Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
7-бөлім. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары 91-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану негiздерi 1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын: а) есi дұрыс емес жағдайда осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi баптарда көзделген әрекеттердi жасаған; б) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн психикасы жазаны тағайындау немесе орындау мүмкiн емес болып бұзылған; в) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және есiнiң дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасының бұзылуынан зардап шегетiн; г) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және алкоголизмнен немесе нашақорлықтан не уытқұмарлықтан емдеуге мұқтаж деп танылған адамдарға тағайындауы мүмкiн. 2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының бұзылуы бұл адамдардың өзге елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiне не өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндiруiне байланысты жағдайларда ғана тағайындалады. 3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын орындаудың тәртiбi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқарушылық кодексiмен және денсаулық сақтау саласындағы заңнамасымен белгiленедi. 4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған және өзiнiң психикалық жағдайы бойынша қауiп келтiрмейтiн адамдар жөнiнде сот бұл адамдарды емдеу немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен психиатриялық-неврологиялық ұйымдарға жiберу туралы мәселенi шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына қажеттi материалдар жiбере алады. 92-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану мақсаттары Осы Кодекстiң 91-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарды емдеу немесе олардың психикалық жағдайын жақсарту, сондай-ақ олардың осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi баптарда көзделген жаңа әрекеттердi жасауын болғызбау медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың мақсаттары болып табылады.