71-1-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру түріндегі жазаны орындау тәртібі
1. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру туралы үкім шығарған сот үкім заңды күшіне енгеннен кейін оның көшірмесін уәкілетті органға "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жібереді.
2. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруды тіркеу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруды тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат алып қойылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адамға, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, азаматтығы жоқ адамның куәлігі беріледі.
Ескерту. 14-тарау 71-1-баппен толықтырылды - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
72-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегiжазаны орындау тәртібі
1. Педагог лауазымын және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу туралы сот үкімін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен, меншік нысандарына қарамастан, ұйымдар орындайды.
2. Белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу туралы сот үкімін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көрсетілген мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың әкімшіліктері орындайды.
3. Қамаққа алуға немесе бас бостандығынан айыруға қосымша ретінде тағайындалған, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаның орындалуын ұйымдастыруды – негізгі жазаны орындайтын мекеме немесе орган, ал негізгі жазаларды өтегеннен кейін сотталған адамның тұрғылықты жерiндегі пробация қызметі жүзеге асырады.
4. Жазалардың басқа түрлеріне қосымша ретінде тағайындалған, сондай-ақ жазаны өтеу кейінге қалдырылған немесе шартты түрде сотталған кезде, осы жазаның орындалуын ұйымдастыруды сотталған адамның тұрғылықты жеріндегі пробация қызметі жүзеге асырады.
5. Пробация қызметі:
1) сотталғандарды есепке алуды жүргiзедi;
2) сотталған адамның сот үкiмiнде көзделген белгiлi бiр лауазымдарды атқаруға немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуға салынған тыйымды сақтауын бақылайды;
3) сотталған адамның жұмыс орнындағы ұйым әкiмшiлiгiнiң, сондай-ақ сотталған адамға тыйым салынған қызметтiң тиiстi түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтарып алуға құқығы бар органдардың сот үкiмін орындауын тексередi;
4) жазаны өтеуден жалтару мақсатында жасырынып жүрген сотталғандарға қатысты бастапқы iздестiру iс-шараларын жүзеге асырады және сотқа iздестіру жариялау туралы ұсыну енгiзедi.
6. Пробация қызметіне тіркелу үшін келмеген күннен бастап он бес күннен астам тұрған жері анықталмаған сотталған адам жазаны өтеуден жасырынып жүр деп танылады.
7. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаға сотталған адамның негізгі жаза түрін өтеп жүрген, жазаны орындайтын мекеменің немесе органның әкімшілігі оны тыйым салынған жұмыстарды орындауға тартуға құқылы емес.
73-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегiжазаны орындау мерзiмдерiн есептеу
1. Қамаққа алуға немесе бас бостандығынан айыруға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған кезде, бұл негізгі жаза түрлерін өтеудің барлық уақытына қолданылады, бірақ бұл ретте, оның мерзімі қамаққа алуды, бас бостандығынан айыруды өтеген және пробация қызметіне есепке қойылған күннен бастап есептеледі.
2. Жазаның осы түрі жазаның басқа да негізгі түрлеріне қосымша ретінде тағайындалған, сондай-ақ жазаны өтеу кейінге қалдырылған немесе шартты түрде сотталған жағдайларда, оның мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
74-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегiжазаны өтеу шарттары
1. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаға сотталған адам:
1) пробация қызметіне жұмыс орны мен тұрғылықты жері және олардың өзгергені, жұмыстан шығарылғаны туралы хабарлауға;
2) пробация қызметіне шақырту бойынша келіп тұруға мiндеттi.
2. Сотталған адам 53-баптың екінші бөлігінде көрсетілген дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда, оған күштеп әкелу қолданылуы мүмкін.
3. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаға сотталған, жазаны орындаудан жалтарып жүрген адам заңда белгіленген жауаптылықта болады.
75-бап. Ұйымдар әкімшілігінің белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру түріндегі жаза туралы сот үкімін орындау жөніндегі міндеттері
1. Меншік нысандарына қарамастан, ұйымдар белгілі бір лауазымға кандидаттарды олардың педагог лауазымын және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты, сондай-ақ мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудың бар-жоғы тұрғысынан тексереді.
2. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан айыру туралы сот үкiмi мемлекеттiк мекемелер әкiмшiлiгi мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары үшiн мiндеттi болып табылады.
Белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкiмi сотталған адамның жұмыс орнындағы ұйымның әкiмшiлiгi үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Сотталған адамның жұмыс орнындағы ұйымның әкiмшiлiгi:
1) заңды күшіне енген сот үкiмiнiң көшiрмесiн не пробация қызметінің хабарламасын алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешiктiрмей, сотталғанды лауазымынан немесе айналысу құқығынан айырылған қызмет түрiнен босатуға, пробация қызметіне сот үкiмiнің орындалғаны туралы хабар жіберуге;
2) пробация қызметінің талап етуi бойынша жазаны орындауға байланысты құжаттарды ұсынуға;
3) сотталған адаммен еңбек шарты өзгертілген немесе тоқтатылған жағдайларда, үш жұмыс күні ішінде пробация қызметіне хабарлауға мiндеттi.
4. Ұйымдардың белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру түріндегі жазаны орындау туралы сот үкімін орындау жөніндегі міндеттер жүктелген, оның орындалмағанына кінәлі лауазымды адамдары заңда белгіленген жауаптылықта болады.
76-бап. Белгiлi бiр қызметпен айналысуға берiлген рұқсатты кері қайтарып алуға құқығы бар органдардың мiндеттерi
1. Сотталған адамның белгiлi бiр қызметпен айналысуы құқығынан айыру туралы сот үкiмi қызметтiң тиiстi түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты кері қайтарып алуға құқығы бар органдар үшiн мiндеттi.
2. Аталған органдар заңды күшіне енген сот үкiмiнiң көшiрмесiн, пробация қызметінің хабарламасын алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешiктiрмей, сотталған адамға тыйым салынған қызмет түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты кері қайтарып алуға, осы адамға қызметтiң көрсетiлген түрiмен айналысу құқығын беретiн тиiстi құжатты алып қоюға және бұл туралы пробация қызметіне хабар жiберуге мiндеттi.
3. Белгілі бір қызметпен айналысуға берілген рұқсатты кері қайтарып алуға құқығы бар органдардың белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінің орындалмағанына кінәлі лауазымды адамдары заңда белгіленген жауаптылықта болады.
77-бап. Мүлiктi тәркiлеу туралы сот үкiмiн орындау тәртiбi
1. Сотталған адамның мүлкiн тәркiлеу туралы үкiм шығарған сот ол заңды күшiне енгеннен кейін атқару парағын, мүлiк тiзiмдемесінің көшiрмесiн және үкiмнiң көшiрмесiн орындау үшiн сот орындаушысына жiбередi, бұл туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлайды. Iсте сотталған адамның мүлкiнiң тiзімдемесі болмаған жағдайда, мүлiк тiзімдемесі жүргiзiлмегенi туралы анықтама жiберiледi.
2. Мүлiктi тәркiлеу түрiндегi жазаны орындауды мүлiк тұрған жердегі сот орындаушысы жүргiзедi.
78-бап. Тәркiлеуге жататын мүлiк
1. Сот үкімі бойынша мынадай:
1) заңды иеленушісіне қайтарылуға жататын мүлікті және одан түскен кірістерді қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша мен өзге де мүлік және осы мүліктен түскен кез келген кірістер;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлік және осы мүліктен түскен кірістер ішінара немесе толығымен басқа нәрсеге айналдырылған немесе қайта өзгертілген;
3) экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыру және өзге де қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын және соған арналған;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын ақша мен өзге де мүлік тәркіленуге жатады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлік және (немесе) осы мүліктен түскен кірістер заңды жолмен сатып алынған мүлікке қосылған болса, қосылған мүліктің құнына және одан түскен кірістерге сәйкес келетін мүліктің бөлігі тәркіленуге жатады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген, сотталған адам басқа жеке немесе заңды тұлғаға берген мүлік, егер мүлікті сатып алған адам оның қылмыстық әрекеттер нәтижесінде алынғанын көрінеу білген болса, тәркіленуге жатады.
4. Егер осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген мүлікке кіретін белгілі бір затты тәркілеу, сот осы затты тәркілеу туралы шешім қабылдаған күннен бастап оның пайдалануда болуына, сатылуына байланысты немесе өзге де себеп бойынша мүмкін болмаса, сот шешімі бойынша осы заттың құнына сәйкес келетін ақшалай сома тәркіленуге жатады.
5. Сотталған адамның осы Кодекске қосымшада белгіленген тізбеге сәйкес келетін мүлкі тәркіленуге жатпайды.
6. Сот үкiмi бойынша тәркiленуге жататын мүлiктiң тиесілілігі туралы даулар азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен шешiледi.
79-бап. Сот орындаушысының мүлiктi тәркiлеу туралы сот үкiмiн орындау жөнiндегi әрекеттерi
1. Сот орындаушысы өзіне атқарушылық құжат келіп түскеннен кейін үш тәуліктен кешіктірмей атқарушылық іс жүргізуді қозғайды, бұл жөнінде қаулы шығарады, атқарушылық құжатта көрсетiлген мүлiктiң бар-жоғын тексередi және тәркіленуге жататын мүліктің тізімдемесін жасайды.
2. Тiзiмдемеде әрбiр заттың толық және нақты атауы, оның айырым белгiлерi, оның iшiнде түсi, мөлшері, тозу дәрежесi мен жеке сипаттамалары көрсетiледi. Тiзiмделген заттарға пломба салынады, сүргі соғылады және сақтауға беріледі, бұл туралы тiзiмдемеге белгi жасалады.
3. Сот орындаушысы тәркiленуге жататын және тiзiмдемеге алынған мүлiктi сақтауға қажеттi шаралар қолданады.
4. Сотталған адамның ортақ және бiрлескен меншiктегi үлесiн сот орындаушысының ұсынуы бойынша сот азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен айқындайды.
Ескерту. 79-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
80-бап. Тәркiленген мүлiктi уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру
1. Сотталған адамның тәркiленген мүлкiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған қойылатын барлық талаптар қанағаттандырылғаннан кейiн, оның ішінде тәркіленген мүлік есебінен жүргiзiледi. Тәркiленген мүлiк есебiнен қанағаттандыруға жататын наразылықтарға қатысты мемлекет оны өткізуден немесе одан әрi пайдаланудан алынған қаражат шегiнде жауап бередi.
2. Тәркiленген мүлiктi уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Ескерту. 80-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
81-бап. Үшiншi тұлғалардың тәркiлеуге жататын мүлiкке қатысты мiндеттерi
1. Өздерінде сот үкiмi бойынша тәркiленуге жататын мүліктің бар екендігі белгілі болған жеке және заңды тұлғалар бұл туралы сотқа немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлауға мiндеттi.
2. Көрсетілген мүлiктi жасырғаны, бүлдіргені немесе жымқырғаны үшін кiнәлiлер заңға сәйкес жауаптылыққа тартылады.
82-бап. Сот үкімі орындалғаннан кейiн анықталған мүлiктi тәркiлеу
Барлық мүлiктi тәркiлеу бөлiгiнде сот үкімі орындалғаннан кейін, бiрақ айыптау үкiмiн орындаудың заңмен белгiленген ескіру мерзiмдерi өткенге дейiн сотталған адамның сот үкiмі шығарылғанға дейiн немесе шығарылғаннан кейiн, тәркiленбеген, бірақ тәркiлеуге жататын қаражатқа сатып алған мүлкi табылған жағдайларда, үкiмді шығарған сот немесе үкiм орындалатын жердегі сот, егер мүлiкті заң бойынша тәркiлеу мүмкiн болса, сот орындаушысының ұсынуы бойынша табылған мүлiктi тәркiлеудi орындау туралы қаулы шығарады.
4-БӨЛІМ. СОТТАЛҒАНДАРДЫ ҚОҒАМНАН ОҚШАУЛАУМЕН БАЙЛАНЫСТЫ
ЖАЗАЛАРДЫ ОРЫНДАУ
Достарыңызбен бөлісу: |