Өлкенің өзіндік ерекшеліктерін зерттеу үшін және оны басқару туралы ереженің жобасын әзірлеу мақсатымен 1865 жылы елдің Ішкі істер министрі Гирстің басшылығымен «Дала қомиссиясы» құрылды. Оның құрамына ресейлік шенеуніктер мен офицерлер кірді. Жаңа ережені жасауға қазақ ақсүйектері мүлде жолатылмады.1867 жылы II Александр: «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша Ережеге» қол қойды. 1868 жылы «Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша Ереженің» жобасын да бекітіп берді.
Басқарудың жаңа ережесін 1869 жылғы 1 мамырдан бастап енгізу көзделді. Әкімшілік реформалардың себептерін егжей-тегжейлі түсіндіретін мәлімдеме қазақ және орыс тілдерінде жазылып, таратылды. Өкімет билігінен шеттетілген билеуші-сұлтандар мен аға сұлтандар ескерусіз қалдырылмады. Оларға түрлі әскери шендер берілді, өмірлік зейнетақылар тағайындалды.
1867—1868 жылдардағы реформалар бүкіл Қазақстанды тұңғыш рет түгел қамтыды. Онда үш генерал-губернаторлық әкімшілік құрылды. Әрбір генерал-губернаторлық облыстарға бөлінді. Мәселен, Орынбор генерал-губернаторлығы - Орал және Торғай облыстарын, Батыс Сібір генерал-губернаторлығы - Ақмола және Семейоблыстарын, ал Түркістан генерал-губернаторлығы - Жетісу және Сырдария облыстарын қамтыды. Соңғы екі облыстың құрамына қазақ жерінің едәуір үлкен бөлігі, сондай-ақ қырғыз және өзбек жерлерінің бір бөлігі енді.
Әкімшілік бөлініс былай болды: әр облыс — уездерден, әр уезд - болыстардан, әр болыс — ауылдардан тұрды.
Семей ішкі округы Семей облысының Павлодар және Семей уездерінің құрамына, ал Ішкі Орда (бұрынғы Бөкей хандығы) Астрахан губерниясының құрамына қосылды.
Достарыңызбен бөлісу: |