131-бап. Жазалау шаралары
1. Сотталғандарға жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн мынадай жазалау шаралары:
1) ескерту;
2) сөгiс;
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге тәртіптік изоляторға жабу;
5) төрт айға дейiнгi мерзiмге жалғыз адамдық камераларға ауыстыру қолданылады.
2. Жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеп жүрген сотталғандарға жатақханадан тыс жерде тұру құқығының күшiн жою және жұмыстан бос уақытта мекеме аумағының шегінен тыс жерге шығуға отыз тәулікке дейiнгі мерзiмге тыйым салу түрiндегi жазалау қолданылады.
3. Сотталған адамға қатысты жазалау шарасын қолдану туралы қаулының көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
Ескерту. 131-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
132-бап. Жазалау шараларын қолдану тәртібі
1. Сотталған адамға жазалау шараларын қолдану кезінде бұзушылықты жасаудың мән-жайы, сотталған адамның жеке басы және бұрынғы мінез-құлқы ескерiледi.
2. Қолданылатын жазалау теріс қылықтың ауырлығы мен сипатына сәйкес болуға тиiс.
3. Жазалау мекеменің лауазымды адамының уәжді қаулысымен, теріс қылық анықталған күннен бастап он тәуліктен кешіктірілмей, ал егер тексеру жүргізілсе – ол аяқталғаннан кейін, бірақ теріс қылық жасалған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
Тәртіптік изоляторда және жалғыз адамдық камерада ұстау мерзімі көрсетілген үй-жайларға нақты жабылған күннен бастап есептеледі.
4. Жазалау дереу орындалады, ал сотталған адам ауырған, ол этаппен жөнелтілген не оны орындау үшін жағдайлар болмаған кезде – қолданылған күнінен бастап бір айдан кешіктірілмей орындалады.
5. Бiр бұзушылық үшiн бiрнеше жазалау қолдануға тыйым салынады.
6. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
7. Сотталған адамды жалғыз адамдық камераға ауыстыру, оны тәртіптік изоляторға жабу жазалау мерзімі көрсетіліп, оларда ұстау мүмкіндігі тұрғысынан медициналық куәландырғаннан кейін жүргізіледі.
Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін алдыңғы бұзушылығы үшін тәртіптік изоляторға жабу түріндегі жазасы бар сотталған адамға қатысты ғана жалғыз адамдық камераға ауыстыру түріндегі жазалау шарасын қолдануға жол беріледі.
8. Мекеменің балалар үйiнде емiзулi балалары бар әйелдер, сондай-ақ жүктiлiгiне және босануына байланысты жұмыстан босатылған әйелдер және кәмелетке толмағандар жалғыз адамдық камераға ауыстырылмайды және тәртіптік изоляторға жабылмайды.
9. Тәртіптік изоляторға жабылған және жалғыз адамдық камераларға ауыстырылған сотталғандарға осы Кодексте көзделген барлық жазалау шаралары қолданылады.
10. Егер сотталған адам тәртiптiк жазалауды өтеген күннен бастап алты ай бойы жаңадан жазалауға тартылмайтын болса, ол жазасы жоқ деп есептеледі, ал жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылған – ондай деп есептелмейді.
Ескерту. 132-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |