Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
14-тарау. Көлiктегi қылмыстық құқық бұзушылықтар 350-бап. Темiр жол, әуе, теңіз немесе су көлiгi қозғалысы немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгiнiң ережелерiн бұзу 1. Темiр жол, әуе, теңiз немесе өзен жолы көлiгi қозғалысы немесе пайдалану ережелерiн орындайтын жұмысына немесе атқаратын қызметiне байланысты осы ережелердi сақтауға мiндеттi адамның осыларды бұзуы, егер осы әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірсе, не ірі зиян келтiруге әкеп соқса, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге жазаланады. 2. Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан дәл сол әрекеттер, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекеттер, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 351-бап. Көлiк құралдарын жүргiзушi адамдардың жол қозғалысы немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы 1. Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын жүргiзушi адамның жол қозғалысы немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы, абайсызда адамның денсаулығына орташа ауыр зиян келтiрсе, - екі жылға дейiнгi мерзiмге белгілi бiр лауазымдарда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерге түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiрген дәл сол әрекет, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгілi бiр лауазымдарда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет, - бес жылға дейiнгi мерзiмге белгілi бiр лауазымдарда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекет, - жеті жылға дейiнгi мерзiмге белгілi бiр лауазымдарда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.