Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
55-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар 1. Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады: а) қылмыстық құқық бұзушылықтарды әлденеше рет жасау, қылмыстардың қайталануы; б) қылмыстық құқық бұзушылықтар арқылы ауыр зардаптар келтiру; в) адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының, ұйымдасқан топтың, қылмыстық топтың құрамында қылмыстық құқық бұзушылық жасау; г) қылмыстық құқық бұзушылық жасағанда айрықша белсендi рөл атқару; д) айыпты үшiн психикасы бұзылуының ауыр түрiнен зардап шегетiнi алдын ала белгiлi адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту; е) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе араздық себебi бойынша, басқа адамдардың заңды iс-әрекетi үшiн кектенушiлiктен, сондай-ақ басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасау; ж) жүктiлiк жағдайы айыпкер үшiн алдын ала белгiлi әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не айыпкерге тәуелдi адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау; з) белгiлi бiр адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiби немесе қоғамдық борышын өтеуiне байланысты оған немесе оның туыстарына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау; и) аса қатыгездiкпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбiрленушiнi қинап қылмыстық құқық бұзушылық жасау; к) қару, оқ-дәрi, жарылғыш заттар, жарылғыш немесе оларды бейнелеушi құрылғылар, арнайы дайындалған техникалық құралдар, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтар, улы және радиоактивтi заттар, дәрiлiк және өзге де химиялық-фармакологиялық дәрi-дәрмектер пайдаланып, сондай-ақ күш көрсетiп немесе психикалық мәжбүрлеу не жалпы қауiптi әдiс қолданып қылмыстық құқық бұзушылық жасау; л) төтенше жағдай, төтенше ахуалдарда, сондай-ақ жаппай тәртiпсіздіктер барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасау; м) алкогольдiк, есiрткiлiк немесе уытқылық елiту жағдайында қылмыстық құқық бұзушылық жасау. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлататын деп танымауға құқылы; н) адамның өзi қабылдаған антын немесе кәсiби антын бұза отырып қылмыстық құқық бұзушылық жасауы; о) қылмыскердiң қызметтік жағдайына немесе шартқа байланысты өзiне көрсетiлген сенiмдi пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауы; п) өкiмет өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжатын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау; р) құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік орган қызметкерінің, судьяның өз қызмет жағдайын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауы. 2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көрсетiлген болса, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде қайталап ескерiлмеуi керек. 3. Жаза тағайындау кезiнде сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлмеген мән-жайларды ауырлатушы мән-жайлар деп тани алмайды.