Түсіндірме сөздік
Тың игеру – бұрын егін шаруашылығына қолданылмаған жерлерді егістік алқаптары үшін жырту.
Топырақ эрозиясы– жердің құнарлы, қара топырақты қабатының жыртылғаннан кейін сумен шайылуы немесе желмен ұшырылу құбылысы.
Әлеуметтік құрылым – адамдардың еңбек ету әрекетіне қарай топтарға бөлінуі және олардың материалдық хал ахуалы.
Хрущёв Никита Сергеевич
Хрущев Никита Сергеевич (1894, Ресей, Курск губ. - 1971, Мәскеу) - мемлекет және қоғам қайраткері. Еңбек жолын 1908 жылдан Донбасстың шахталары мен зауыттарында жұмысшы болып бастаған. 1918-20ж. Азамат соғысына қатысып, онан кейін Донбасс пен Киевте шаруашылық және партиялық қызметте болған. 1929ж. Мәскеу Өнеркәсіп академиясын бітірген. 1931 жылдан Мәскеуде партия қызметінде, 1935-38ж. БК(б)П Мәскеу облыстық және қалалық комитеттерінің І-хатшысы, 1938-47ж. Украина Коммунистік Партиясы ОК-нің І-хатшысы қызметін атқарған. 1941-45ж. Ұлы Отан соғысы жылдарында бірқатар майдандардың Әскери Кеңестерінің мүшесі болған. Генерал-лейтенант дәрежесі берілген (1943). 1947ж. БК(б)П Мәскеу партия комитетінің І-хатшысы қызметінде болады. 1953 жылдың наурызынан СОКП ОК хатшысы, қыркүйектен бастап І-хатшысы, яғни, Кеңес Одағының жетекшісі болды. Сонымен бірге 1958-64ж. КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқарған.
Н.Хрущев Кеңес Одағын басқарған кезде бірқатар демократиялық реформаларды жүзеге асыруға талпыныс жасалды. 1956ж. СОКП XX съезінде Сталиннің жеке басына табынудың зардаптары туралы мәселені көтеріп, сталиндік саясатты адамзатқа қарсы жасалған қылмыс ретінде бағалады. Сталиндік қуғын сүргіннің құрбандарын ақтау шараларын жүргізуге жол ашып берді. Ол Кеңес Одағында тың игеру саясатын жүзеге асырды. Алайда, Н.Хрущевтің демократиялық реформалары жартылай ғана орындалуымен ерекшеленді. Өйткені, ол өз қызметінде субъективизм мен волюнтаризмге жол берді. Сол себепті де, 1964ж. қазанда СОКП ОК-нің Пленумы Н.Хрущевті мемлекет пен Коммунистік партия жетекшілігінен кетуге мәжбүр етті.
Достарыңызбен бөлісу: |