Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексi 1-бап



бет1/56
Дата15.11.2023
өлшемі0,54 Mb.
#123457
түріКодекс
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   56

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексi


1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына негізделеді және осы Кодекстен, жазалар мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу тәртібі мен шарттарын белгілейтін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

2. Жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу тәртібі мен шарттарын белгілейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен сотталғандардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеулер, егер заңда бұл көзделмеген болса, белгілене алмайды.

3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың осы Кодекстің алдында басымдығы бар және халықаралық шарттан оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайларды қоспағанда, тікелей қолданылады.


2-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасының кеңiстiк пен уақыт тұрғысынан қолданылуы

1. Өздеріне қатысты жазалар немесе өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары Қазақстан Республикасының аумағында орындалатын сотталғандарға Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасы қолданылады.

2. Жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу, сотталғандарға түзеу құралдарын қолдану, сондай-ақ босатылатын сотталғандарға көмек көрсету оларды орындау кезінде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3-бап. Осы Кодексте қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру

Осы Кодексте қамтылатын ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:

1) жазаны орындайтын органдар – қамаққа алу түріндегі жазаны, сотталған адамды қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар;

2) жазаны өтеу режимі – осы Кодексте және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген жазаларды орындау және өтеу тәртібі;

3) қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган – қылмыстық-атқару қызметі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

4) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі (бұдан әрі – қылмыстық-атқару жүйесі) – қылмыстық жазалардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі атқарушылық және өкiмдік функцияларды жүзеге асыратын органдар мен мекемелер, сондай-ақ көрсетілген органдар мен мекемелердiң жұмыс істеуін қамтамасыз ететiн ұйымдар жүйесi;

5) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемесі (бұдан әрі – мекеме) – бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындауға арналған мемлекеттік мекеме;

6) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің уәкілетті органы (бұдан әрі – қылмыстық-атқару жүйесінің уәкілетті органы) – қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның өзінің құзыреті шегінде бақылау және (немесе) іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ведомствосы;

7) пробация – санаттары заңмен айқындалған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі;

8) пробация қызметі – қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауламай орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ пробацияны ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі жөніндегі атқарушылық және өкімдік функцияларды жүзеге асыратын қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің органы;

9) пробациялық бақылау – пробация қызметінің есебінде тұратын адамдардың өздеріне заңмен және сотпен жүктелген міндеттерін орындауына уәкілетті органдардың бақылауын жүзеге асыру жөніндегі қызметі;

10) сотталған адамды түзеу – сотталған адамның құқыққа бағынушылық мінез-құлқын, жеке басқа, қоғамға, еңбекке, қоғамдағы мінез-құлық нормаларына, қағидаларына және әдебіне жағымды көзқарасын қалыптастыру;

11) тергеу изоляторларының оқшауланған учаскелері – бас бостандығынан айыруға сотталғандарды, сондай-ақ қамаққа алуға сотталғандарды ұстауға арналған камералары бар тергеу изоляторларының үй-жайлары.

Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 30.12.2016 № 39-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


2-тарау. ЖАЗАЛАРДЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫҚПАЛ ЕТУ
ШАРАЛАРЫН ОРЫНДАУДЫҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ



4-бап. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңнамасының мақсаттары мен мiндеттерi

1. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңнамасының мақсаттары әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың да және өзге адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу болып табылады.

2. Көрсетілген мақсаттарға сәйкес:

1) жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындаудың және өтеудің тәртібі мен шарттарын реттеу;

2) сотталғандарды түзеу құралдарын айқындау;

3) сотталғандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;

4) сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңнамасының міндеттері болып табылады.

3. Жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау тән зардабын шектіруді немесе адами қадір-қасиетті қорлауды мақсат етпейді.


5-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасының қағидаттары

Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасы:

1) адам және азамат құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сақтау;

2) заңдылық;

3) ізгілік;

4) жазаларды орындау шарттарын саралау;

5) жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындауды даралау;

6) мәжбүрлеу шараларын ұтымды қолдану;

7) түзелуге ықпал етумен жазаны сабақтастыру;

8) сотталғандардың құқыққа бағынушылық және белсенді, қоғамға пайдалы мінез-құлқын ынталандыру қағидаттарына негізделеді.


6-бап. Жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау негіздері

Заңды күшіне енген сот үкімі немесе қаулысы, рақымшылық жасау және оны қолдану туралы акт, кешірім жасау туралы акт жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындауға негіз болып табылады.


7-бап. Сотталғандарды түзеудің негізгі құралдары

1. Мыналар:

1) жазаны өтеу режимі;

2) тәрбиелік ықпал ету;

3) жағымды әлеуметтік байланыстарды сақтап тұру;

4) қоғамға пайдалы еңбек;

5) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алуы;

6) қоғамдық ықпал ету сотталғандарды түзеудің негізгі құралдары болып табылады.

2. Сотталғандарды түзеу құралдары жазаның түрi, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты, қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, кiнә нысаны мен уәждерi, сотталған адамның жеке басы және жазаны өтеу кезіндегі оның мінез-құлқы ескеріле отырып қолданылады.
8-бап. Сотталғандарды түзеуге жұртшылықтың қатысуы

1. Сотталғандарды түзеуге қамқоршылық кеңестер мен қоғамдық байқау кеңестері, сотталғандардың ата-аналар комитеттері, кәсіптік одақтар, еңбек ұжымдары, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген қоғамдық бірлестіктер, діни бірлестіктер, қоғамдық қорлар мен қайырымдылық қорлары, саяси партиялар, басқа да ұйымдар, сондай-ақ азаматтар:

1) социологиялық және өзге де мониторингтер жүргізу;

2) қылмыстық-атқару қызметі саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және қоғамда талқылауға қатысу;

3) сотталғандарға гуманитарлық және қайырымдылық көмектерді іздестіруге, беруге, оның бөлінуіне және пайдаланылуын байқауға қатысу;

4) қылмыстық-атқару жүйесінің қызметін жетілдіруге және сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмекке бағытталған бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және іске асыру;

5) жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін нысандарда өзге де жәрдем көрсету арқылы қатыса алады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар сотталған адамның жеке өмірі туралы өздеріне мәлім болған мәліметтерді оның келісімінсіз жариялауға құқылы емес.

Көрсетілген талапты бұзу заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   56




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет