Емі мен күтімі. Ұстама кезінде және ұстама арасындағы кезеңде бронхоспазмды жою үшін пуриндерге (эуфиллин, диафиллин, дипрофиллин және т.б.) көңіл бөледі, оларды парентеральды және аэрозольді түрде енгізуге болады. Адреналинге қарағанда бұл препараттарды тағайындаудың артықшылығы, оларды гипертониялық ауру, жүрек демікпесі, жүректің ишемиялық ауруы, бас миы тамырларының атеросклерозында енгізуде қарсы көрсеткіштері жоқ.
Сонымен бірге эуфиллин және осы топтың басқа препараттары коронарлық, бүйректік қанайналымды жақсартады. Осылардың барлығы олардың гериатриялық тәжірибеде кеңінен қолданылуына себеп болады.
Адреналин бронхоспазмды тез басып, ұстаманы тыюды қамтамасыз ететіндігіне қарамастан,оны қарт және егде жастағы адамдарға, олардың гормоналды препараттарға жоғары сезімталдығын ескере отырып, абайлап тағайындаған жөн. Тері астына немесе бұлшықетке адреналинді енгізуді, тек бронх демікпесін ешқандай дәрілік заттармен тыю мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданады. Препараттың дозасы 0,1% ерітіндінің 0,2–0,3 мл-нен аспауы тиіс. Адреналиннен тиімділік болмаған кезде, оны дәл сол дозада тек 4 сағат өткеннен кейін ғана енгізуге болады. Эфедринді
тағайындағанда, ол жай, бірақ ұзақ әсер ету тиімділігін қамтамасыз етеді.
Эфедрин қуықасты безінің аденомасында қарсы көрсеткіш екенін ескерген жөн. Бронхолитикалық әсерге изопропилнорадреналин дәрілері (изадрин, арципреналин сульфаты, новодрин және т.б.) ие болып келеді.
Трипсин және химотрипсин аэрозольдері және басқа қақырықты түсіретін заттарды қолданғанда, протеолиз өнімдерінің сіңірілуімен байланысты, аллергиялық реакциялар болуы мүмкін. Терапия барысында, оларды енгізер алдында гистаминге қарсы препаратты тағайындау керек.
Бронх өткізгіштігін жақсарту үшін бронхолитикалық заттар қолданады.
Таңдау дәрісіне холинолитиктер жатады. Адреномиметиктерді (изадрин, эфедрин) көтере алмағанда, көп мөлшердегі қақырық және бронх демікпесі және ЖИА (брадикардиямен, атриовентрикулярлы өткізгіштіктің бұзылуымен жүретін) қосарлануы кезінде, холинолитиктер (атровент, тровентол, трувент, беродуал) тағайындалады.
Бронх демікпесінің кешенді еміне антигистаминді дәрілер (димедрол, супрастин, дипразин, диазолин, тавегил және т.б.) енеді.
Кейбір науқастарда новокаин: 0,25 – 0,5% ерітіндісінің 5 – 10 мл к/т немесе 2% ерітіндісінің 5 мл б/е енгізу қолайлы әсер етеді. Ұстаманы тыю үшін А.В.Вишневский бойынша біржақты новокаинды вагосимпатикалық бөгемені оңтайлы қолдануға болады. Екі жақты бөгеме ұсынылмайды, себебі, ол жиі жанама әсерлер (ми қан айналымының, тыныстың және т.б. бұзылуы) тудырады.
Қарт жастағы науқастарға ганглиоблокаторлар гипотензивті реакция туындауына байланысты ұсынылмайды.
Бронх демікпесі стенокардиямен қосарланса енгізу жылдамдығы 8-12 л/мин болатын оттегі (25-30%) және азот тотығымен (70-75%) ингаляция көрсетілген.
Бронх демікпесінің ұстамасы негізінде бронхолитикалық заттармен бірге жүрек-тамыр дәрілерін қолдану керек, себебі бронх демікпесінің ұстамасы қарт адамның жүрек-тамыр жүйесінің салыстырмалы компенсациялық жағдайынан тез шығаруы мүмкін.
Гормондармен (кортизон,гидрокортизон) емдеу бронх демікпесінің ұстамасын тыю және оның алдын алуда жақсы нәтиже береді. Бірақ кәрі жастағы науқастарға глюкокортикостероидтарды жас адамдармен салыстырғанда 2-3есе аз мөлшерде енгізген жөн. Емдеу барысында минималды тиімді мөлшерін анықтаған дұрыс. Гормоналды емді жанама әсерлерінің мүмкіндігіне орай 3 аптадан ұзақ бермеген жөн.
Глюкокортикостероидтармен бірге бронхолитиктерді қолдану керек, кейбір жағдайларда, ол гормоналды дәрілердің мөлшерін төмендету мүмкіндігін береді. Екіншілік инфекция кезінде, кортикостероидтармен қатар, антибиотиктер де көрсетілген. Кәрі адамдарда тіпті ең төмен мөлшердегі кортикостероидтардың өзі жанама әсер беруі мүмкін.
Сондықтан глюкокортикостероидтарды тек келесі жағдайларда:
1) басқа дәрілерге қоймайтын, бронх демікпесінің ауыр ағымы;
2) астматикалық жағдай;
3) интеркурентті ауру кезіндегі науқас жағдайының бірден нашарлауында қолданылады.
Жүрек жеткіліксіздігі дамығанда жүрек гликозидтері, диуретиктер тағайындалады.
Өте мазасыз науқастарға транквилизаторлар (триоксазин), бензодиазепин туындылары (хлордиазепоксид, диазепам, оксазепам), дифенилметан туындылары (амизил, метамизил) қолдануға болады.
Қақырық түсіретін және секретолитикалық заттар ретінде жиі бромгексин, ацетилцистеин және физиотерапия қолданады.
Бронх демікпесін емдеуде емдік дене тәрбиесі, тыныстық жаттығуларға басты назар қойған жөн. Физикалық жаттығулар түрлері мен көлемі әр науқасқа жеке анықталады.
IV. Қарттардағы жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, емі