1.3 Үлкен жастағылар ауруының жалпы клиникалық ағымы мен даму ерекшеліктері 1.3.1 Аурушаңдық құрылымы Жас ұлғайған сайын аурушаңдық жоғарылайды. Қала тұрғындарының денсаулық жағдайын әртүрлі жылда таңдамалы зерттегенде 60 жастан асқан адамдардың ешқайсысы өзін саумын деп есептемейтінін, ал 80-86% қарттардың созылмалы аурулары бар екендігі анықталды.
40 жастан төмен жастағы адамдармен салыстырғанда бұл жастағы аурушаңдық 2 есеге дейін артады. Мысалы, 20-29 жастағыларға қарағанда қарттардағы тыныс алу мүшелерінің аурушаңдығы 2,4 есе, ал жүрек -тамыр жүйесінің аурушаңдығы 6,8% есеге дейін жиі кездеседі. 40-44 жаста ЖИА аурушаңдық 6,8% құраса, ал 55-59 жаста ол-23,0% құрайды, яғни 3-3,5 есе артық. Қарт және егде жаста асқазан ойық жара ауруының жартысы және
қатерлі түзілістердің көп бөлігі орын алады.
70 жастан жоғары жастағы ер адамдарда 3,9-2,6% және әйелдерде 2,5-2,0% ғана созылмалы аурулары болмайды. 20-29 жастағы адамдармен салыстырғанда, бұл жастағы науқастардың субкомпенсациялық және декомпенсациялық сатыларындағы созылмалы аурулармен аурушаңдығы 14 есе жоғары. Бұл, өз кезегінде, терапиялық стационарлардың 80% жуығын және хирургиялық стационарлардың 30-50% гериатриялық жастағы науқастар құрайтынын айқындайды. Қарт науқастардың
урологиялық көмекке деген қажеттілігі жүрек-тамыр жүйесінің
патологияларымен байланысты аурулардан кейінгі 2 орынды алады.
Гериатриялық науқастардың негізгі ерекшеліктерінің біріне -полиморбидтілігі, яғни созылмалы ауруларының көптігі жатады. Сонымен, 50-59 жастағы науқастарда 2-3 аурудан, 60-69 жаста 4-5, ал 70 жастан жоғары жастағыларда 5 аурудан келеді.
Жас келе аурушаңдық құрылымы өзгеріске ұшырайды. 30 жастан кіші адамдарда барлық аурулардың 1/3 бөлігін тыныс алу мүшелерінің ауруы құрайды, кейін қанайналым жүйелерінің аурулары, жарақаттар, уланулар, жүйке және сезім мүшелерінің аурулары орын алады.
40 жастан асқан адамдардың аурушаңдық құрылымында да тыныс алу мүшелерінің аурулары құрайды, бірақ оның деңгейі төмендейді, яғни барлық аурулардың 1/5 бөлігін қамтиды, ал қанайналым жүйелерінің ауруларының деңгейі жоғарылайды.
Зейнетке дейінгі жаста уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша аурулардың негізі тыныс алу мүшелерінің, қанайналым жүйесінің, асқорыту, жүйке жүйелері мен сезім мүшелерінің ауруларынан түзіледі.
60 жастан асқан адамдарда ең жиі таралған патология түріне, қанайналым жүйесінің аурулары жатады. Келесі орынды сүйек-бұлшықет жүйесі және дәнекер тіндер, тыныс алу мүшелері, асқорыту, жүйке жүйелері мен сезім мүшелерінің аурулары иеленеді. Осы 5 класқа қарт және егде жастағы адамдардың барлық ауруларының 85%-ы сай келеді.
Жылдар бойы жинақталған созылмалы патологиялар, қарттық жасқа дейін сақталған еңбекке жарамдылыққа, мүгедектікке, қозғалу және өзін -өзі қамтамасыз етуіне әсер етеді.
Бұл бірінші кезекте жүрек-тамыр жүйесінің созылмалы патологияларына, оның ішінде жасы мен жынысына тәуелсіз ЖИА, цереброваскулярлы аурулар, гипертониялық ауру және көктамыр аурулары жатады. Аталған 4 нозологиялық түрлер қарттардағы
қанайналым жүйесінің барлық ауруларының 80% жуығын құрайды, соның ішінде ЖИА және гипертониялық ауру осы аурулар класының тең жартысына сай келеді.
Тыныс алу мүшелері ауруларының ішінде жоғарғы тыныс жолдарының жіті инфекциялық аурулары (40-45%), пневмониялар (30%) маңызды бөлігін құрайды, содан соң өкпе эмфиземасымен жүретін созылмалы бронхит, бронх демікпесі енеді. Қартайған сайын тыныс алу мүшелерінің созылмалы ауруларының жиілігі тоқтаусыз ұлғая береді.
Әртүрлі зерттеулер мәліметтері бойынша, аталған топтағы тұрғындардың барлық ауру жағдайларының ішінде тыныс алу мүшелерінің аурулары әртүрлі аймақтарда 10-нан 24%-ға дейінгі үлесін құрап отырады.
Қарт және егде жастағы адамдардың жүйке жүйесі және сезім мүшелерінің аурулары барлық аурулардың 9-17% құрайды. Бұл топтағы аурулардың ішінде көру мүшелерінің аурулары алдыңғы қатарға шығады, оның ішінде, бірінші кезекте глаукома, қатаракта, көздің қабыну аурулары кездеседі. Паркинсонизмнің тамырлық түрінің таралуы жиілеген. Өмірдің 4-ші онжылдығынан соң омыртқа аралық дискілерінің дистрофиялық –
дегенеративті өзгерістерімен байланысты, жүйке жүйелерінің патологиялары жиі байқала бастайды.
Қарт және егде жастағылардың барлық патологияларының 4-15% асқорыту жүйесінің аурулары құрайды. Кейбір аудандарда бұл топтың аурулары жүйке жүйесі мен сезім мүшелерінің ауруларына қарағанда жиі кездеседі. Бұл класс ауруларының нозологиялық түрлерінің ішінде созылмалы гастрит, созылмалы колит, бауыр мен өт жолдарының аурулары жиі кездеседі.
Қартайған сайын тірек-қимыл аппаратының зақымдалуы, әсіресе тұрмыстық жарақаттар жиі кездеседі. Сүйек-буын аппаратындағы жастық дистрофиялық және деструктивті өзгерістердің дамуымен байланысты, кәрі жастағы адамдарда 80%-ы жағдайда сан сүйегінің сынуы құрайды. 70 жастағыларда сүйек-буын аппаратының ауруларының жиілігі 86%-ын құрайды.
Бірінші рет анықталған аурулардың көп бөлігі үлкен жастағы адамдарға, соның ішінде ерлерге қарағанда, әйелдерге сай келеді. Қарт жастағыларда тек жаңа аурулар ғана жиі анықталып қоймай, сонымен бірге бұрын пайда болған, созылмалы ауруларының жинақталуы да жиі кездеседі. 50-59 жас гериатриялық патологиялардың жинақталу мағынасында қолайсыз деп қарастыруға болады.
50-59 жастық топпен салыстырғанда, 70 және одан жоғары жастағы адамдар арасында дені сау адамдар 6 есе аз, ал ауру адамдар 5 есе көп кездеседі.
Жастармен салыстырғанда, қарт науқастардағы декомпенсациялық жағдайдың үлкен жиілікте кездесуінің себептерінің біріне, қартайып жатқан ағза жүйелерінің бірінің зақымдалуы, басқа жүйелер қатарының тез зорығуына және күрт кетуіне алып келу жағдайы жатады. Патология - деп, сондай-ақ қартаю деп түсіндірілетін күрделі функционалдық бұзылыстар тізбегі, оңай қайтымсыз болып, ағзаны әлсіретіп және титықтатады. Осы құйын тәрізді үдемелі морфофункционалдық деструкцияны уақтылы
тоқтата алмаса, онда декомпенсация қысқа уақытта мүгедектікке, өзін -өзі қамтамасыз ету мүмкіндігін жоғалтуға, жалпы болбыратуға және соңындаөлімге де алып келеді.