Жедел В гепатитінің нәтижелері. Жедел В гепатитімен ауыратын науқастардың 90-95%-тінде HBV элиминацияланып, сауығу басталады; қалған 5-10%-тінде процесс созылмалы түрге айналып созылмалы В гепатит, кейіннен өлімге әкеп соғатын бауыр циррозы мен біріншілік қатерлі ісігі дамиды.
Диагностикасы. Жедел В гепатиттің диагнозы анамнездік, клиникалық-биохимиялық мәліметтерге, вирустың серологиялық маркерлерін зерттеу нәтижелеріне негізделеді.
Егер ауру басталуынан 45-180 күн бұрын науқасқа қан препараттары құйылған болса, операциялық, акушерлік-гинекологиялық, стоматологиялық шаралар, эндоскопиялық зерттеулер жасалынса, көптеген инъекциялар (соның ішінде, есірткілер) енізілсе, егер В гепатитімен ауыратын науқаспен жыныстық немесе басқа тығыз қатынас болса В гепатитті болжауға болады.
Манифесттік жедел В гепатитке бірте-бірте басталу; полиартралгиямен, кейде терідегі аллергиялық бөртпелермен өтетін ұзақ сарғаю алдындағы кезең; сарғаю кезеңінде науқас жағдайының жақсармауы немесе нашарлауы, ұзақ сарғаю кезеңі; реконвалесценция кезеңінде ауру симптомдарының баяу жоғалуы тән.
Диагнозды ерте дәлелдеу критериі – қанда HВsAg, HВеAg,
anti-HВc IgM және HBV-ДНҚ-ның анықталуы болып табылады.
Гепатиттің қолайлы циклдік ағымына HBеAg тез жоғалып анти-HBе пайда болуы, HBV-ДНҚ-ның жоғалуы, HBsAg жоғалып, анти-HBs антиденелерінің пайда болуы сай. Ерте пайда болатын анти-HBc IgM кеш пайда болатын HBc IgG антиденелерімен ауысады.
Қанда HВеAg, HBV-ДНҚ, aнти-HВс IgM және HBsAg-нің ұзақ уақыт (3 айдан көп) жоғары титрде болса, жұқпалы процестің созылыңқы ағымы туралы және созылмалы түрге айналу мүмкіндігінің жоғары болуы туралы айтады.
Егер қанда 6 айдан астам HBsAg тұрақты титрде анықталса созылмалы гепатиттің дамуы туралы, активті вирусты репликация маркёрлері (HBеAg;
anti-HВcIgM, HBV-ДНҚ), клиникалық көріністер және биохимиялық көрсеткіштердің өзгеруі болмаса да, ойлау керек.
Салыстырмалы диагностикасы.Салыстырмалы диагностикасы А гепатитпен салыстыратын аурулармен жүргізіледі. Кей жағдайларда созылмалы В гепатитінен де ажырату керек болуы мүмкін.
Емі. Емдік шаралар А гепатиті кезіндегідей. В гепатиттің жедел циклдік ағымы кезінде вирусқа қарсы дәрілер көрсетілмеген. Оларды созылыңқы (прогредиентті) ағымы кезінде қолданған дұрыс.
Қазіргі кезде В гепатитте қолданылатын негізгі вирусқа қарсы препарат – альфа-интерферон; нақты айтқанда, оның рекомбинантты (интрон А, роферон А, реальдирон) және нативті (вэллферон, адамның лейкоцитарлы интерфероны) препараттары. Альфа-интерферон 3-5 млн. МЕ аптасына 3 рет тері астына немесе бұлшық етке 1-3 айға тағайындалады. Емнің осындай курсын өткізгенде процестің созылмалы түрге айналу мүмкіндігі 5 есе азайады.
Сонымен қатар этиотропты еміне химиопрепараттар жатады, мысалы
- синтетикалық нуклеозидтер: фамцикловир (фамвир) – 750 мг/тәулігіне; ламивудин (эпивир) – 150-300 мг/тәулігіне; зидовудин (ретровит, азидотимидин, тимозид) – 500-600 мг/тәулігіне; диданозин (видекс) – 300 мг/тәулігіне; рибавирин 1000-1200 мг/тәулігіне;
- протеаза ингибиторлары: саквинавир (инвираза) – 600 мгх3 рет/тәулігіне, индинавир (криксиван) – 800 мг х 3 рет тәулігіне;
- интерферон индукторлары: неовир (циклоферон) 250-500 мг бұлшық етке, 1 күн ара, амиксин 125 мг-нан тамақтан соң, бірінші 2 күні тәулігіне 2 рет, кейіннен бір күн ара;
- иммуномодуляторлар: лейкинферон – 1 ампуладан бұлшық етке – 1 күн ара; интерлейкин–1 (беталейкин) – 15 нг/кг көк тамырға тамшылатып күн сайын – 5 күн; интерлейкин–2 (ронколейкин) 0,5-2 мг көк тамырға тамшылатып – 2-3 күн ара; тимус препараттары (тималин, тимоген, Т-активин) 1 мл-ден бұлшық етке күн сайын 5-10 күн.
В гепатиттің ауыр түрінде және жедел бауыр жетіспеушілігінің белгілері пайда болған да интенсивті терапия жүргізіледі. Науқастарды бақылау және олардың күтімі өте маңызды. Психомоторлы қозу нaтрий оксибутиратымен (20%-тік ерітіндісі көк тамырға 10-20 мл, баяу түрде) тежеледі; сонымен бірге бұлшық етке седуксен (0,5%-тік -2,0 мл) енгізуге болады. Нaтрий оксибутиратын еңгізе отырып, гипокалиемияны коррекциялау қажет (энтералды жолмен түспеген жағдайда көк тамырға тамшылатып 6 г/тәулігіне еңгізу). Аутоинтоксикацияны азайту үшін асқазан жуу (назогастралды зонд аркылы) және биік немесе сифонды клизмалар жасау керек. Аутоинтоксикацияны азайту мақсатымен антибиотиктер, энтеросорбенттер де қолданылады. Науқасқа парентералды қоректендірумен қатар бөлшектік энтералды тамақтандыру жүргізеді. Сопор немесе кома жағдайындағы науқастарды назогастралды зонд арқылы қоректендіреді. Бұл кезде майсызданған белоксыз энпиттер, балалар тағамын қолдануға болады.
Глюкокортикостероидтар (преднизолон-тәулігіне 180-240 мг) көк тамырға еңгізіледі.
Инфузиялық емге инсулин қосылған глюкоза-калий ерітінділері, альбумин, амин қышқылының қосындылары, протеин жатады. Инфузияларды жасай отырып, сұйықтықтың тәуліктік теңгерімін (баланс) мұқият бақылау керек. Протромбин индексі төмендеген жағдайда (50%-тен төмен) жаңадан мұздатылған плазма қолданылады. Геморрагиялық синдром дамыған кезде протеолиз және фибринолиз ингибиторлар енгізіледі (эпсилон-аминокапрон қышқылының 5%-тік ерітіндісі 200 мл-ден тәулігіне 2 рет, контрикал 100-200 мың ЕД немесе гордокс 800-1200 ЕД әр 3-4 сағат сайын).
Мидың гипоксиясын және ісініп-домбығуын алдын алу үшін мұрын катетрлері арқылы 5 л/сағ. жылдамдығымен ылғалданған оттегі үнемі ингаляцияланады. Оксигенобаротерапия көрсетілген. Бұл шараны ерте қолданған жағдайда (тәулігіне 2-3 сеанс) команың дамуын алдын алуға болады.
Болжамы. В гепатит реконвалесценттерінің ауруханадан шығару көрсеткіштері А гепатит кезіндегідей. Диспансерлік бақылау 12 ай жүргізіледі. Әр 3 ай сайын зерттеу өткізіледі – клиникалық қарап тексеру, лабораторлық зерттеулер (билирубин, АЛТ, тимол сынамасы, вирусты гепатит маркерлері).
Созылмалы гепатит болмаса және HВsAg анықталмаған жағдайда В гепатитімен ауырған науқастар есептен шығарылады. Әйелдерге ауруханадан шыққаннан кейін 1 жыл жүкті болмаған дұрыс.
Гепатиттен кейінгі синдромдар арасында өт шығару жолдарының дискинезиясы, олардың қабынуы жиі кездеседі. Созылмалы гепатит 10-15% жағдайда түзіледі.
Гепатиттен кейінгі HВsAg «тасымалдаушылыққа» ерекше назар бөлу керек. Жедел В гепатиттің циклдік ағымынында антигенемия ұзақтығы әдетте 3-6 айдан аспайды. Қанда HВsAg-нің ұзақ уақыт (3 айдан көп) жоғары концентрацияда анықталуы (клиникалық белгілерінсіз, цитолизсіз, активті вирустық репликация маркерлерінсіз) аурудың созылыңқы (прогредиентті) ағымының жанама белгісі болып табылады.
HВsAg қанда 6 айдан көп тұрақты титрде анықталуы (клиникалық-лабораторлық көрсеткіштері қалыпты болса да) процестің созылмалы түріне өткені туралы айтады.
Алдын алу шаралары. Алдын алу шаралары жұқпа көздерін активті анықтауға, таралудың табиғи және жасанды жолдарының үзілуіне, қауіп топтарында вакцинацияны жүргізуге бағытталған.
1996 ж. Қазақстанда В гепатитіне қарсы вакцинация профилактикалық егулер күн тізбесіне енгізіліп, «Смит Кляйн Бичем» фирмасымен өндірілген «Энджерикс-В» гендік-инженерлік вакцинасымен жүргізіледі.
В гепатитімен залалдану қаупі жоғары топқа жататын адамдар вакцинацияланады: медицина қызметкерлері, медициналық мекемелердің студенттері, қайталамалы гемотрансфузияларды қабылдайтын немесе гемодиализдегі науқастар, В гепатитімен ауырған науқастың туыстары, нашақорлар. Егер вакцина жеткілікті болса, тұрғындардың барлығы вакцинацияланған дұрыс. Ересек адамдар иммунизациясының кестесі 3 егуден тұрады: екі егу 1 ай аралықпен еңгізіледі, үшінші – 6 айдан соң жасалынады. Ревакцинация 7 жылдан кейін өтеді.
Балаларда вакцинопрофилактика сатылы түрде жүргізіледі.
●Бірінші орында HВsAg бар және жүктіліктің III триместрінде В гепатитпен ауырған әйелдерден туылған нәрестелер вакцинацияланады. Оларға 4 егу жасалынады: үш егу 1 ай аралықпен, төртінші – 12 айда. Бірінші егу нәресте өмірінің 24 сағат ішінде енгізіледі.
●Одан кейін HВsAg «тасымалдаушылық» 5%-тен жоғары аймақтарда туылған нәрестелер;
●HВsAg «тасымалдаушы» немесе созылмалы В гепатитпен ауырған науқас бар жанұяларда туылған нәрестелер;
●Балалар үйлеріндегі және интернаттардағы балалар;
●Қан немесе қан препараттарын жиі қабылдайтын және гемодиализдегі балалар вакцинацияланады.
Вакцинацияның екінші сатысы – егулер күн тізбесіне сай балаларды вакцинациялау.
Үшінші сатыда, жасөспірімдер арасындағы В гепатитпен аурушылдықтың жоғарылауын ескере отырып, 11 жастағы балаларды вакцинациялау керек.
Қандағы антиденелер 10 ХБ (халықаралық бірлік)-тен жоғары деңгейі иммунизацияның толық курсын өткен адамдардың 85-95%-де дамиды. Екі егуден кейін антиденелер 50-60%-те пайда болады.
Шұғыл көрсеткіштер бойынша иммунопрофилактика қоздырғышпен қатынасы болған адамдарға жүргізіледі. Вакцинамен бірге құрамында В гепатит вирусына қарсы антиденелер бар арнайы иммуноглобулинмен енгізілсе, иммунопрофилактиканың нәтижелігі жоғары болады.