Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
48-бап. Өлiм жазасы 1. Өлім жазасы - ату жазасы адамдардың қаза болуына ұштасқан террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтініш ету құқығы беріледі. 2. Өлiм жазасы он сегiз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жасқа толған еркектерге тағайындалмайды. 3. Қазақстан Республикасының Президенті өлім жазасын орындауға мораторий енгізген кезде, өлім жазасы туралы үкімді орындау мораторий қолданылған уақытта тоқтатыла тұрады. 4. Өлiм жазасы туралы үкiм ерте дегенде ол күшiне енген сәттен бастап бiр жылдан кейiн, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторидің күші жойылғаннан соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін орындалады. 5. Өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен өмір бойы бас бостандығынан айыруға немесе ерекше режимдегі түзеу колониясында жазасын өтей отырып, белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін. Өлім жазасына кесілген адамдардың, өлім жазасын орындауға мораторидің күші жойылған жағдайда, олардың мораторий енгізілгенге дейін өтініш бергеніне немесе бермегеніне қарамастан, кешірім жасау туралы өтініш беруге құқығы бар. 49-бап. Мүлiктi тәркiлеу 1. Мүлікті тәркілеу дегеніміз заңсыз жолмен сатып алынған мүліктің барлығын немесе бөлігін мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру. 2. Тәркілеуге мынадай заттар жатады: а) қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша, құндылықтар және өзге де мүлiк және заңды иесіне қайтарылуға тиіс мүлік пен табыстарды қоспағанда, осы мүліктен алынған кез келген табыс; б) ішінара немесе толықтай осындай табысқа айналдырылған немесе өзгертілген ақша, құндылықтар және өзге де мүлiк, қылмыстық құқық бұзушылықты жасау нәтижесінде алынған мүлік және осы мүліктен түскен табыс; в) экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыру үшін пайдаланылатын немесе арналатын ақша құндылықтар және өзге де мүлiк танылады. 3. Егер мүлікке кіретін, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде аталған белгілі бір заттты тәркілеу осы затты тәркілеу туралы сот шешімі қабылданған сәтте оның пайдаланылуы, сатылуы немесе өзге де себептер бойынша мүмкін болмаса, сот шешімі бойынша осы заттың құнына сәйкес келетін ақшалай сома тәркіленуге тиіс.