең алдымен организм тіршілігін демеуге және науқастың жаңа жағдайларға, қоршаған ортаға, сонымен қатар әлеуметтік факторларға (қоғам, еңбек) үйренуін жақсартуға бағытталған.
Жұқпалы аурулар кезіндегі реабилитациялық шараларды аурудың өршу кезеңінде немесе ерте реконвалесценция кезеңінде бастау керек.
Ауруханадан шыққан соң реабилитация өту үшін науқастар реабилитациялық орталықтарға немесе санаторияларға, одан кейін емханаларға (ЖАК) жолданады. Реабилитация орталықтарындағы және санаториялардағы қалыптастыру шаралары міндетті болып табылмайды. Жұқпалы науқастарының көбісі реабилитациялық емді ауруханада, кеін емханада (ЖАК) өтеді. Егер науқас ауруханаға жатқызылмаған болса барлық реабилитациялық шаралар амбулаторлық – емханалық қызметпен өткізіледі.
Реабилитация комплексті түрде жүреді. Негізгі емдік – қалыптастыру шаралары – тәртіп (аянышты, аянышты шынықтыру, белсендіруші), емдік диета, емдік дене шынықтыру, физиотерапия, психотерапиялық әдістер. Сонымен қатар, фармакологиялық дәрілер де қолданылады: ноотропты препараттар, адаптогендер, поливитаминдер. Аурудың нозологиялық түріне назар аудару керек.
II ТАРАУ. ЖЕДЕЛ ІШЕК ИНФЕКЦИЯЛАРЫ және ИНВАЗИЯЛАРЫ
Іш сүзегі. А және В парасүзектері
Анықтамасы. Іш сүзегі – Salmonella typhi бактерияларымен қоздырылатын, фекальды-оральды механизмімен берілетін, ащы ішектің лимфоидты аппаратын зақымдануымен өтетін, клиникасы айқын интоксикациямен, жоғары тұрақты қызбамен, розеолезді бөртпемен, бауырдың, көк бауырдың ұлғаюмен сипатталатын жедел антропонозды жұқпалы ауру.
Тарихи мәліметтер. Сүзек-парасүзек тобының аурулары өте ерте заманнан бері белгілі. Бұл аурудың клиникалық ағымын жазған Гиппократ (460-377 ж. б.э.д.) екені де мәлім. XIX ғасырдың ортасында іш сүзегі ағымының ерешеліктері жазылғанмен, ол дербес ауру ретінде, одан қоздырғыштар табылғаннан кейін ғана қарастырыла бастады. Краковта (1874) Т. Брович және Санк-Петербургта (1876) Н.И.Соколов ішектің пейеровті қатпарлы табақшаларынан таяқша түріндегі микробтарды тапқан, ал К.Эберт (1880) –іш сүзегінен өлген адамдардың көк бауыры мен мезентериальды лимфатикалық түйіндерінен сондай микробтарды тауып алған. А.И.Вильчур (1887) науқас қанынан іш сүзегінің микробын бөліп алды.
XIX ғасырдың басында іш сүзегін дербес ауру ретінде алғаш рет қарастырған Бретонио және Шарлем Луи еді. Іш сүзегінің қоздырғышын - Salmonella typhi 1874 жылы Бронич ашты. Іш сүзегінің клиникасын нақтырақ жазғандар; С.П.Боткин, И.С.Кильдюшевский, Г.В.Вогралик, Н.И.Рагоза, Б.Я.Падалка, А.Ф.Билибин және т.б. Іш сүзегі XIX ғас.- XX ғас.басында әлемнің барлық еліне таралған ауыр жұқпалы ауру болып табылған, әсіресе қалалық жерлерде, адамның тығыз шоғырлануына байланысты және де тазалықтың дұрыс сақталмауы салдарынан пайда болған. Сонымен қатар бұл ауру кездейсоқ табиғат апаттары мен соғыс кездерінде эпидемиялық сипат алды. Қазіргі күнде іш сүзегі әлемнің барлық елдерінде тіркеліп отыр.