3.2.2 Созылмалы бронхит – бастапқыда шырышты қабат, кейіннен үдеріс үдеген сайын бронхтардың тереңірек қабаттары мен перибронхиалды дәнекер тінін зақымдайтын, бронхиалды жолдардың созылмалы қабынуы. Онымен көбіне кәрі жастағы ер кісілер ауырады.
Созылмалы бронхитпен аурушаңдық адам өмірінің алтыншы және жетінші онжылдығында артады, ал бұл аурудан өлімге алып келуі сегізінші онжылдықта байқалады.
Клиникасы. Созылмалы бронхиттің негізгі белгілерінің қатарына: жөтел, қақырық тастау, ентігу, ал аускультацияда – қатты тыныс пен сырылдардың естілуі жатады. Созылмалы бронхит біртіндеп дамиды және кеш анықталады, себебі ұзақ уақыт бойы науқасты аз мазалауы мүмкін .
Клиникалық көрінісі бронхиалды ағаштардың (жолдардың) зақымдау деңгейімен байланысты көрінеді.
Қабыну үдерісі ірі және орта бронхтарды қамтитын проксималды бронхитте, аз мөлшерлі қақырықты жөтел байқалады, ентігу болмайды, қатаң тыныспен бірге төмен тембрлі құрғақ сырылдар естіледі.
Бронхиалды өткізгіштік бұзылмаған. Бұл созылмалы обструктивті емес бронхит немесе «ентігусіз бронхит» болып табылады.
Обструктивті бронхитте тек қана жөтел ғана емес (қақырықты немесе қақырықсыз), сонымен бірге, бірінші кезекте, ентігу («ентігулі бронхит») байқалады. Қабыну үдерісі ұсақ бронхтарда («дисталды бронхит») орналасады. Қатаң тыныс пен бірге ысқырықты сырылдар естіледі.
Сыртқы тыныс қызметін тексергенде бронх өткізгіштігінің бұзылуы анықталады.
Бронхиттің өршуі көбіне қалыпты температурамен өтеді, дененің жоғарғы бөлігінің (бас, мойын) терлегіштігі байқалады, жөтел күшейеді, қақырық көлемі артады.
Аздап өршу кезінде қақырық шырышты – іріңді, дене температурасы қалыпты немесе субфебрильді, шеткері қан көрсеткіштері аз өзгерген.
Айқын өршу кезінде қақырық шырышты – іріңді, құрамындағы лейкоциттер жоғары мөлшерде болады. Обструктивті өзгерістер үдеген кезде ентігу күшейеді созылмалы обструктивті бронхиттің үдеуі тыныс және жүрек жеткіліксіздігіне алып келеді.
Емі мен күтімі. Созылмалы бронхит өршіген кездегі ем келесі сызбадағыдай жүргізіледі:
1) бронх өткізгіштігін қалпына келтіру (бронхоспазмолитиктер көмегімен дренаждау, постуральды дренаж, іріңді бронхитте – бронхоскопия кезіндегі дренаждау);
2) микрофлора сезімталдығы мен дәрінің улылығын ескере отырып антибактериалды ем;
3) антиаллергиялық және дезинтоксикациялық заттар;
4) емдік дене тәрбиесі (тыныстық, дренаждық жаттығулар);
5) жалпы қуаттандырушы ем (физиотерапия, дәрумендер, уқалау).
Қатты жөтел кезінде жөтелге қарсы дәрілер қолданады. Егер қақырықты жөтел болса, онда жөтелді төмендететін, бірақ қақырықтың бөлінуін төмендетпейтін, екі фазалы жөтелге қарсы заттар (интуссин, балтикс және т.б.) қолданылады.
Обструктивті бронхитте бронхоспазмды тыю үшін бронходилататорлар: спазмолитиктер (изадрин, сальбутамол, тербутамин); фосфодиэстераза тежегіштері (теофиллин туындылары) қолданылады. Спастикалық синдромды дереу тыю үшін: беротек, венталин, атровент, беродуал дәрілерін тағайындайды.
Бронхтардың дренаждық қызметін жақсарту үшін қақырық түсіретін, қақырықты жібітетін заттар беріледі. Егер бұл дәрілерді қақырықтың тұтқырлығы мен эластикалық қасиеттерін ескере отырып қолданса, тиімділігі жоғары болады. Тұтқырлығы жоғары болса, тиол туындыларын – ацетил – цистеин (мукосальвин) немесе протеолитикалық ферменттер (трипсин, химотрипсин) қолданылады.
Адгезивті көрсеткіштері жоғары болса, онда сурфактанттың түзілуін жақсартатын дәрілер (бромгексин) бөлінді (секрет) регидратанттар, минералды тұздар, эфир майларын қолданады. Егер қақырықтың реологиялық қасиеттері өзгермесе, бірақ мукоцилиарлы тасымалдау жылдамдығы төмендесе, теофиллин туындылары мен β – 2 симпатомиметиктер – теолонг, теопек және т.б. тағайындалады.
Созылмалы бронхиті бар науқастар басқа ауруларының әсерінен ұзақ уақыт төсек тартып жатса, бронхтардың дренаждық қызметі бұзылуы нәтижесінде өкпенің жеке бөліктерінде коллапс туындайды.
Сондықтан ондай науқастарды төсекте қимылын ауыстырып отыру, оларға жартылай отыру қалпын қамтамасыз ету, тыныс жаттығ уларын жүргізу, мөлшерлі физикалық жаттығулар жасату қажет.
Гипоксиямен күрес үшін міндетті түрде оттегі қоспасын,оттегілік бөлме тағайындау керек. Оксигенотерапия үзілісті болуы керек және оттегінің мөлшерін біртіндеп жоғарылатады (бас айналу, құсу, тұншығу, тыныс алу орталығының тежелуінің алдын алу үшін). Оны бронхолитикалық заттарды қолданумен қатар жүргізген жөн.
Жүрек гликозидтері қанайналым жеткіліксіздігі белгілері кезінде көрсетілген. Көп мөлшерлі қақырықты созылмалы бронхит кезінде жазық кеңістікте, қайыңды орманда, таулы климат жағдайларындағы (теңіз деңгейінен 1000 -1200м жоғары емес) санаторлы-курорттық ем тиімді болады.