Брок индексі = (дене салмағы (кг)/бойы (см) – 100) * 100% Индекстердің көптігі, олардың ешқайсысының да қанағаттанарлық нәтиже бермейтіндігінен болды. ХІХ ғасырдың аяқ кезінің өзінде олардың қолданылуы күдік туғыза бастады. Индекстердің балалар организмдерінің бой ұзындығының бірдей еместігін есепке алмайтындығы, олардың негізгі кемшілігі болып саналады. Қазіргі кезде дене бітімінің дамуын бағалауға индекстер тәсілі пайдаланылмайды.
Индекстер тәсілдерінің орнына Сигмадан ауытқу (дене бітімі дамуының профилі) келеді. Оны 1925 жылы белгілі неміс антропологы Рудольф Мартин ұсынған еді. Ол, жеке адамдардың дене бітімі дамуының параметрлерін, осы параметрлердің орташа арифметикалық көрсеткіштерімен салыстыру арқылы жүргізіледі. Алынған айырмашылық санды, сәйкес белгілердің орташа квадраттық ауытқуына бөледі де, сигмадан ауытқуды табады. Дене бітімінің дамуы сигмадан ауытқу көлемі бойынша бағаланады. Әрбір баланың профилі ретінде графиктік көрсеткіш сызылады. Бұл тәсіл қарапайым және шындыққа жақын, бірақ дене бітімі дамуының барлық көрсеткіштері бір-бірінен бөлек және жеке бағаланатындықтан Кеңестер одағында бұл тәсіл кеңінен қолданылмады.
Сол сияқты Центиль және процентиль (Centum -жүз) тәсілі де қарапайым және қолайлы. Бұл тәсілді ең алғаш медицинаға енгізгендердің бірі, Американың зерттеуші ғалымдары Стюруа мен Мередит. ХХ ғасырдың бірінші жартысында олар, дене салмағы мен бой ұзындығы үшін, кеуде және жіліншік шеңбері үшін, май қабатының қалыңдығын бағалау үшін графиктік процентильдік шкалалар жасады.
Центильдік анализдің негізі мынандай: қандай да бір белгінің барлық варианттарын кішісінен бастап үлкеніне қарай, бір қатарға орналастырады. Одан соң барлық қатарды 100 бөлікке – процентильге бөледі, олардың тең ортасы Р50 – медиана деп аталады. Әрбір центиль, зерттелетін бөліктердің проценттік қатынасын сипаттайды. Көбінесе Р3, Р10, Р25, Р50, Р75, Р90, Р97 процентильдері қолданылады. Белгілердің Р25-Р75 шегіндегі көлемдері орташаға жатады. Бір өлшемді процентильді графиктер пайдалануға өте қолайлы және оны антропологтар және педиатрлар өте кеңінен қолданып жүр.
Бірақ, сигмадан ауытқу тәсілі сияқты бұл тәсіл де дене бітімі дамуының көрсеткіштерін бір-бірінен жеке дара, корреляциялық байланыссыз қарастырады.Регрессиялық анализ (корреляциялық) тәсіл бой ұзындығы 1 см өзгергенде, дене салмағы мен кеуде шеңберінің қандай көлемге өзгеретінін көрсететін регрессиялық шкала құруға негізделген. Бұл шкала жеке адамның барлық параметрлерін сигмалық регрессия көлемі бойынша, бір-біріне байланысты алып, дене бітімінің дамуы туралы жалпы қортынды жасауға болатын, бағалау таблицасы болып табылады.
Балалар мен жасөспірімдердің ғылыми зерттеу институты дене бітімінің дамуын регрессия шкаласы бойынша сандық жағынан бағалау үшін, арнаулы үлгі құрастырды. Үлгіде бой ұзындықтарының 5 классы бөлінген: 1 – аласа, 2 – орташадан аласа, 3 – орташа, 4 – орташадан биік, 5 – биік. Және мұнда дене бітімі дамуын бағалаудың 5 дәрежесі бөлініп көрсетілген.
Бүгінгі күнге дейін, жоғарыда көрсетілген дене бітімінің дамуын бағалау тәсілдерінің бірде-біреуі абсолютті қолдау таппағанын айта кету керек. Олардың бірде-біреуі кемшіліксіз емес. Сигмадан ауытқу тәсілі сияқты центильдік тәсілдер де дене бітімі дамуының параметрлерін, бір-біріне қажетті байланыссыз, бірінен-бірін жеке дара қарастырады. Регрессиялық тәсілде дене бітімі дамуының негізі ретінде бой ұзындығы алынады, ал, оған бағынышты белгілерге (дене салмағы мен кеуде шеңбері) варианттарды бөлген кезде мектеп оқушыларында мөлшерлеген дұрыстыққа сәйкес келмейтін, жиіліктің бір жақты ассимметриясы тән.
Осы көрсетілген жағдайлар белгілі қателіктерге әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, бағалау таблицасындағы бағынышты белгілердің мектеп оқушылары үшін алынған – "нормалау" шекарасы М +2 -ге дейін кеңейтілген. "Норманың" шекарасын кеңейту, "дене салмағы артық" деген бағасы бар оқушылардың меншікті үлесін азайтады. Өйткені -1 және +2 арасындағы "дене салмағы артық" деген оқушы, семіздікке жата бермейді. Өсіп, даму жағдайындағы мектеп оқушыларының организмінің артық салмағы семіруді ғана көрсетпейді, сонымен қатар, белгілі дәрежеге дейін бұлшық еттер дамуының да көрсеткіші болып саналады. Нағыз семіру олар үшін М +2G шегінен едәуір шығып тұрады. Мұндай жағдайды гигиенистермен бірге клиницистер де растайды (7,8,9-суреттер).
Стандарттар жасау үшін, екі негізгі зерттеу тәсілдері қолданылады: жалпылама тәсілі (көлденеңінен кесу) – салыстырмалы аз ғана уақыттың ішінде қажетті топтарды жалпы тексеру және жекелендіру тәсілі (лонгитудиналық немесе ұзынынан алу) – ұзақ уақыт бойы белгілі бір баланы, немесе белгілі бір ғана топтың балаларын бақылап отыру.